Ата Заң – Қазақстан Республикасын демократиялық, зайырлы, құқықтық, әлеуметтік мемлекет ретінде және оның ең қымбат қазынасы – адам мен адам өмірі, құқықтары мен бостандықтарын айқындап берген заңды құжат. Конституцияның екінші бөлімінде елімізде тұратын халықтың құқығы толық жазылған. Қазір заң үстемдік еткен заманда әрбір адам өзінің құқығын білуі тиіс. Осы орайда, «Конституциялық құқығыңызды білесіз бе?» деген сауалды ортаға тастап, сала мамандары мен тұрғындардың ойын білген болатынбыз.
Әлия АСАНОВА, Павлодар қалалық Азаматтық істер жөніндегі сотының судьясы:
— Ақпараттық технология дамыған XXI ғасырда халықтың құқықтық сауаттылығы артып келеді. Тұрғындардың 60-70 пайызы Конституциядағы құқықтарын біледі деп айта аламын. Қызмет барысында көп жағдайда еңбек даулары, мұрагерлікті рәсімдеу, қарызды қайтару, алаяқтардың арбауына тап болған адамдардың мәселесін шешуге көмектесеміз. Тұрғындардың ішінде жұмыс берушімен келісімшарт жасамай қызметке қабылданатындар бар. Бірақ олар өз құқықтарын білмегеннен емес, салғырт қараудың салдарынан осы мәселеге мән бермейді. Жұмыс болса, болды деп жүре береді. Бұдан бөлек, ата-ана қайтыс болған кезде мұрагерлікті 6 айдың ішінде рәсімдеу керек. Уақыт жоғалтып алып, бұл мәселені сот арқылы шешетіндер көп. Сонымен қатар, еңбек өтілін анықтау кезінде құжатқа мөр қойылмай қалған жағдайлар да болады. Үй ішінде жөндеу жұмысын жүргізген кезде де қызмет ұсынушымен келісімшарт жасамай, сан соғып қалатын адамдар кездеседі. Өкініштісі, алаяқтардың арбауына түсіп, танымайтын адамға ақша аударатындар да көбейді. Мұндай жағдайда сот арқылы алаяқты анықтап, барлық қарызды өндіріп аламыз. Тұрғындардан бөтен, танымайтын адамдардан қоңырау қабылдамауды, жеке мәліметтерді айтпауын сұраймын. Сонымен қатар, құжат мәселесіне өте тиянақты болуды ескертемін.
Әлия ҚУАНДЫҚОВА, жеке сот орындаушысы:
— Қазіргі уақытта тұрғын-дардың бәрі Конституциялық құқықты өте жақсы біледі деп айта алмаймын. Өйткені әр адам белгілі бір жағдайға тап болмай, сол мәселені егжей-тегжейлі білмейді. Сот орындаушысы болғаннан кейін түрлі мәселелерді қараймын. Мәселен, ажырасу, айыппұл, салық, мемлекеттік баж салығын төлеуді орындату бойынша істер көп келеді. Шағын несие мекемелерінен де арыз жиі түседі.
Барлық тұрғынның құқықтық сауаттылығы жоғары деңгейде емес. Себебі кез келген заңды қарапайым адам оқыса да, дұрыс түсіне алмайды. Заңдағы баптарды сала мамандары ғана тез ұғады. Ал халыққа тек қарапайым тілмен жеткізе білу керек. Қызмет барысында алдымызға келген адамдарға заң бойынша әрекет ету тәсілдерін жай сөзбен түсіндіріп беремін. Кейде бірнеше баптың тек бір-екеуін дұрыс қабылдай алатын адамдар бар. Сондықтан әр адам заң баптарын толық меңгеруге міндетті емес. Бастысы, сала мамандары жағдайды түсіндіріп, заңды қарапайым тілмен жеткізе білуі керек. Сонымен қатар, бұқаралық ақпарат құралдарында да заң нормалары түсінікті берілуі тиіс.
Әміржан БАҚЫТЖАНҰЛЫ, Павлодар қаласының тұрғыны:
— Қазіргі жастар өз құқықтарын жақсы біледі. Білмесе де, қандай жағдайда заң аясында қалай әрекет етуді ғаламтордан оқып біле алады. Әлеуметтік желілерде құқықтық сауаттылықты арттыруға көмектесетін заңгерлер де бар. Өз басым Конституцияның әр бабын толық білемін деп айта алмаймын. Бірақ күнделікті өмірге қажетті деген талаптарды жақсы білемін. Мәселен, еліміздегі әр адам тегін орта білім алуға, тегін медициналық тексерістерден өтуге құқылы. Сонымен қатар, ер азаматтар Отан алдындағы борышын өтеуге, әрбір бала ата-анасына қамқорлық жасауға міндетті. Өзге ұлт өкілдері Қазақстанда өмір сүру арқылы өз тілінде сөйлеп, өз дінін ұстана алады. Барлық адам тең құқылы. Ешкімнің ешкімге зәбір көрсетуге, әлімжеттік жасауға құқы жоқ. Мұндай қарапайым ережелерді мектеп кезінен білемін.
Қазіргі заңдардың қолданысқа енбей тұрып, әлеуметтік желіде қызу талқыланатыны да адамдардың құқықтық сауаттылығын арттырады. Тұрғындар елімізде қабылданып жатқан заңдағы өзекті талаптарды тез түсініп алады. Сондықтан жұртшылық құқық мәселесінде білімсіз деп айта алмаймын.
«Сауалнаманы» жүргізген – Айдана ҚУАНЫШЕВА.