Көрсеткіштерді еселейді

Нау 7, 2025

Таяуда облыс әкімі Асайын Байханов жұмыс сапарымен Қытайға барды. Аймақ басшысы бұл елдегі «Алты аңғар» өнеркәсіптік паркінде болып, мұндағы өндіріс барысымен танысты.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлағандай, Асайын Қуандықұлы Қытайдың Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданының Үрімші қаласындағы «East Hope Group» компаниясының «Алты аңғар» өнеркәсіптік паркінде болды. Поликремний, графит және электролиттік алюминийді әлемдік деңгейде өндіретін Аталмыш компания 2010 жылдан бастап Гоби шөлінде интеграцияланған төмен көміртекті өнеркәсіп паркін салуға шамамен 12 млрд доллар инвестиция құйды. Нысанда 11 мың адам жұмыс істейді.

Сапар барысында Асайын Байханов «East Hope Group» бас директоры Мэн Чанцзюнь мырзамен кездесті. Кездесуде тараптар алюминий өндірісінің, көмір, жел электр станциясының бірқатар ірі жобаларын кезең-кезеңімен іске асыруды, Павлодар облысында көмір химиясын дамыту мүмкіндігін талқылады. Бұл жобаларға салынатын инвестициялардың жалпы көлемі шамамен 5 млрд АҚШ долларын құрауы мүмкін. Нәтижесінде 4 мыңнан астам жұмыс орны ашылады. Осындай ауқымды көмір-химиялық кластерді іске асыру экономикалық өсу көрсеткіштерін екі есе арттырып, дайын өнімнің экспортын бірнеше есе ұлғайтуға және барлық деңгейдегі бюджеттерге түсетін салық көлемін едәуір көбейтуге мүмкіндік береді.

Қытай – аймағымыздың ең ірі сауда серіктесі. Бүгінгі таңда өңірдің сыртқы сауда көлемінің 54 пайызы дәл осы мемлекетке тиесілі. Бұл ретте аталмыш көрсеткіш 2024 жылдың қорытындысы бойынша 14,2 пайызға өскенін де атап өту керек.

Қ.ТІЛЕКТЕСҚЫЗЫ.

Суреттерді түсірген — Валерий Бугаев.