Комиссия жұмысқа кірісті

Қаң 29, 2026

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрыл-тайдың бесінші отырысы барысында елімізді іргелі конституциялық реформа күтіп тұрғанын айтқан еді. Былтырғы Жолдауда айтылған бастама –  бірпалаталы Парламентке көшуге қатысты жарты жыл аралығында қызу талқылаулар болды. Ендігі ретте осы  және өзге де ұсыныстар Конституция-
лық реформа аясында қарастырылмақ.

Мемлекет басшысының Жарлығы бойынша елімізде Конституциялық реформа жөніндегі комиссия құрылды. Бұл консультативтік-кеңесші орган Конституцияны реформалау жөніндегі ұсыныстарды дайындаумен, оларды құқықтық және ұйымдастырушылық тұрғыдан пысықтаумен айналысады. Комиссия құрамына Парламент депутаттары, мәслихат төрағалары, қоғам қайраткерлері, орталық мемлекеттік органдардың жауапты лауазымды адамдары, БАҚ өкілдері, өңірлердің қоғамдық кеңестерінің, сараптамалық және ғылыми қоғамдастықтардың мүшелері, барлығы 100-ден астам адам бар. Олардың қатарында Павлодар облыстық мәслихатының төрағасы Теренченко, Павлодар қалалық мәслихатының депутаты, «Келешек» жастар кеңесінің жетекшісі Гүлзира Атабаева бар.

Комиссияға Конституциялық Соттың Төрағасы Эльвира Азимова жетекшілік етеді. Комиссия төрағасының орынбасарлары – Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин және Премьер-Министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева.

Алғашқы отырыс барысында қатысу-шылар ҚР Конституциясына өзгерістер енгізу бойынша негізгі ұсыныстарды егжей-тегжейлі қарастырды. Өткен жылдың қазан айынан бастап жаңа реформаны дайындау аясында азаматтардан, 7 саяси партиядан, 16 қоғамдық ұйымнан және түрлі салалардың сарапшыларынан 2 мыңнан астам ұсыныс түсті. Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин конституциялық реформаның негізгі ережелеріне тоқталды.

— Мемлекет басшысы «Еліміздің саяси жүйесінде Құрылтай атауын аса маңызды мемлекеттік институттың символы ретінде сақтап қалуымыз керек» деп нақты атап өтті.  Шын мәнінде, жаңа кезеңде жаңа өкілеттікке және ерекше атауға ие болған Құрылтай қазақ жеріндегі парламентаризмнің тамыры тереңде жатқанын аңғартады. Құрылтай депутаттарының саны 145-ті құрайды, кандидаттарға қойылатын талаптар өзгеріссіз қалады, толық пропорционалды сайлау жүйесі қолданылады, ал депутаттардың өкілеттік мерзімі бес жылды құрайды, — деді Ерлан Қарин.

Ал ҚР Президентінің құқықтық мәселелер жөніндегі көмекшісі Ерлан Жиенбаев Вице-Президент институтын енгізу, Халық Кеңесін құру мәселелеріне тоқталды. Олардың негізгі міндеттері, қызметтері мен маңызын егжей-тегжейлі түсіндірді.

Өз кезегінде комиссия мүшелері түрлі салаға қатысты ой-пікірлерін, ұсыныс-тарын ортаға салды. Айталық, Мәжіліс депутаты Унзила Шапақ ұлттық мемлекетті нығайту және республиканың идеологиялық бағытын айқындау үшін Конституцияның преамбуласын жаңартуды ұсынса, Қазақстан заңгерлер одағының төрағасы Серік Ақылбай Конституцияда дінді мемлекеттен бөлу туралы тікелей норманы бекітуге қатысты ойымен бөлісті. Сол сияқты республикалық адвокаттар алқасының төрағасы Мәди Мырзағараев соттың санкциясынсыз қамауда ұстау мерзімін 72 сағаттан 48 сағатқа дейін қысқарту қажеттігін атап өтті. Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев Конституцияда тек ер мен әйел арасындағы некені, Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов Конституцияда зияткерлік меншік пен шығармашылық бостандықты қорғау туралы нормаларды бекітуді көтерді.

Ал екінші отырыс барысында Ата заңға енгізуге ұсынылған түзетулер жан-жақты қаралды. Әділет министрі Ерлан Сәрсембаевтың айтуынша, түзетулердің жекелеген блогы болашақ бірпалаталы Парламент – Құрылтайдың қызметіне қатысты болады. Мысалы, төрағаны тағайындау тәртібі, депутаттық корпусты қалыптастыру және өзге де рәсімдік мәселелер регламенттеледі. Ал Сенат депутаты Нұрлан Бекназаров Конституцияға Халық кеңесінің өкілеттіктері туралы жеке бөлім енгізу оның айрықша маңызын айқындайтынына назар аударды.

Мәжіліс депутаты Снежанна Имашева ұсыныстар Қазақстанның конституциялық құрылысының негіздерін нақтылау мен нығайтуға, жекелеген нормалардың құқықтық айқындығын арттыруға және құқық қорғау тетіктерін күшейтуге бағытталғанын атап өтті.

Комиссияның үшінші отырысында да келелі мәселелер көтерілді. Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының жетекшісі Елнұр Бейсенбаев пропорци-оналды сайлау жүйесі мен партияішілік праймериздердің маңыздылығына назар аударды.

«Келешек» жастар кеңесінің жетекшісі Гүлзира Атабаева Конституцияға енгізілетін түзетулер білімнің зайырлы сипатын бекіту, дінді мемлекеттен бөліп көрсету және зияткерлік меншікті қорғауды күшейту, Қазақстанның жасанды интеллект дәуірінде дамуына үлес қосатынын атап өтті.

— Жастар үшін бұл мәселе абстрактілі емес, практикалық маңызы бар. Мектеп – тең мүмкіндіктер мен дәстүрлерге құрмет көрсетілетін кеңістік. Конституциядағы тікелей норма тәрбиелеу және білім беру жүйесі үшін айқын бағдар болады. Дінді мемлекеттен бөлу принципін нақты бекіту ұсынысы
да маңызды, — деді Гүлзира Атабаева.

Сонымен қатар, жеке деректерді қорғау, табиғатты қорғау бойынша жауапкершілікті күшейту, адвокатура статусын жеке институт ретінде бекіту және тағы басқа көптеген өзекті мәселелер сараланып, жан-жақты талқыланды. Олардың барлығы – әзірше тек ұсыныстар. Түпкілікті шешім жалпыхалықтық референдумда көпшіліктің дауыс беруімен қабылданады. Ал әзірше комиссия отырыстары барысында ұсыныс-тарды талқылау жалғасады. Мұндай жиындарды тікелей эфирде өтеді.

Әзірлеген – Қ.ТІЛЕКТЕСҚЫЗЫ.