Қазақстан халқының тілдері күніне орай облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының бастамасымен 1-30 қыркүйек аралығы облыс бойынша «Тілдер айлығы» деп жарияланды.

Аталған тілдер айлығы шеңберінде облыстың қалалары мен аудандарында елімізде тұратын этнос өкілдерінің мәдениетін, тілін, тарихын және тұрмысын насихаттайтын 200-ден астам іс-шара, сондай-ақ тілдерді насихаттауға арналған байқаулар, дөңгелек үстелдер, концерттік бағдарламалар мен конференциялар ұйымдастырылатын болады.

Тілдер айлығы ресми түрде жуырда «Колос» мәдени ойын-сауық орталығында мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту және халыққа қызмет көрсету салаларының қызметшілерін ынталандыру мақсатында Павлодар облысы мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының ұйымдастыруымен «Мемлекеттік тілде үздік қызмет көрсету» атты облыстық байқауымен ашылды.

Байқауға қызмет көрсету саласының өкілдерінен құралған 5 топ қатысты. Олар конкурс барысында түрлі шығармашылық тапсырмаларды орындау кезінде өздерінің әртістік, тапқырлық қабілеттерін, сонымен қатар кәсіби терминдерді мемлекеттік тілге аудару қабі-леттерін көрсетіп, ситуациялық жағдайдан шығуда шығармашылық шеберліктерін танытты.

Байқау қорытындысы бойынша қазылар шешімімен 1-орынға «АТО арулары» командасы («Павлодар облыстық ақпараттық технологиялар орталығы» КММ), 2-орынға «Жалын» командасы («Азаматтарға арналған үкімет мемлекеттік корпорациясы комммерциялық емес акционерлік қоғамының» Павлодар облысы бойынша филиалы «Халыққа қызмет көрсету орталықтары») және 3-орынға «Рухты ел» командасы («Дом печати» ЖШС) лайықты деп танылды.

Сонымен қатар, «Көңілді трамвай» (Д.Махмудов атындағы «Павлодар қаласының трамвай басқармасы») және «Аққулар» («Азаматтарға арналған үкімет мемлекеттік корпорациясы комммерциялық емес акционерлік қоғамының» Павлодар облысы бойынша филиалының басқармасы) командалары аталған байқауға белсенді қатысқандары үшін қаржылай сертификаттарға ие болды.

«Мемлекеттік тілде үздік қызмет көрсету» конкурсының жеңімпаз-дары мен жүлдегерлері дипломдармен, ақшалай сертификаттармен марапатталды.

А.ЖЕҢІСҚЫЗЫ.