Облыс орталығында конституциялық өзгерістерге арналған келелі жиын ұйымдастырылды. Оған «AMANAT» партиясының облыстық филиалының өкілдері, кәсіпкерлер, қоғамдық кеңес мүшелері мен белсенді азаматтар қатысып, ел дамуына бағытталған бастамалар төңірегінде пікір алмасты. Кездесу барысында ұсынылып отырған түзетулердің мазмұны мен олардың қоғам өміріндегі рөлі жан-жақты сөз болды.
Жиында «AMANAT» партиясы облыстық филиалының төрағасы Асылбек Туғанбай алдағы саяси өзгерістердің маңыздылығына тоқталды. Оның айтуынша, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған бастамалар аясында құрылған Конституциялық комиссия ауқымды әрі жүйелі жұмыстар атқаруда. Комиссия құрамына өңір өкілдерінің енгізілуі реформалардың халық пікіріне сүйеніп жүзеге асып жатқанын аңғартады.
– Ата Заң – мемлекеттің даму бағдарын айқындайтын негізгі құқықтық құжат. Ұсынылып отырған өзгерістер экономиканы өркендетуге, кәсіпкерлікке қолайлы орта қалыптастыруға, әлеуметтік кепілдіктерді күшейтуге және азаматтардың құқықтарын қорғауды жетілдіруге бағытталған. Бұл бастамалар ел өмірінің барлық саласын қамтиды, – деді сөзінде ол.
Кездесу барысында қатысушылар реформалардың түпкі мақсаты – әділет қағидаттарына негізделген, ашық әрі халық мүддесіне қызмет ететін мемлекет құру екенін атап өтті. Азаматтардың шешім қабылдау үдерісіне қатысу мүмкіндігін кеңейту, заң үстемдігін орнықтыру және мемлекеттік органдардың жауапкершілігін арттыру мәселелері де назардан тыс қалмады.
Конституциялық комиссия мүшесі, облыстық мәслихат төрағасы Илья Теренченко ұсынылған түзетулердің ауқымына тоқталып өтті. Оның айтуынша, жоба шеңберінде 77-бапқа өзгеріс енгізу қарастырылған. Бұл — қолданыстағы мәтіннің 84 пайызына жуық.
– Негізгі назар адамға аударылып отыр. Оның құқықтары мен бостандықтары, ар-намысы мен қадір-қасиеті басты құндылық ретінде бекітіледі. Бұл өзгерістер саяси жүйені жетілдіруге, билік тармақтары арасындағы тепе-теңдікті нығайтуға және қоғам сенімін арттыруға мүмкіндік береді, – деді И.Теренченко.
Жиында қатысушылар реформалардың экономикалық белсенділікке серпін беріп, әлеуметтік тұрақтылықты күшейтетініне де сенім білдірді. Әсіресе, шағын және орта бизнесті дамыту, инвестициялық тартымдылықты арттыру, әлеуметтік әділдікті қамтамасыз ету бағыттары кеңінен талқыланды. Сонымен қатар, азаматтық қоғам институттарының ықпалын күшейту қажеттігі де айтылды.
Жиын соңында қатысушылар конституциялық өзгерістер елдің ұзақ мерзімді дамуына негіз болатынын алға тартты.
Айдана БОРАНБАЕВА.
