Май — табиғаты шырайлы, жері шұрайлы, малға және адам жанына жайлы аудандардың бірі. Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуында жыл өткен сайын өсу көрсеткіші айтарлықтай байқалуда. Әсіресе, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау секілді салаларды дамыту аясында қол жеткізген табыстар көңіл қуантарлық. Биыл елді мекендердегі әлеуметтік нысандар да жөнделіп, ауылдың әлеуеті артуда. Жуырда жылдың қорытындысына орай аудан әкімімен сұхбаттасып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде көкейде жүрген сауалдарымызды қойдық.
— Қадылжан Қайырбекұлы, 2022 жылы Май ауданы ауыл шаруашылығы саласы бойынша бірінші орынға ие болғаны бәріміздің есімізде. Бүгінде ахуалы қандай?
— Иә, дәл солай. Май ауданы — ауыл шаруашылығы саласын дамытуға өте қолайлы өлке. Сондықтан мал, егін және өсімдік шаруашылығы бағыты уақыт өткен сайын дамып, аудан экономикасының дамуына үлес қосуда. Бүгінде осы салаға қатысты бірнеше жоба іске асырылуда. Жылдың соңына дейін 1-2 жоба аяқталады. Бұл инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға суармалы жердің құрылыс жұмыстары мен көкөніс сақтау қоймасы салынды. Ауданда жалпы 47 мыңға жуық қара мал, 36 мыңнан аса жылқы, 3600 құс түрі және 63 мыңға тарта қой бар. Уақыт өткен сайын малдың да саны артып келеді.
— Суармалы алқап туралы айтып кетсеңіз. Бұл – еліміздің басты бағыттарының бірі екенін білеміз. Қазіргі уақытта ауданда 1 356 гектарға дейін суармалы жер бар. 2026 жылға қарай көлемін 8 мың гектарға дейін ұлғайтуды жоспарлап отыр екенсіздер. Осы уақыт аралығында осынша аумақты бағындыру мүмкін бе?
— Біздің аудан Ертіс өзенінің жағасында орналасқандықтан, суармалы жерлермен айналысуға мүмкіндік бар. Оның үстіне қазіргі уақытта 1 356 гектар суармалы жерлер болса, соңғы екі-үш жылда республикалық маңызы бар су шаруашылығы объектілерін күтіп ұстау, пайдалану және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмыстарымен айналысатын мемлекеттік «ҚазСуШар» кәсіпорнының екі жобасының нәтижесінде 5 700 гектарға дейін суармалы жерлерді ұлғайту көзделіп отыр. Бұл жобалар жыл соңына дейін тапсырылуы тиіс. Қазіргі уақытта құрылыс жұмыстары аяқталды. Келесі жылы іске қосылмақ.
— Ел тұрғындары игілігін көріп отырған мемлекеттік бағдарламалардың бірі —
«Ауыл — ел бесігі». Осы бағдар-лама іске асқаннан бері талай ауылдық елді мекен түлеп сала берді деуге болады. Сіздердің аудандарыңызда бағдарлама негізінде нақты қандай жұмыстар атқарылды?
— Май ауданында «Ауыл — ел бесігі» бағдарламасы аясында жыл басынан бері көптеген жұмыс атқарылуда. Жалпы аудан бойынша аталмыш жоба шеңберінде 7 ауылдық округте (Көктөбе, Кеңтүбек, Саты, Малайсары, Майтүбек, Жұмыскер, Қаратерек) ауылішілік жолдар жөнделіп, жарықтандыру жұмыстары жүргізіліп, әлеуметтік нысандар күрделі жөндеуден өтіп, ауыл тұрғындарының игілігіне қызмет етуде.
Ауданның 22 елді мекені республикалық маңыздағы жолдың бойында орналасқан. 2023 жылы елді мекендердің көшелері мен жолдарын жөндеуге 1,3 млрд теңге бөлінді. Алдағы уақытта ауданның 95-97 пайыз маңызы бар жолдары жөнделеді. Одан бөлек, облыстық бюджет есебінен Абай, Май, Қызыл еңбек ауылдарының кіреберіс жолдары салынды.
Биыл да облыс әкімі Асайын Байхановтың қолдауымен Қаратерек елді мекенінде жалпы ұзындығы 6,74 шақырым болатын көше жолдары орташа жөндеуден толықтай өтті. Ал ауылдық мәдениет үйіне күрделі жөндеу жүргізіліп, қолданысқа берілді. Сондай-ақ, дене шынықтыру-сауықтыру кешенін салу туралы 2 жылдық жоба жүзеге асуда. Келесі жылы барлық жұмыс аяқталады деп күтілуде.
2025 жылы аталмыш бағдарлама аясында облыс басшылығының қолдауымен Баскөл ауылдық округінің кіреберіс жолдарын жөндеу, жарықтандыру, мәдениет үйіне және білім беру ордасына күрделі жөндеу жұмыстарын жасау жоспарланған. Жобаның жалпы сомасы — 1 млрд теңге.
— Бүгінге дейін Баскөл ауылында понтандық көпірді салу жөнінде мәселе көтерілген болатын. Кейін аталмыш түйткіл өз шешімін тауып, көпір салынды. Алайда елді мекендегі ағайын понтондық көпірдің құрылысы дұрыс жүргізілмегенін тілге тиек етіп жүр. Осының салдарынан тұрғындар судың арғы бетінен мал азығын өткізуде қиындықтарға тап болған. Бүгінде бұл мәселенің мән-жайы қалай?
— Баскөл елді мекенін Ертіс өзенінен Белая деп аталатын шағын өзен бөліп тұр. Ертістің сол жақ жағалауындағы шабындық жерлер өнімді болғандықтан, Баскөл, Бозша ауылдарының тұрғындары жазда сол жерден шөп шабады. Өңірдің 2023-2025 жылдарға арналған бюджетінде Белая өзені үстінен понтонды көпір тұрғызуға 215 млн теңге қарастырылды. Ұзындығы – 60,
ені шамамен 9 метрдей болатын көпір құрылғысы 200 тонна жүк көтере алады. Мұндай жаңа үлгідегі понтонды көпір — Қазақстандағы ең алғашқысы.
Әрине, аталмыш көпірді салу барысында әртүрлі кемшіліктер болды. Бұған ауа райының қолай-сыздығы да өз әсерін тигізді. Дегенмен көпір толықтай салынды. Бүгінде ауылдағы тұрғындардың пікірін ескере отырып, мердігер тарапынан қосымша жұмыстар жүргізілуде.
— Ауыл тұрғындарын көптен бері мазалап жүрген мәсе-лелерінің тағы бірі ауызсу екенін жақсы білеміз. Қазіргі уақытта ауданда ауызсумен қамту ісі қалай жүргізіліп жатыр?
— Әрине, ауыл тұрғындарын сапалы, таза ауызсу мәселесі жиі алаңдатады. Алайда Май ауданында су тапшылығы жоқ. Ауданымыздың 15 елді мекені топтық су құбырына қосылған. Қазіргі таңда аудандағы 95 пайыз үйлер орталықтандырылған су жүйесіне қосылған, ал қалған 5 шағын ауылдағы үйлер келесі жылдары толық ауызсумен қамтылады. Су сапасын жақсарту үшін жергілікті атқарушы органдар тарапынан жүйелі жұмыстар жүргізілуде және бұл мәселе менің үнемі бақылауымда болады.
Қазіргі уақытта ауылдарды 95 пайыз сумен қамтып отырсақ, алдағы уақытта бұл көрсеткішті 100 пайызға дейін жеткізуді көздеп отырмыз. Келесі жылы судың сапасын арттыру мақсатында бірқатар жұмыс атқарылмақ.
— Денсаулық саласы қай уақытта да болсын басты назарда. Соңғы кезде аталған салаға ерекше мән беріліп отыр. Бұл сала бойынша қуантарлық жаңалықтарыңыз бар ма?
— Ауданда медицина саласына баса назар аударылады. Бүгінде 8 мыңнан астам адам медициналық нысандарға тіркелген. Тұрғындардың жайлы, сапалы медициналық қызмет алуы үшін дәрігерлік амбулатория, фельдшерлік акушерлік пункттер жұмыс істейді. Бүгінгі танда медициналық ғимараттардың 91 пайызы жаңартылған.
Осы жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» бағдарламасы аясында ауданнан шалғай орналасқан Ақжар және Ақшиман ауылдарында жаңа, заманауи медициналық пункттер салынды. Сонымен қатар, биыл орталық аудандық ауруханада құны 630 млн теңгені құрайтын дренаж жүйесінің құрылысы, шаруашылық бөлімшелеріне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Ал жылу жүйесін күрделі жөндеуден өткізу келесі жылға жоспарланған. 2025 жылы, сондай-ақ Саты ауылының медициналық пунктінің құрылысы жүргізіледі.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасымен бірлескен жұмыс нәтижесінде биыл ауданымызға 7 жас маман келіп, тұрғындарға қызмет етуде. Олардың екеуі – жалпы хирургиядан болса, анестезиология және реаниматология, терапия, стоматология, жалпы дәрігерлік бағыттарда 5 маман еңбек етеді.
— «Қыстың қамын жаз ойла» демекші, ауданда мал азығын дайындау, жем-шөп әзірлеу мәселесі қалай шешілуде? Шаруаларға мемлекет тарапынан берілетін жеңілдіктер қарастырылған ба?
— Әрине, ауылдық жерде тұрған соң, тұрғандардың көпшілігі мал шаруашылығымен айналысады. Сондықтан жем-шөп мәселесі, мал азығы мәселесі өте өзекті. Оның үстіне, өткен жылдары мал азығының тапшылығы орын алып, мәселе туындаған болатын.
Аудан бойынша мал азығын дайындаудың негізгі бөлігі Ертіс өзенінің шабындық жерлерінде жүргізіледі. Биыл ауа райы қолайлы болып, шөп шүйгін шықты. Осы жылы жалпы аудан бойынша
94,3 мың гектар жер шабылып, одан 121,5 мың тонна шөп алынды. Негізі, жоспар бойынша 117,3 мың тонна шөп алу керек болатын. Соңғы 15 жылда болмаған жүгері де биыл бітік шығып, молынан жиналып алынды.
Қазіргі уақытта мал азығын сақтау орындарына 104,2 мың тонна шөп жеткізілді. Шығару жұмыстары әлі де жалғасуда. Мал азығын дайындауға және күзгі дала жұмыстарын жүргізу үшін ауданға 473 тонна арзандатылған дизель отыны бөлініп, шаруалар өтінімдерін беріп, литрін 237 теңгеден сатып алды.
— Өңірдегі мәдениет сала-сының даму динамикасы қандай деңгейде? Өткізілген шаралар мақсат-міндеттеріне жете алды ма? Салалардағы мәселелерді шешуде қан-
дай жұмыстар жүргізіліп жатыр?
— Май ауданында бүгінде 14 мәдениет ордасы бар. 95 пайызына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Мәдениет мекемелерінде 59 клубтық құрылым қызмет атқарады. Оларға 451 адам қатысады. Үйірмелер вокал, би, театр, қолөнер, сурет алу бағытында жұмыс істейді. Ауданда көркемөнерпаздардың 4 ұжымы «халықтық» атағына ие болды. Олар — «Әсем», «Сударушки» вокал топтары, «Май әуендері» фольклорлық ансамблі, Мерзихан Шайхин атындағы «халықтық» театры. Осы және өзге де өнер ұжымдары және сала қызметкерлері биыл облыстық, республикалық және халықаралық бірнеше байқауға қатысып, жүлделі орындар иеленді.
Биыл ауданда бірнеше ауқымды шара ұйымдастырылды. Олардың арасынан Май ауданының 85 жылдығына арналған мерейтойды және режиссер, актер, термеші Мерзихан Шайхиннің 90 жылдығына арналған облыстық «Жыр-ғұмыр» термешілер байқауын және «Туған өлке тарихы мен болашағы» атты өлкетану конференциясын атап өтуге болады.
— Әңгімеңізге рақмет! Май ауданының бақ-берекесі арта берсін!
Сұхбаттасқан – Айдана БОРАНБАЕВА.