Таяуда Павлодар облысында Парламент Мәжілісі Қаржы және бюджет комитетінің «Бюджетпен қамтамасыз етілуді теңестіру және өңірдің салық әлеуетінің өсуін ынталандыру» тақырыбында көшпелі отырыс өтті. Оның барысында депутаттар мен жергілікті билік өкілдері мемлекеттік қазына қаржысын тиімді жұмсау жолдарын талқылады.
Отырысқа Қаржы және бюджет комитетінің хатшысы Мұрат Ергешбаев пен комитет мүшелері, Ұлттық экономика вице-министрі Азамат Әмрин, облыс әкімі аппаратының басшысы Дидар Ибраев, облыстық мәслихат төрағасы Илья Теренченко, қалалық және аудандық мәслихаттардың төрағалары, қалалар мен аудандар әкімдерінің орынбасарлары, облыстық басқармалардың, қоғамдық кеңестің басшылары қатысты.
Жиын барысында Ұлттық экономика вице-министрі Азамат Әмрин, облыс әкімі аппаратының басшысы Дидар Ибраев, мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Ержан Тоқтарханов бюджетпен қамтамасыз етілуді теңестіру және өңірдің салық әлеуетінің өсуін ынталандыру, бюджетаралық қатынастар, осы саладағы реформалардың Павлодар облысында іске асу барысына қатысты баяндама жасап, тәжірибемен бөлісті.
Кеңеске қатысушылар бюджетаралық қатынастарды жетілдіру призмасы арқылы бюджеттік қамтамасыз етілуді теңестіру және өңірлерде халықтың өмір сүру сапасын жақсарту мақсатында салықтық әлеуеттің өсуін ынталандыру мәселелеріне қатысты да ой қозғады.
Сонымен қатар, депутаттар біздің өңірге жұмыс сапары барысында аймақ басшысы Асайын Байхановпен кездесті. Облыс әкімі өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы ақпаратпен бөлісіп, өнеркәсіп, энергетика, ауыл шаруашылығы және тұрғын үй құрылысы саласындағы өсудің оң серпіні туралы айтты.
Комитет өкілдері коммуналдық, әлеуметтік және тұрғын үй бағытындағы бірқатар нысанға да барды. Атап айтқанда, Екібастұз қаласындағы жылу-электр орталығындағы қазандық агрегаттарының №1, №3 жылу магистраль желілерінің жөндеу барысымен танысып, облыс орталығындағы «Достық» шағын ауданында салынып жатқан мектептің құрылыс алаңында болып, №1 қалалық аурухананы қайта жаңарту жұмыстарын байқады.
Кеңес қатысушылары сапар барысында Павлодар қаласына қарасты Кенжекөл ауылдық округі жергілікті қауымдастығы өкілдерімен кездесіп, жергілікті өзін-өзі басқару, төртінші деңгейлі бюжет мәселелерін талқылады.
Көшпелі отырыстың қорытындысы бойынша бюджетаралық қатынастар саласындағы проблемалық мәселелер бақылауға алынды. Ал уәкілетті органдар облыстың салық әлеуетін арттыру бойынша одан әрі жұмыс жүргізетін болады.
Өз тілшіміз.