Photo Valeriy BUGAYEV

Естай атындағы Павлодар қалалық мәдениет сарайында облыс әкімі Асайын Байханов шаһар тұрғындарымен кездесті. Аймақ басшысы облыс орталығының әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындыларын атап, алдағы жылдарға арналған жоба-жоспарларымен бөлісті.

Алқалы жиында аймақ басшысы алдымен өңірді дамытудың перспективалық қадамдарына тоқталып, тұрғындар үшін өзекті саналатын ауызсумен қамту, құрылыс саласы, инфрақұрылым желілерін тарту, қоғамдық көлік мәселелерін тізбектеді. Сондай-ақ, кездесу барысында облыс орталығында осы кезеңге дейін атқарылған жұмыстар сараланып, қалалықтарды мазалаған маңызды мәселелер қаралды.

Облыс әкімінің айтуынша, 2024 жылы облыс орталығындағы 13 көшенің 33,5 шақырым жолының асфальт жабыны жаңартылды. Сонымен қатар, «Горторг» шағын ауданындағы жеке сектордың 9 көшесінің 6,8 шақырымды құрайтын қара жолына асфальт төселді. Биыл қаладағы 14 көшенің 44 шақырым жолына, сондай-ақ, «Элеватор» және «МДС» шағын аудандарының жеке сокторындағы 22 көшенің 17,2 шақырым жолына асфальт төсеу көзделген. Бұдан басқа, Шарбақты көпірі ауданындағы автодромға күрделі жөндеу жүргізілмек.

— Магистральдық көшелерді жөндеуден басқа, соңғы жылдары жеке сектор мен әлеуметтік нысандарға да көп көңіл бөлінуде. Былтырғы жылы жазда 80 аула ішіндегі аумақтар мен өтпе жолдарға асфальт төселді. Сондай-ақ, 20 мектеп пен 3 денсаулық сақтау нысанының ауласындағы асфальт жабыны жаңартылды. Ағымдағы жылы бұл бағытта 107 аула, 13 мектеп және 3 аурухананы қамту жоспарлануда. Бүгінгі күні қала тұрғындарының демалысына қолайлы жағдай жасау үшін 108 балалар алаңы, 30 стритворкаут, 30 стритбол алаңы және жасанды жабыны бар 12 жаңа шағын футбол алаңы орнатылды. Ал 2025 жылы 50 ойын және 60 стритбол алаңын, 55 стритворкаут, 85 күштік тренажерларды, 10 шахмат үстелін және 25 шағын футбол алаңын орнату жоспарланған. Қалалықтар үшін демалыс орындары, табиғи аумақтар да жақсартылуда. Былтыр 8 шағын сквер мен бір құрғақ субұрқақты абаттандыру жұмыстары аяқталды. Жаңартылған «Зеленая роща» шаңғы орталығы өз жұмысын бастады, шаңғы трассасы жөнделді, бұл республикалық және халықаралық жарыстарды өткізуге мүмкіндік береді, — деді А.Байханов.

Сонымен қатар, аймақ басшысының айтуынша, 2025 жылы 17 шағын сквер абаттандырылады, қаланың «Орталық» скверіне ағымдағы жөндеу жүргізіледі, «Усолка» эко-саябағы қалпына келтіріліп, Усолка шағын ауданындағы «Ертіс» шаңғы базасы мен Өзен вокзалын қосатын жаяу жүргіншілер көпірінің құрылысы басталады. Бұдан басқа, облыс әкімі 2 жыл ішінде қаладағы қоғамдық көліктердің жылжымалы құрамы жаңартылғанын жеткізді.

— Қаланың автокәсіпорындары 169 заманауи автобуспен толықты, оның ішінде биыл 71 автобус сатып алынды. 2025 жылы тағы 35 жаңа автобус жеткізіледі деп күтілуде, сол арқылы Павлодарда барлық ескі автобустар заманауи қоғамдық көлікке ауыстырылады. Сондай-ақ, жергілікті тұрғындардың жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында былтыр «KazMinerals» компаниясының демеушілік қаражаты есебінен теміржол вокзалына күрделі жөндеу жүргізілді. Онымен қоса, өздеріңізге белгілі «Алюминстройдағы» ескі үйлердің барлық тұрғындары жаңа пәтерлерге қоныстанды. Қазіргі таңда «Достық» шағын ауданының құрылысы жалғасуда. Мұнда келесі жылы 7 тұрғын үйдің құрылысы аяқталады. 2024 жылы мемле-кеттік бағдарламаларды іске асыру аясында ЖАО кезекте тұрған 964 адамға жаңа баспана берілді, — деп толықтырды ол. Кездесу барысында облыс әкімі былтыр Қамзин көшесі бойындағы «ТМ-13» жылу магистралінің құрылысы аяқталғанын айтып, оның іске қосылуының арқасында 70 мыңнан астам адам тұратын 230 көпқабатты тұрғын үйдің жылу режимі жақсарғанын жеткізді. Сонымен қатар, жалпы ұзындығы 1,8 шақырымды құрайтын жылу желілерінің 9 учаскесіне жоспарлы күрделі жөндеу жүргізілді.

— Магистральдық су құбырларын да ауқымды реконструкциялау жалғасуда. Қазіргі уақытта диаметрі 1.200 мм болатын 4,6 шақырым жаңа су құбырының құрылысы басталды. Бұл жұмыстар биыл аяқталады. Тұрғындардан қаланың шағын аудандарында электр қуатының жиі сөніп қалатыны туралы шағымдар жиі келіп түсті. Сондықтан, электр желілеріндегі апаттарды азайту үшін 2024 жылы 148,2 км әуе желілері, 35,2 км кабель желілері жөнделді, 60 толық трансформаторлық қосалқы станцияда және 126 трансформаторлық қосалқы станцияларда жөндеу жүргізілді. Сондай-ақ, инвестициялық бағдарлама аясында 60 жылға жуық жұмыс істеген ескі станцияға қарағанда екі есе қуатты солтүстік қалалық қосалқы станцияның құрылысы аяқталды. Жаңа қосалқы станция қаланың солтүстік-шығыс бөлігіндегі тұтынушыларды сапалы электр қуатымен қамтамасыз етуге және жаңа нысандарды электрмен жабдықтау үшін қосымша электр қуатын алуға мүмкіндік береді, — деді облыс әкімі.

Бұдан басқа, аймақ басшысы өңірдің тұрақты дамуы үшін инвестициялық әлеуетті арттыру қажеттігін де ерекше атап өтті. Павлодар өнеркәсіптік өндіріс көлемі, құрылыс жұмыстары және инвестиция тарту бойынша еліміздің облыс орталықтары арасында үздік бестіктің қатарында.

— Соңғы екі жылда инвестиция көлемі жарты триллион теңгеден асты, 1500-ден астам кәсіпкерге қолдау көрсетілді. Нәтижесінде 37 жаңа инвестициялық жоба іске асырылды. Одан бөлек, әлеуметтік саланың маңызды бағыттарына да көп көңіл бөлініп отыр. 2024 жылы жалпы сомасы 1,8 млрд теңгеге
12 мектеп жөнделді. 2025 жылы 1,1 млрд теңгеге 5 мектеп пен 5 балабақшаны жөндеу жоспарлануда. Қосымша білім алу үшін жағдай жасау мақсатында жақында екінші Павлодарда тұратын 18 мың балаға арналған «Алтын сақа» жаңа инновациялық орталығы ашылды, — деді аймақ басшысы.

Сонымен қатар, Асайын Байханов келесі жылы іске асырылатын ауқымды жобалар туралы айтты. Мәселен, облыс орталығындағы Лермонтов көшесі мен Ертіс жағалауын абаттандыру бойынша екі ауқымды жоба жүзеге аспақ.

— Өңірдегі алғашқы заманауи қоқыс сұрыптау кешенінің құрылысы басталады. Кәсіпорынды 2025 жылдың соңына дейін іске қосу жоспарлануда. Ел Президентінің бастамасымен «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында келесі жылы 1800 орындық екі жаңа мектеп пайдалануға беріледі. Сондай-ақ, облыс орталығында мұз сарайы мен көркем гимнастика орталығының құрылысы басталады, — деді ол.

Басқосу соңында облыс әкімі қала тұрғындарының сауалдарына жауап берді. Қала азаматтары қоғамдық көлік, ономастика, жол сапасын жақсарту, ауызсу желілерін тарту және денсаулық сақтау саласына қатысты көкейкесті сауалдарын жолдады. Мәселен, қала тұрғындарының бірі Сарыарқа шағын ауданында мешіт салуға жер бөлу туралы өтініш білдірді. Бұл ретте аймақ басшысы аталған шағын ауданда мешіт салатын жер жоқ, дегенмен, аталған шағын ауданнан алыс емес Қамзин көшесінен бір орын табылғанын жеткізді. Бүгінгі таңда «Достық» шағын ауданында да мешіт салу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Ол үшін жер учаскесі мен жомарт жүректі демеушілер де табылған. Сметалық құжаттама және жоба мемлекеттік сараптамадан өткен соң құрылыс жұмыстары қолға алынады. Сондай-ақ, кездесу барысында Теміржолшылар кентінің тұрғындары аталған елді мекенге шағын балабақша салуды және техникалық су тартуды өтінсе, қала тұрғындарының бірі №5 емханаға күрделі жөндеу қажет екенін айтты.

– Облысымызда ескі емханалар жеткілікті. Кардиологиялық орталық және онкологиялық диспансер күрделі жөндеуді қажет етеді. Бірінші кезекте қалалық №1 емхананың толықтай жөндеу жұмыстарын биыл сәуір айында аяқтау көзделіп отыр. Бұл жұмыс аяқталғаннан кейін балалар емханасы мен №5 емхананы қолға аламыз, – деді облыс әкімі.

Естеріңізге сала кетейік, былтыр күзде аяқталуы тиіс Павлодардағы №1 аурухананың жөндеу жұмыстары биылғы жылға шегерілді. Облыс орталығындағы жеті қабатты, үш блогы бар ең үлкен аурухананы жөндеп, жабдықтар алуға 2021 жылы 12 млрд теңгеден астам қаржы бөлінген.

Бұдан бөлек, кездесуде қала тұрғындары Естай атындағы мәде-ниет сарайына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу, жергілікті басқарма басшыларымен байланыс орнату, білім беру мекемелерін жаңғырту мәселелерін тілге тиек етіп, облыс бойынша атқарылған жұмыстар үшін алғыс білдірді. Аймақ басшысы жергілікті тұрғындардың өтініш-тілектерін тыңдап, айтылған барлық мәселе жіті бақылауында болатынын, заң аясында шешімін табатынын айтты.

Алтынбек МҰҚЫШЕВ.

Суреттерді түсірген – Есенжол Исабек.