Көше келбеті өзгермек

Шіл 24, 2025

Павлодар қаласының Лермонтов көшесіндегі реновациялау жұмыстары жалғасуда. Жалпы ұзындығы 2,2 шақырымды құрайды. Жоба кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда.

Атқарылып жатқан жұмыстардың барысын жуырда Павлодар қаласының әкімі Хасар Хабылбеков тексерді.

– Жоба кезең-кезеңімен іске асырылуда. Өткен жылы Набережная көшесінен Ак.Сәтбаев көшесіне дейінгі бөлігі аяқталды. Қазіргі уақытта жұмыстар Ак.Сәтбаев көшесінен Назарбаев даңғылына дейін жүргізілуде, – деп жазды шаһар басшысы әлеуметтік желіде.

Бүгінде электр желілерін тарту және суару жүйесін орнату жұмыстары аяқталып қалды. Мердігердің айтуынша, көшедегі жарықтандыру желілердің 80 пайызы дайын, ал суару жүйелері мен техникалық су құбырлары толығымен тартылған. Тамыз айының басына дейін барлық инженерлік желіні толық аяқтау жоспарланып отыр.

– Жақын уақытта веложолдарға асфальт төсеу мен көгалдандыру жұмыстары басталады. Жеті спорт алаңына арналған орындар дайындалды. Барлық кіші сәулет нысаны жеткізілді. Орнатуға дайын тұр, – деп атап өтті Х.Хабылбеков.

Қала әкімі жұмыстың қарқынын арттыру қажеттігін атап өтіп, мердігерлерге асфальт төсеу және көгалдандыру жұмыстарының тамыз айында аяқталуын тапсырды.

Өз тілшіміз.