Ағымдағы жылдың алғашқы тоқсанында өңірдің әлеуметтік-экономикалық саласында оң өзгерістерге қол жеткен. Нәтижесінде, облысымыз барлық базалық макро көрсеткіштер бойынша республикалық бөліністе бесінші орыннан көрінуде. Десе де, бірнеше өңірде инвестиция тарту, өнеркәсіп және тұрғын үй саласының тұралап тұрғаны байқалуда. Оған не себеп? Орын алған олқылықты жоюдың жолы қандай? Бұл мәселелер бұрнағы күні аппараттық жиында жан-жақты талқыланды.
Олқылықтар жойыла ма?
Аймақ басшысы Асайын Байхановтың төрағалық етуімен өткен алқалы жиында алдымен әлеуметтік-экономикалық салада атқарылып жатқан жұмыс жайы талқыланды. Бұл жөнінде баяндаған облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Ирина Назарчук осы жылдың бірінші тоқсанын қорытындылап, жеткен жетістіктер мен жетілдіруді қажет ететін салаларға тоқталды.
— Өңір экономикасына 143 млрд теңге көлемінде инвестиция тартылды. Оның ішінде ауыл шаруашылығы саласы 37,2 млрд теңге, құрылыс жұмыстарының көлемі 33 млрд теңгені құрады. Бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,3 есеге көп. Сонымен қатар, барлығы 54 мың шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілді. Ішкі сауда — 22 пайыз, бөлшек сауда айналымы – 2 пайыз, көтерме сауда 41 пайызды құрады. Көлік секторындағы қызметтер көлемі 19 пайызға өсті. Облыс өңірлері бөлінісінде барлық индикаторлар бойынша Екібастұз қаласы және Баянауыл, Май, Успен, Шарбақты ауданында оң көрсеткіш байқалады. Ал Павлодар, Ақсу қалалары мен Ақтоғай, Тереңкөл, Аққулы, Павлодар аудандарында өнеркәсіп, инвестициялар тарту және тұрғын үй салаларында теріс динамика тіркелді, — деп атап өтті басқарма басшысы.
Облыс басшысы өңір әкімдерінің басты міндеттерінің бірі — инвестицияларды тарту екенін айтып, бұл бағыттағы көрсеткіштердің көңіл көншітпеуінің себебін түсіндіруді талап етті.
Ақсу қаласының әкімі Болатбек Шәріпов аталған жағдайға ірі жобалардың болмауы кері әсерін тигізгенін мәлімдеп, мәселені шешу үшін инвесторлармен келіссөздер жүргізіліп жатқанын жеткізді. Оның айтуынша, алдағы уақытта Ақсуда 4 ірі жоба жүзеге асады деп жоспарлануда.
Ал Аққулы ауданының әкімі Руслан Мұқанов қаржының қолбайлау болуына байланысты бірінші тоқсанда бірнеше шаруа қожалықтарына қажетті құрал-жабдықтар сатып алынбағандықтан көрсеткіш төмендеп кеткенін алға тартты. Сондай-ақ, ол аталған жоба ағымдағы жылдың екінші тоқсанында жүзеге асатынын айтып, көп кешікпей көрсеткіштің ойдағыдай орындалатынын мәлім етті.
Асайын Байханов екінші тоқсанда бұл бағыттағы жұмыстарды ширатып, жауапты сала өкілдеріне жағдайды бақылауда ұстауды тапсырды.
Аппараттық жиында Железин ауданында өнеркәсіп саласының даму көрсеткіштері күрт төмендеп кеткені де сынға алынды. Аталған аудан әкімі Айтуған Шайхимов бұл жағдайдың себеп-салдарын түсіндіріп, алдағы жартыжылдықта көрсеткіштер толық орындалатынына сөз берді.
Бұдан кейін облыстық қаржы басқармасының басшысы Жеңіс Шақатов сөз алып, бюджеттің орындалуы туралы баяндама жасады. Оның сөзіне қарағанда, 2025 жылдың 1 сәуіріндегі жағдай бойынша өңірлік бюджеттің кірістері 102,2 млрд теңгені құраған. Жоспар артығымен орындалған. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда түсімдер көлемі 11 млрд теңгені құрап, 112 пайыз орындалған екен.
— Кірістердің өсуі жеке табыс салығы бойынша – 3,2 млрд, акциздер – 2,5 млрд, әлеуметтік салық – 2,1 млрд, корпоративтік табыс салығы 1,5 млрд теңгені құрады. Облыс бюджетінің шығыстары 129,2 млрд теңге деп жоспарланып, 128,9 млрд теңгесі игерілді. Сонымен, 1 сәуірдегі атқарылмаған қаражат қалдығының мөлшері — 294,6 млн теңге. Қаңтар-сәуір айларында кірістер бойынша күтілетін нәтиже 100,4 пайызды құрайды деп жоспарлануда, — деді Жеңіс Шақатов.
Қандай қауіп бар?
Аппараттық жиында өңірлік Жұмыспен қамту картасын іске асыру барысы да талқыланып, алдағы жоба-жоспарлар қаралды. Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының міндетін атқарушы Самал Қадырованың айтуынша, ағымдағы жылы мемлекеттік және жеке жобалар шеңберінде 25,5 мың жұмыс орнын құру жоспарланған. Оның ішінде 18,6 мың тұрақты жұмыс орны бар.
— Жоспар бойынша 154 инфра-құрылымдық жобаға 1273 адам тартылады, ал субсидияланатын жұмыс орындарына 5976 адам орналастырылады деп көзделуде. Сонымен қатар, «10 мың тұрғынға 100 жұмыс орны» бастамасы аясында 7436 адам, «Ауыл аманаты» жобасы бойынша 322 тұрақты жұмыс орнын құру жоспарланған. Бұдан бөлек, кәсіпкерлерді қолдау мақсатында бизнес-идеяларды іске асыру үшін 400 айлық есептік көрсеткіш көлемінде 406 грант берілетін болады. Ал бос жұмыс орындарына орналасу шараларымен 9958 адам қамтылмақ. Жалпы, ағымдағы жылдың 16 сәуіріндегі жағдай бойынша 5 671 азамат жұмысқа орналастырылды. Яғни, жоспардың 22,2 пайызы орындалды, — деді Самал Қанатқызы. Оның айтуынша, мәселе де жоқ емес. Атап айтқанда, жұмыспен қамтылған 5671 адамның 72,7 пайызында ғана міндетті зейнетақы жарналары мен электронды келісімшарттары бар екендігі портал арқылы анықталған. Сондай-ақ, «10 мың тұрғынға 100 жұмыс орнын құру» жобасының орындалу көрсеткіші небары 6,5 пайызды ғана құрап отыр. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 784 жұмыс орнына төмен көрінеді.
— Тәжірибеде көрсеткендей, осы бастама бойынша жұмыс орындарының 60-65 пайызы екінші жартыжылдықта құрылады. Алайда көрсеткіштің орындалмау қаупі бар. Бүгінгі таңда тек Павлодар қаласы мен Ертіс ауданы ғана облыстық көрсеткіштен жоғары, ал Аққулы, Тереңкөл және Май аудандарында төмен көрсеткіш байқалады, — деп атап өтті баяндамашы.
Облыс әкімі бірінші тоқсан қорытындысы бойынша тұрғындарды жұмыспен қамтуда төмен көрсеткіш көрсеткен аудан басшыларына қатаң ескерту жасады.
– «10 мың тұрғынға 100 жаңа жұмыс орнын құру» бастамасы – Мемлекет басшының барлық деңгейдегі әкімдердің алдына қойған тікелей тапсырмасы. Оны орындамау әкімдер жұмыстарының іс жүзінде мүлдем жоқтығын білдіреді. Алайда Май, Аққулы, Тереңкөл аудандарында бұл көрсеткіш өз деңгейінде орындалмаған. Әрине, бірінші тоқсан — жылдың басы деп созып, арқаны кеңге салып, «ауырдың үстімен, жеңілдің астымен» жүрмеңіздер. Ертеңгі күні көрсеткіш орындалмайтын болса, сіздерді қатаң жауапкершілікке тартамыз. Осыны бірден ескертемін. Өңірлік жұмыспен қамту картасының орындалуын жеке бақылауға алып, барынша жаңа жұмыс орындарын ашуды тапсырамын, — деді Асайын Байханов. Сондай-ақ, ол жақын арада бірқатар көрсеткіштері төмен Железин, Ертіс, Ақтоғай аудандарына жұмыс сапарымен барып, арнайы жиын өткізіп, жауапты бөлім басшыларының есебін тыңдайтынын атап өтті.
Сөз соңында басқарма басшысының міндетін атқарушы Самал Қадырова ағымдағы жылдан бастап жұмысқа орналасу мониторингі ақпараттық жүйелер арқылы жүзеге асатынын айтып, жұмыс берушілерден осы бағыттағы белгіленген талаптарды бұлжытпай орындауды сұрады. Сонымен қатар, ол қалалар мен аудандардың әкімдіктері 2025 жылы жоспарлы көрсеткіштерге жету үшін қолда бар жұмыс орындарын сақтап, инвестиция тарту арқылы жаңа жұмыс орындарын құруға бар күштерін салу қажеттігін тілге тиек етті.
Нұржайна ШОДЫР.