Бүгінгі таңда бұқара тарапынан билікке тағылар сын мен мін көп. Мемлекеттік қызметте еңбек етіп жүрген адамдардың жүрістұрысы «май шаммен» қаралады. Қызметін былай қойғанда, киген киімі, қолындағы сағаты, демалатын орнының барлығы талқыланып, сынның астында жиі қалатыны бар. Осы орайда кейбір саясаттанушылар мемлекеттік қызметшілерге осыншалық қатал қарап, сын садағынан өткізу дұрыс емес деп пайымдайды. Сонымен, әкімдік қызметкерлері қандай болуы тиіс? Билік өкілдеріне қатал талап қою қаншалықты қисынды? Осы мәселені «Алаңның» таразысына салып көрген едік.

 

Ғазиз ӘБІШЕВ, саясаттанушы (пікір интернеттен алынды):

– Шенеуніктер барлық жағдайда «мұнтаздай таза» болуға міндетті емес. Мемлекеттік қызметшілердің бірі ішімдік ішті, майлы тамақ жеді, тентектік танытқан баласын шапалақпен соқты, дүкендегі сатушыға дөрекілік танытты деп қоғамдық нормаға бірнеше шектеу қоятын болсақ, мемлекеттік қызметте ешкім қалмайды. Себебі ешбір салада мінсіз, «періште» адам болмайды. Белгілі бір себептермен жұмысынан босатылған мемлекеттік қызметшінің ісін қайта қарап, оларға тағы бір мүмкіндік беру керек деп ойлаймын. Мәселен, ҚР Көлік министрлігінде жұмыс істейтін білікті инженер жұмысқа қатысы жоқ, күнделікті жағдайда біреумен төбелесіп жұмыстан шығып кетсе, оны түбегейлі осы саладан алыстатуға болмайды. Өйткені, ол – білікті маман. Оны белгілі бір уақыт аралығында мемлекеттік қызметтен шеттетіп, қайтадан іріктеуден өткізу арқылы қызметке қабылдау керек. Әрине, мемлекеттік қызметті асыра пайдаланған, пара алған азаматтарға ешқандай кешірім жоқ. Ал жол-көлік оқиғасына тап болып, айыппұл арқаласа, көшеде біреумен сөзге келіп қалса, мемлекеттік қызметтен толық босату дұрыс емес. Қылмысы ауыр болмаса, мемлекеттік қызметтегі жұмысын қайта жалғастырғаны жөн.

 

Сергей ГУЛЯЕВ«Десента» қоғамдық бірлестігінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңестің мүшесі:

 

– Мемлекеттік қызметші – қоғамның айнасы. Сондықтан оның шалыс басуы әсте дұрыс емес. Оны осы салада еңбек етуді қалайтын әр адам әу бастан түсініп, білуі тиіс. Жұрт билікке қарап бой түзейді. Егер билік өкілдері мәдениетсіз, әдепсіз, тәртіпсіз болып, ережеге бағынбаса, қоғам қандай болмақ? Әрине, олардың да өз мінезі, тәртібі, көзқарасы бар. Дей тұрғанмен, олар өздерін әдеп талаптарының шеңберінде ұстаған абзал.

Соңғы күндері бұл мәселе әлеуметтік желіде қызу талқыланып жатыр. «Мемлекеттік қызметші де адам баласы, оған түсінік танытуымыз керек» деген пікірлерді көзім шалып қалды. Бірақ біреуге қол көтерген, күш көрсеткен, бейәдеп сөздерді айтқан шенеуніктердің барлығына бірдей кешіріммен қарасақ, ертеңгі күні қоғамның билікке деген сеніміне селкеу түспей ме? Әдеп жөніндегі кеңестің отырыстарында өңірдегі мемлекеттік қызметшілердің түрлі жағдайы қаралады. Иә, кейбірі шынымен болмашы ағаттық жасап, оған түсіністікпен қараймыз. Ал енді бірі жұмыс орнында ащы су ұрттап, ұятқа қалып жатады. Оларға міндетті түрде тәртіптік шара қарастырылады. Мемлекеттік қызметшіге қойылатын талап пен міндеттер ҚР Әдеп жөніндегі Кодексте толық жазылған. Сала өкілдері соның аясында еңбек етсе болғаны.

 

Кенже КЕҢЕСБАЕВмемлекеттік қызмет саласының ардагері, Павлодар қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы:

 

– Меніңше, мемлекеттік қызметшілерді тар шеңбермен шектеп тастаған дұрыс емес. Олар да – құрылыс, өндіріс, банк қызметі сынды салалардың қызметкерлері. Сондықтан қандай да бір әрекеттері үшін қатты сөгіп, сынаудың қажеті жоқ. Мысалы, қазір мемлекеттік қызметшілердің қосымша табыс табуы кәдімгідей сүзгіден өтеді. Бірақ ипотекасы, несиесі бар немесе пәтер жалдап жүрген жас мамандардың жұмыстан бос уақытта, демалыс күндері неге такси қызметімен айналысып, отбасының қамы үшін азын-аулақ ақша табуына тыйым салуымыз керек?

Жалпы, бүгінде мемлекеттік салада еңбек етіп жүргендердің барлығы дерлік әлеуметтік желіден қорқады. «Қит» етсе көпшілік барлығын сол ғаламтор парақшаларына жүктеп, өзгелер теріс пкірі айтып, сынап жатады. Бұл ретте әкімдік қызметкерлерінің барлығын бірдей «сүттен ақ, судан таза» деп отырған жоқпын. Десе де, алдымен мәселенің байыбын түсініп алған артық болмайды. Бұл салада кадр мәселесі өткір тұр. Егер жан-жақтан қыспаққа алып, талапты күшейтер болсақ, осы салада қызмет етуді қалайтындардың қатары азаюы мүмкін. Керісінше жас мамандарды ынталандырып, қоғамдық жұмыстарға, қайырымдылық шараларына араластырса екен деймін. Тұрғындар мемлекеттік қызметшінің қызметін сыйлауды үйренуі керек деп есептеймін. Қысқасы, оларға қатаң шектеулер емес, қолдау мен көмек көбірек керек.

 

«Алаңды» үйлестірген – Айдана ҚУАНЫШЕВА.