Қай салада болса да, әр маманның білімін жетілдіріп, жан-жақты дамуға ұмтылуы – ұтымды қадам. Саласын тереңінен түсініп, жұмысына жаңашылдық енгізуге әрекет ететіндер қоғам үшін керек-ақ. Бұл ретте, мемлекеттік қызметте жүрген мамандарға білім-білікті жетілдіру тіпті қажет. Сондықтан елімізде ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында магистратура бағдарламасы бойынша оқу мүмкіндігі қарастырылған. Бұл ғылым дәрежесін кімдер ала алады? Қандай талаптар бар? Бұл жөнінде академияның облыстық филиалы директоры Самал Жарғақовамен тілдескен едік.
— Самал Саятқызы, ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясына магистратураға түсуге кімдер өтініш білдіре алады? Қандай талаптары бар?
— Магистратураға мемлекеттік қызметшілер, мемлекеттік бюджет есебінен қаржыландырылатын ведомстволық бағынысты ұйымдардың өкілдері, квазимемлекеттік сектор субъектілері, мәслихат депутаттары өтініш білдіре алады. Үміткерлердің еңбек өтілі, жоғары білімі болуы тиіс. Сонымен қатар, мемлекеттік тілді меңгеру деңгейін растайтын сертификат талап етіледі. Кейбір бағдарламалар үшін ағылшын тілінің деңгейін растайтын сертификаттың болуы қажет.
— Магистратурада қандай бағыттар, бағдарламалар бойынша оқытылады? Қанша уақыт оқиды?
— Академия 12 білім беру бағдарламасы бойынша оқуға қабылдайды. Олардың ішінде 9-ы – магистратура, 3-еуі – докторантура бағдарламалары. Мемлекеттік басқару, Мемлекеттік саясат, Халықаралық қатынастар, Экономика, Өңірлік даму, Адами ресурстарды басқару, Цифрлық мемлекеттік басқару, Мемлекеттік басқару» (модульдік оқыту негізінде), Өңірлік даму (модульдік оқыту негізінде) бағыттары бойынша магистратура бағдарламасы қарастырылған. Докторантура Мемлекеттік басқару, Экономика және Халықаралық қатынастар бағытын қамтиды. Магистратурада 1 және 1,5 жыл оқытылса, докторантура бағдарламаларында 3 жыл білім алады.
— Магистратураға түскендерге қандай жағдай жасалады? Жұмыс орны сақтала ма?
— Мемлекеттік басқару Академиясын мемлекеттік тапсырыс, яғни грантқа түскен мемлекеттік қызметшілер үшін міндетті түрде жұмыс орны мен лауазымы сақталады. Еңбек өтілі үздіксіз жүреді. Лауазымдық жалақы мөлшерінде стипендия төленеді. Оқуға түскен тұлғалар үш тілде: қазақша, орысша және ағылшын тілінде отандық және шетелдік жетекші сарапшылардан, мемлекеттік басқару мен дипломатиялық қызмет саласындағы практик мамандардан білім алады. Жас мемлекеттік қызметшілерге арналған үйден бөлме ала алады. «ҚР-ның Мемлекеттік қызмет туралы» ҚР Заңының 15-бабы 5-тармағына сәйкес конкурссыз «Б» корпусының әкімшілік лауазымдарына орналасу мүмкіндігі қарастырылған.
Яғни, жоғарыдағы айтылғандардың негізінде Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының магистранты/докторанты және түлегі – бұл мемлекеттік қызметке стратегиялық көзқараспен қарайтын, үш тілде еркін ойлайтын, отандық және халықаралық деңгейдегі сарапшылардан терең білім алған, кәсіби тәжірибесі үзілмей, заманауи басқару құралдарын меңгерген, ел игілігі үшін қызмет етуге дайын жаңа буын, кәсіби мемлекеттік қызметші.
— Облысымыздан бүгінге дейін қанша азамат білім алды? Олар бүгінде қандай қызмет атқарады?
— Жалпы, академия — 30 жылдық тарихы, заңмен белгіленген мәртебесі бар арнайы жоғары оқу орны. Академия 1994 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық Жоғары Мемлекеттік басқару мектебі ретінде құрылған. 2017 жылдан бастап әр облыста академияның өңірлік филиалдары ашылып, осы уақытқа дейін сол аймақтардың мемлекеттік қызметшілерінің кәсіби және жеке тұлғалық құзыреттерін дамыту бағытында қызмет етіп келеді. Мемлекеттік аппаратты кәсібилендіру, сонымен қатар мемлекеттік қызметшілер арасында жоғары басқарушылық мәдениетті қалыптастыру – Академияның басты миссияларының бірі.
Қазақстанның түкпір-түкпірінде мемлекеттік қызметте, жеке және квазимемлекеттік секторларда, сондай-ақ бизнес құрылымдарда еліміздің экономикасын, әлеуметтік жағдайын көтеру жолында акаде-мияның 3,5 мыңнан астам түлегі аянбай қызмет етуде.
Атап айтқанда, Павлодар облысы әкімінің орынбасары, облыстық мәслихат төрағасы, Успен және Павлодар аудандары әкімінің орынбасарлары, Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Павлодар облысы бойынша департаменті, Қазынашылық департаменті, Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшылары, бірнеше облыстық басқарма басшылары мен олардың орынбасарлары — қазіргі таңда Павлодар облысында қызмет етіп жүрген академияның түлектері. Бұл тізімді жалғастыра беруге болады. Одан басқа, Қазақстанның басқа да өңірлерінде мемлекеттік, жеке және квазимемлекеттік секторда қызмет етіп жүрген павлодарлықтар да көп.
— Магистратураға құжат қашанға дейін қабылданады?
— Биыл 1 сәуірінен бастап құжаттар қабылдау басталды. Өтініштер www.admission.apa.kz ақпараттық жүйесі арқылы онлайн форматта 2025 жылдың 25 маусымына дейін қабылданады.
— Ақпаратыңызға рақмет!
Сұхбаттасқан – Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.