Маңызды құжаттың мәні – тереңде

Қаз 9, 2025
Photo Valeriy BUGAYEV

Достық үйінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы халыққа Жолдауындағы міндеттерді жергілікті мекендерде іске асыру барысы, ауылдық аймақтарға дейін маңызды құжаттағы мақсаттардың орындалуының айқын көріністері тізбектелді. Жолдаудың түпкі мәні, идеологиялық өзегі туралы айтылды. Алқалы жиынға ҚР Президенті кеңесшісі Мәлік Отарбаев, облыс әкімі Асайын Байханов және аймақтың аудан-қала, ауылдық округ әкімдері қатысты.

Біздерде мынадай бар…

Облыс әкімі Мемлекет басшы-сының Жолдауда ең маңызды бағыттарды айқындағанын атап өтті.

– Жекелей тоқталсақ, бұл — ауқымды цифрлық жаңғырту, ұлттық өнім экспортын ұлғайту, энергетика саласын жаңарту, сондай-ақ халықтың өмір сапасын жақсарту үшін барынша инвестициялар. Аталған бағыттар жүйелі іске асса, оның өңірдің барлық саласына әсері тиеді. Сондықтан әкімдер мен облыстың мемлекеттік органдары қойылған міндеттерді жеке жауапкершілік ретінде қабылдауы тиіс. Жалпы, аймақтың 352 ауылдық елді мекені 123 дербес бюджетке біріктіріледі. 191 болашағы зор ауыл анықталды, —
деді А.Байханов.

Өңіріміздің өркендеуінде өзіндік ерекшелігі бар бірқатар ауылдық елді мекеннің әкімдері қолда бар жетістіктері мен ілгері істерін ортаға салды. Мәселен, Баянауыл ауданының Жаңажол ауылдық округінің әкімі Сәбит Кенжалин Президенттің жаңа дәуірге аяқ басқан шақтағы алға қойған мақсаттар тек республикалық, облыстық деңгейде ғана емес, ауылдар көлемінде де маңызды екенін атап өтті. Бұл істе Жаңажол ауылдық округі де қалыс қалмағанын айтты. Округтің орталығы Мәшһүр Жүсіп атындағы ауылда бүгінде 590 адам тұрады. Барлық әлеуметтік нысандармен қамтылған. Әкімнің айтуынша, таза ауызсу да, жылдамдықты интернет те бар. Көшелер жарықтандырылған. Округке қарасты елді мекендерге жол салу жалғасуда. Қоғамдық қауіпсіздікті ойлаған ауылдық округ кәсіпкерлері алкоголь сатуға шектеу қойған. Президенттің Жолдауында айтылған тазалықты да жаңажолдықтар жақсы сақтайды. Бір кісідей санитарлық тазалық шараларына қатысатын көрінеді. Айтпақшы, жуырда бұл ауыл «Үздік ауыл» облыстық байқауында үздік үштікке кірген. Округ әкімі бұл ауыл тұрғындарының тынымсыз еңбегі мен туған жерге деген жанашырлығының айқын көрінісі екенін атап өтті.

Аққулы ауданына қарасты Ямышев ауылдық округінің әкімі Бақытжамал Ахметова да елдің өркендеуі жолында жасап жатқан жұмыстарымен, мемлекет қолдауымен елді мекенде іске асқан елеулі істерімен бөлісті. Ауылішілік жолдар жөнделіп, ауызсу мәселесі шешімін тапқан. Айтуынша, Тілектес ауылында КБМ орнына су құбырын тарту үшін құжат әзірленуде. Мемле-кеттік органдар арасындағы құжат алмасу толығымен цифрлық жүйеге бейімделіп, ауылдық әкімдікке электронды құжат айналымы енгізілді

Железин ауданына қарасты Алакөл ауылдық округінің әкімі Татьяна Метлушко Президент ауыл шаруашылығына айрықша мән бергенін, бұл сала ауылдарында қарыштап дамып жатқанын жеткізді. Алакөлді бүгінде еңбекшілер елді мекені десе жарасады, деді. Себебі, жұмысшылар әулеттері қалыптасқан. Ірі кәсіпорын «Пахарь» шаруашылығында бүгінде тұтас ауыл тұрғыны нәпақасын тауып отыр. Әкім ауылдың арнайы чаты арқылы тұрғындардың тыныс-тіршілігінен әрдайым хабардар екенін айтты. Қандай да бір жағдай болса, бірден әрекет ететінін айтты. Яғни, тәулік
бойы халықпен байланыста көрінеді.

Ал Павлодар қаласына қарасты Павлодар ауылының әкімі Ұнат Аманбек елді мекеннің негізгі ерекшеліктерін, Жолдау аясында іске асып жатқан жұмыстарды ортаға салды. Мұнда алты мыңға жуық адам тіркелген. Соның екі мыңға жуығы көкөніс өсірумен, мал шаруашылығымен айналысады. Сондай-ақ, диқандар егіншілікпен айналысуда цифрлық технологияларды қолдануға көшкенін айтты.

Ортақ жауапкершілік

ҚР Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев Президент Жолдауы туралы пікіралмасу мақсатында алғашқы аймақ ретінде Ертіс-Баян өңірі таңдалғанын атап өтті.

– Өйткені, Ертіс-Баян — Қазақстан үшін маңызды өңір. Әлеуметтік-экономикалық жетістіктерімен ғана емес, қазақтың біртуар мақтаныштары, мемлекеттің қалыптасуына үлес қосқан тау тұлғалардың туған жері ретінде әрдайым жоғары бағаланады. Мұнда ел Президентінің Жолдауындағы тапсырмалардың жөнімен, жүйелі жүзеге асып жатқанына көз жеткізіп отырмыз. Соңғы үш жылда Павлодар облысы 58,4 млрд теңге инвестиция тартқан. Бүгінгі таңда халықтың шамамен 30 пайызы ауылдық елді мекендерде қоныстанған. Яғни, аймақ халқының үштен бір бөлігі ауылда тұрады. Ел Президентінің Қазақстан халқына Жолдауы – мемлектетік маңызы бар құжат. Бұл кезекті баяндама емес, оны жаңа кезеңде алдымызға қойып отырған жаңа бағыт, жаңа міндет деп қабылдауымыз керек. Бұл ретте, әсіресе, тікелей халықпен араласатын, халыққа қызмет етіп отырған осындағы азаматтар, біз бен сіз Жолдаудың түпкі мәнін, Президент айтқан әрбір сөзінің маңызын, саяси астарын, идеологиялық өзегін терең түсінуіміз керек. Әрбір мемлекеттік қызметші әуелі не үшін қызмет етіп отырғанын, қандай мақсат-мұратпен жүргенін бағамдап, өзіне сене білуі керек, —
деді Мәлік Нұржанұлы.

Мәртебелі мейман Мемлекет басшысы елімізді үш жылда цифрлық технологиялар мен жасанды интеллекті қолдана отырып, цифрлық мемлекетке айналдырудың кешенді бағдарламасын ұсынғанын атады. Бұл өзгеріс әр салада орын алуы керектігін де еске салды.  Елдің тұтас цифрлық экожүйесі белсенді түрде құрылып жатқанын жеткізді. Осы орайда, әлемде тұрақсыздық орын алған шақта сыртқы саясатпен де санасуымыз қажет, деді.

– Мемлекетті қауіпсіздікпен қамтамасыз ету — баршаның жауапкершілігі. Қауіпсіздік мәселесі күштік құрылымдардың ғана басты міндеті емес. Бұл — әрбір мемлекеттік қызметшінің жауапкершілігінде. Әрбір ауылдың амандығы, әрбір азаматымыздың есендігі, елдің қауіпсіздігі естен шығарылмауы тиіс. Президентіміз сыртқы саясатты ғана түгендеп жатқан жоқ. Ішкі идеологиялық бағыттарға да мән беріп отыр. Идеология жоқ деген пікір жаңсақ екенін айтқым келеді. Мемлекет басшысы бізге қажетті саяси-идеологиялық бағытты айқындап, қозғап отыр, — деді Президент кеңесшісі

Сонымен қатар, Қазақстан жасанды интеллект әрбір салаға енгізіліп отырған әлемдегі алғашқы 20 мемлекет қатарына кіретінін атап өтті. Бұл өзгерістер, экономикамызға көп септігін тигізіп, қоғамның санасын жаңғыртатынына сенім білдірді. Жалпы, қазіргі қадамдар бес жыл бұрын елімізде басталған ауқымды трансформацияның жалғасы екенін жеткізді.

2022 жылы басталған саяси-экономикалық, конституциялық реформалардың қазіргі нәтижелеріне де тоқталды. Мәселен, аудан-ауылдық округ әкімдерін сайлау жүйесін атады. Айтуынша, бүгінде әкімдердің 75 пайызы жаңадан сайланған. Облысымыздың өзінде биыл 56 әкім сайлау арқылы халық сенімін арқалап отыр.

Соңғы жылдары азаматтық қоғам қарыштап дами бастағанын ерекше атады. Яғни, мемлекетке мәселелерді шешу жолдарымен бірге нақты ұсыныстар айту жүйеленген.  Азаматтық қоғам мемлекеттік басқаруға тартылып жатқанын жеткізді. Мәлік Отарбаев Жолдауды президенттік реформалар мен бастамалардың заңды жалғасы деп санауға болады, деді. Ал маңызды құжатта көрсетілген тапсырмалар Үкіметтің ғана емес, бүкіл қоғамның міндеті деп түсінген жөн екенін айтты. Кездесуге келген әкімдерді мемлекетшіл болуға, мемлекет мүддесін бәрінен биік қоюға, адал қызмет етуге шақырды.

Ұлт құндылығы – қымбат қазына

Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев Павлодар облысына жасаған жұмыс сапары барысында дін саласының мамандарымен кездесті. Шара С.Торайғыров атындағы облыстық кітапханада өтті.

Жиынды облыс әкімінің орынбасары Айгүл Мәлікова ашып, кездесудің басты мақсаты – Мемлкет басшысының Жолдауын іске асыру қадамдарын талқылау екенін жеткізді.

Президент кеңесшісі Мәлік Отарбаев өз кезегінде дін саласы мамандарының еліміздің тыныштығы, тұрақтылығы жолындағы еңбегі ұшан-теңіз екенін атап өтті.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев дін саласына, соның ішінде мешіт имамдарының жағдайына айрықша көңіл аударып, жағдайларын сұрап отырады. Президент кезекті Жолдауында үлкен реформалардың кешенді бағдарламасын ұсынды. Бұл реформалар ел экономикасында, мемлекеттік басқару жүйесінде және әлеуметтік салаларда көптеген мәселелерді шешуге бағытталған. Мешіт имамдары жастарды имандылыққа, отансүйгіштікке баулып отырса да оларды ақпараттық технологияның маңыздылығын айтып отыруы керек. Бұл – бүгінгі заманның талабы. Қоғамның қай саласында еңбек етсек те бұл тақырыпты назардан шығармау керекпіз. Сонымен қатар, ұлттық құндылықтарымызды сақтау, дамыту мәселесін де естен шығармайық, — деді Мәлік Отарбаев.

Сондай-ақ, бүгінгі таңда жастар мен үлкендер арасында бір алшақтық пайда болғанына да алаңдаушылық білдіріп, өмір көрген қариялар жастардың тәрбиесіне, біліміне араласып, өмірлік тәжірибелерімен бөлісіп отыру керек деген ұсынысын да жеткізді.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Павлодар облысы бойынша өкіл имамы Жолдас қажы Қоспақұлы облыстағы дін саясатын, осы салада атқарылуы тиіс басым бағыттарға тоқталды.

– Президент Жолдауында біздің салаға байланысты бірнеше тапсырма берді. Соған байланысты біз жастардың тәрбиесіне, рухани біліміне көңіл бөлуіміз керек. Сонымен қатар, әсіредіншілдіктің, әсіреұлтшылдықтың алдын алатын нақты қадамдар керек. Себебі, патриотизм дегеніміз – жасапаздық, жаңашылдық арқылы елді дамыту, көркейту. Елді сүю дегеніміз – заманға сай білім алу, заманауи технологияны меңгеру. Міне сол арқылы еліміздің дамуына үлес қосар болсақ, елін, ұлтын сүюдің шынайы көрінісі болар еді, — деді Жолдас Қоспақұлы.

Сонымен қатар, Мәлік Отарбаев өңірімізге жұмыс сапары барысында облыстық полиция департаменті қызметкерлерімен кездесті. Жүздесу барысында Мемлекет басшысы Жолдауының басым тұстары қаралды. Әсіресе, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге ерекше мән берілді. Бұл ретте Мәлік Отарбаев «Заң және тәртіп» қағидасы тек кәсіби бағдар емес, мемлекеттің рухани тірегі екенін де атап өтті.

Облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Болат Нұрсейітовтің айтуынша, аталмыш қағида аясында өңірде кең ауқымды жұмыс жүргізілуде. Нәтижесінде жыл басынан бері ауыр және аса ауыр қылмыстар айтарлықтай азайды. Ұрлық, тонау, мас күйінде қылмыс жасау, тұрмыстық зорлық-зомбылық сипатындағы құқық бұзушылықтардың кемігені де байқалады.

— Цифрлық инфрақұрылымды дамытуға да көп көңіл бөлінуде. «Қауіпсіз қала» жобасы аясында Павлодар, Екібастұз және Ақсу қалаларында бес мыңға жуық бейнебақылау камерасы мен жылдамдықты бақылайтын 420 аппараттық-бағдарламалық кешен орна-тылды. Олар жасанды интел-лект құралдарымен қамтылды. Бұл өз кезегінде полиция қызметінің тиімділігі мен тұрғындардың қауіпсіздігін арттырады, — деді Б.Нұрсейітов.

Кездесу соңында М.Отарбаев Президент тапсырмасының әрқайсысы елімізде құқықтық заңнаманы сақтаудың негізі бола отырып, азаматтардың сенімі мен елдің цифрлық дамуын қамтамасыз етуге бағытталғанын айтты.

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ,

Тілеуберді САХАБА.