Аймағымызда әлі күнге дейін ұялы байланыс пен интернетсіз отырған ауылдар бар. 10 елді мекен ұялы байланысқа қосылмаса, 7 ауылда интернет мүлде жоқ. Тіпті, байланысы нашар ауылдық округ те бар.
Күн тәртібіндегі мәселе облыс әкімі Асайын Байхановтың төрағалығымен өткен аппараттық жиында сөз болды. Өзекті тақырып төңірегінде облыстық цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Ағыбай Әмірин баяндама жасады. Оның айтуынша, аймақтағы 352 елді мекеннің 342-сі ұялы байланыспен қамтамасыз етілген. 345 ауылда мобильді және тұрақты интернет бар. Бұл ретте 166 ауылда 4G, 89 ауылда 3G және 80 ауылда 2G орнатылған. Өкінішке қарай, облыс бойынша 10 ауыл ұялы байланыссыз, 7 ауыл интернетсіз отыр. Мәселен, Екібастұз қаласына қарасты 4 елді мекенде, Ақтоғай ауданы Балтасап, Қарасу, Қарабұзау ауылдары, Баянауыл ауданында Біржанкөл ауылы, Аққулы ауданында Шоқтал ауылы мен Ертіс ауданындағы Қызылқақ ауылында ұялы байланыс орнатылмаған. Баянауыл ауданының 7 бірдей шағын елді мекенінде мобильді интернет жоқ.
— Облыста ауылдарды ұялы байланыс және интернетпен қамту жұмысы 3 бағыт бойынша жүргізіледі. Бірінші бағыт «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы шеңберінде жүзеге асырылуда. Аталған жоба аясында «Қазақтелеком» және «Транстелеком» операторлары аймақтың 112 ауылына талшықты-оптикалық байланыс желісін тартты. Кейін осы желілерге «Activ», «Kcell» «АLTEL» «Tele2» операторлары антенналық-діңгектік құрылымдарды орнату арқылы қосылды.
Екінші бағыт – ұялы байланыс операторларының лицензиялық міндеттемелері аясында 2023 жылдың қараша айында «Павлодар облысының елді мекендерін сапалы интернетпен қамтамасыз ету» Жол картасы бекітілді. Оған облыс бойынша 20 ауыл енді. Нәтижесінде 2024 жылы «КаР-Тел» және «Теле2» байланыс операторлары 8 елді мекенді 4G жылдамдықтағы ұялы байланыс және интернетпен қамтамасыз етті. Ағымдағы жылы Успен және Аққулы аудандары әкімдіктерінің қолдауымен Богатырь және Жамбыл ауылдары ұялы байланыспен қамтылды. Сонымен қатар, Павлодар ауданының Набережное ауылында «Kcell», «Tele2» және «Билайн» байланыс операторлары базалық станцияларының орнын ауыстыру жұмыстары жүргізілуде. Павлодар ауданы әкімдігі тұрғындардың тілегін орындау мақсатында аудан бюджетінен 25 метр-
лік мұнараны қысқа мерзімде орнатқанын атап өту қажет. Қазіргі уақытта операторлар 4G стандартындағы жаңа станцияларға көшу жұмыстарын жүргізуде. Жергілікті жұртшылық тамыз айының соңына дейін сапалы байланысқа қосылатын болады, — деді А.Әмірин.
Ағыбай Қойшыбайұлы биыл Жол картасы аясында «КаР-Тел» компаниясымен жүргізілген келіссөздерге сәйкес, әкімдіктер мұнара салған жағдайда аймақтағы 10 ауылда базалық станциялар орнатылатынын атап өтті.
— 2024 жылы облы-сымыздың 128 ауыл мектебінде интернетке қолжетімділік бойынша қиындықтар орын алды. 33 мектепке «Starlink» төмен орбиталық-спутниктік интернет жабдықтары орнатылды. 2024 жылдың төртінші тоқсанында 95 мектептің 53-і «Қазақ-телеком» операторы арқылы талшықтық-оптикалық желі арқылы интернетке қосылды. Қалған 42 мектепті биылғы жаңа оқу жылында «Starlink» арқылы интернетпен қамтамасыз етуді жоспарлап отырмыз, — деді А.Әмірин.
Басқарма басшысы биыл «Kcell» байланыс операторы Астана – Павлодар автожолының бойын тұрақты ұялы байланыс және интернетпен қамтамасыз ету мақсатында Пограничник пен Бозшакөл ауылдарының аралығына 4G технологиясындағы 7 базалық станция орнатқанын атап өтті. Бұдан бөлек, 2025-2026 жылдарға арналған дамыту жоспарына сәйкес «Жасыбай» демалыс аймағында қосымша 3 базалық станция орнатылатынын жеткізді.
Асайын Қуандықұлы интернетсіз отырған елді мекендер мен ұялы байланыс нашар ұстайтын ауылдардың жағдайына ерекше назар аударуды тапсырды. Ғаламтор мен ұялы байланыс желісі тартылмаған ауылдардың ішінде 35-70 адам тұратын шағын елді мекендер бар. Десе де, Ертіс ауданы Қызылқақ ауылында —
251, Баянауыл ауданындағы Қызылшілік ауылында 300-ге жуық адам тұрады. Шалғайда әрі жолы нашар ауыл тұрғындары үшін ұялы байланыссыз отыру өте қиын екенін алға тартты. 132 ауылдық округте жоғары жылдамдықтағы интернетпен қамтамасыз ету керектігін атап өтті.
Ағыбай Әмірин аталған ауылдар жыл соңына дейін ұялы байланыспен қамтамасыз етілетінін жеткізді. Ауылдық округтердің ішінде Май ауданының Саты ауылында байланыс нашар екенін айтты.
Облыс әкімі бұл мәселені назарға алып, шешу керектігін атап өтті.
— Әр ауылда бірнеше шағын бөлімше бар. Шағын бөлімшелерді жоғары жылдамдықтағы 4G интернетпен қамту қиынға соғатыны түсінікті. Бірақ ауылдық округтерде мұндай мәселе болмауы тиіс. Ал ауыл мектептерінің бәрінде интернет жоғары жылдамдықпен жұмыс істеуі тиіс. Білім ордаларының қайда орналасқаны маңызды емес. Шағын ауылдың мектептері 4G интернетпен қамтылуы керек. Бұл ретте биылғы оқу жылында 42 мектепті «Starlink» арқылы интернетпен қамтамасыз етуді тапсырамын, — деді А.Байханов.
Аппараттық жиында Павлодар қаласы бойынша ұялы байланыс желісінің сапасын арттыруда 3 мекенжай антенналық-діңгектік құрылымды орнатуға рұқсат бермеген. Оған жер астында инженерлік-коммуникациялық желілердің болуы себеп. Аймақ басшысы алдағы екі аптаның ішінде Павлодар қаласы әкіміне бұл мәселені шешуді тапсырды. Ұялы байланыс желісінің сапасын арттыруда инженерлік-коммуникациялық желілердің орнын ауыстыруға болатынын айтты.
Айдана ҚУАНЫШЕВА.