????????????????????????????????????

Жұмысшы мамандықтар жылына орай облысымызда қандай іс-шаралар атқарылады? Осы бағыт бойынша білім алып жатқан павлодарлық жастар мен жұмысшыларды қандай жаңалық күтіп тұр? Сондай-ақ, алдағы уақытта өндірісті өңірімізде инвестициялық жобаларды жүзеге асыру, тұрғындарды жұмыспен қамту ісі қалай шешілмек? Бұл мәселелер бұрнағы күні аппараттық жиында жан-жақты талқыланды.

Өңірлік жоспар қандай?

Аймақ басшысы Асайын Байхановтың төрағалық етуімен өткен алқалы жиында жұмысшы мамандықтар жылы аясында іске асатын жоба-жоспарлар пысықталды. Бұл жөнінде баяндаған облыстық білім беру басқармасының басшысы Самал Айтқазина Жұмысшы мамандықтар жылын өткізуді үйлестіру және мониторингілеу жөніндегі өңірлік жұмыс тобы құрылып, іс-шаралар жоспары бекітілгенін атап өтті. Сол бойынша бірінші бөлімде ұйымдастырушылық шаралары қолға алынбақ. Яғни, жұмысшы мамандықтар тақырыбы насихатталып, «Еңбек адамын» бейнелейтін деректі фильмдер циклі жасалмақ. Екінші бөлімде жұмысшы мамандықтарының оң имиджін қалыптастыруға басымдық берілмек. Бұл ретте, жеке меншік инвестицияларды тарту арқылы 6 колледждің материалдық-техникалық базасын нығайтып, оқу орындарына жетекшілік жасайтын кәсіпорындар санын 40-қа дейін арттыру көзделген. Сонымен қатар, «ERG» компаниясымен жасалған меморандум аясында «WorldSkills» болашақ чемпиондар мектебі» қағидаты бойынша ұстаздар мен студенттерге шетелде тағылымдамадан өту мүмкіндігі ұсынылмақ. Бұған биыл 8 педагог пен 7 студентті жіберу жоспарлануда. 2025 жылдың 1 қыркүйегінен бастап мектептерде «Enbek Hub» оқу шеберханалары ашылып, Торайғыров университетінің қолдауымен Успен агротехникалық колледжінде агроинновация орталығы іске қосылатын болады. Сондай-ақ, осы жылдың наурыз айында өңірдің еңбек әулеттері мен ірі кәсіпорындардың қатысуымен еңбек династияларына арналған «Еңбек дәстүрі — болашағымыздың күші» атты облыстық форум, мамыр айында мектеп оқушылары үшін кәсіптік бағдар беруге бағытталған «MamandyqFest» фестивалі өткізіледі деп күтілуде. Жыл бойы өнеркәсіп кәсіпорындарының жұмысшылары арасында «Еңбек батыры», «Алтын қор» атты байқаулар ұйымдастырылып, үздік мамандар марапатталады. Үшінші бөлім бойынша қолға алынатын іс-шаралар кәсіптік бағдар беру жұмысына бағытталмақ. Мәселен, мамыр айында IT бағыты бойынша республикалық хакатон өткізу жоспарланса, қыркүйек айынан бастап облыстың 50 мектебінде кадрлар даярлаудың 30 бағыты бойынша 50 бейінді сынып ашылмақ. Ал жазғы кезеңде өңірдегі 25 колледж базасында мектеп оқушыларына арналған кәсіптік бағдар беру лагерьлері жұмыс істейді деп жоспарлануда. Төртінші бағыт кадрлар даярлауды жетілдіру ісіне арналмақ. Бүгінде аймақта «Жаңа мамандықтар мен құзыреттердің өңірлік атласы» жобасы іске асып, сұранысқа ие 40 жаңа кәсіп ашылған. «Жаңа мамандықтар атласының» алғашқы түлектері биыл түлеп ұшпақ.

Облыс әкімі Асайын Байханов аталған жобаны жүзеге асыру аясында кәсіптік бағдарлау жұмысында жаңа тәсілдерді қолдану қажеттігін тілге тиек етті. Сондай-ақ, білім басқармасына қала-аудан әкімдіктерімен және өзге де жауапты мекемелермен бірлесіп, «Жұмысшы мамандықтар жылын» өткізу жөніндегі өңірлік жоспардың сапалы іске асуын қамтамасыз етуді тапсырды.

Атап өтерлігі, өңірдегі ірі кәсіпорындар да жұмысшы мамандықтар жылына орай өз жоспарларын бекіткен. Облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Людмила Құрманова кәсіпорындарда ашық есік күндері өткізіліп, мерекелер қарсаңында жұмысшыларға құрмет көрсетілетінін мәлімдеді.

Аймақ басшысы жұмыс-шыларды Құрмет грамоталарымен марапаттап қана қоймай, осы мамандықтың беделін арттыру үшін қаржылай ынталандырып, ерекше сыйлық жасау керектігін жеткізді.

– Ірі кәсіпорындардың басшыларымен сөйлестім. Жұмысшыларды марапаттаумен қатар, материалдық жағынан да қолдау көрсеткен жөн. Мәселен, бұған дейін ең үздік металлургтерге автокөлік тарту етілген болатын. Осыны ескеру керек. Сондай-ақ, ипотекалық тұрғын үй алуларына да мүмкіндік жасау қажет, — деді Асайын Байханов.

Облыстық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Динара Айтжанова жұмысшы-лардың құқығын қорғау, еңбек жағдайларын жақсарту және қосымша әлеуметтік кепілдіктерді қарастыру мақсатында жұмыс берушілермен келіссөздер жүргізіліп жатқанын мәлім етті.

Жұмыспен қамту жанданады

Аппараттық жиында өткен жылғы өңірлік жұмыспен қамту картасын іске асыру барысы қорытындыланып, осы жылға арналған жоспарлар талқыланды. Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқарма-сының басшысы Альмира Дисюпованың айтуынша, былтыр 26,6 мың адамды жұмыспен қамту жоспарланып, 30 мыңнан астам азамат екі қолға бір күрек тапқан. Яғни, жоспар артығымен орындалған.

— Аймағымызға қарасты барлық қала мен аудан жоспарды жүзеге асырды. Жұмыспен қамтылғандардың 94,5 пайызының міндетті зейнетақы аударымдары бар. Осы ретте, Ертіс және Аққулы аудандарында төмен көрсеткіштер байқалады, — деді басқарма басшысы. Қос ауданда туындаған бұл мәселеге ондағы жұмыс орындарының өткен жылдың соңында ғана құрылып, әлі есепке алынбағаны себеп екені белгілі болды.

Биыл жоспар бойынша 26,7 мың жұмыс орны құрылмақ. Оның 18,3 мыңы тұрақты орын екенін атап өткен жөн.

— 2025 жылы 154 инфрақұрылымдық жоба аясында 1 273 адам, бос жұмыс орындарына 9 958 адам, «10 мың тұрғынға 100 жұмыс орны» бастамасы бойынша 7 436 азамат және субсидияланатын жұмыс орындарына 7 141 тұрғын тартылып, жұмыспен қамтылатын болады. Сонымен қатар, кәсіпкерлерді қолдау мақсатында бизнес-идеяларды іске асыру үшін 400 АЕК көлемінде 443 грант беріліп, «Ауыл аманаты» жобасы аясында 322 тұрақты жұмыс орны құрылады, — деп атап өтті Альмира Аманқызы.

Облыс әкімі халықты жұмыспен қамту бағытындағы іс-шараларды жандандыра беру керектігін қадап айтты. Әсіресе, инвестициялық жобалардың өз деңгейінде жүзеге асуына басымдық берудің маңызы зор екенін алға тартты. Оның сөзінше, өңірлік пулда 3 триллион теңгеден астам соманың 140 инвестициялық жобасы бар. Олардың басым бөлігі өңдеу өнеркәсібі, энергетика, агроөнеркәсіп кешені және туризм саласына бағытталған. Аймақ басшысы мұндай жұмыстарды атқаруда қаламен қатар, ауылдық жерлерді де назарға алу керектігін ерекше ескертті.

– Мәселен, жуырда Қалқаман ауылында болдық. Онда екі жоба жүзеге асырылуда екен. Бұл жобаларды да пулға қосып, қолдау көрсеткен жөн. Өйткені, біздің басты міндеттеріміздің бірі – жұмыс орындарын ашып, сол арқылы халықтың әл-ауқатын көтеру, — деді Асайын Байханов.

Аппараттық жиында, сондай-ақ, көші-қон мәселелері де талқыланды. Өткен жылы өңірге ерікті қоныс аудару бағдарламасы бойынша 3 422 адам келген. Оның ішінде 2 170 адам ішкі көші-қон, 1 252 азамат шетелден қоныс аударған. Бүгінде олардың арасында 974 адам тұрақты жұмыспен қамтылып, 66 азамат кәсіпкерлікпен айналысуда. Бұл бағыттағы жоспар бойынша Ертіс, Тереңкөл, тағы бірнеше ауданның артта қалғаны байқалады. Бұған қатысты аудан әкімдері түсініктеме берді. Ертіс ауданының әкімі Нығман Жүсіпов жоспардың орындалмауына қоныс аударушылар өткен жылдың желтоқсан айында келгендіктен аймақтық квотаға үлгермегені себеп екенін мәлімдеді. Ал Тереңкөл ауданының әкімі Азамат Маңғұтовтың айтуынша, ауылдарда бос үй-жайлардың болмауы кедергі келтірген.

Облыс әкімі әр нәрсеге сылтау айтып ақтала бермей, алыс-жақыннан көшіп келушілерді тұрғын үймен қамтамасыз ету және жұмысқа орналастыру ісін нәтижелі орындау керектігін тапсырды. Сонымен қатар, бұл туралы есепті тоқсан сайын тыңдайтынын жеткізді.

Нұржайна ШОДЫР.

Суретті түсірген — Валерий Бугаев.