Облыс әкімі Асайын Байханов кезекті рет азаматтарды жеке сұрақтары бойынша қабылдады. Облыс тұрғындары әлеуметтік қорғау, тұрғын үй құрылысы, ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік, спорт және тағы басқа салаларға қатысты мәселелерін айта келді.

 

Әсіресе, спорт саласына баса мән берілді. Айталық, бірінші топ мүгедектігі бар тұрғын мүмкіндігі шектеулі жандарға қолжетімді орта қалыптастыруға қатысты бірқатар сауалын жолдады. Бұл ретте қалалық бассейндердің бірін қайта жабдықтауды да сұрады. Ал велоспортпен айналысатын құрама команда спортшыларға жоғары деңгейдегі жарыстарға қатысып, оқу-жаттығу жиындарын өткізуге мүмкіндік беретін кәсіби клуб құруды ұсынды.

Облыс орталығындағы Академик Бектұров көшесі, 358 мекенжайы бойынша орналасқан үйдің тұрғындарының бірі шағын аудандағы ескі үйлерді бұзып, орнына жаңа баспаналар кешенін салу мәселесімен жүгінді.

Асайын Байханов барлық өтініштерге толық жауап берді. Ал уақыт пен қосымша пысықтауды қажет ететін сұрақтар мемлекеттік органдардың бақылауына алынды. Естеріңізге сала кетейік, өңір тұрғындары облыс әкімінің қабылдауына egov порталы, E-otinish.kz бірыңғай базасы немесе + 77021661661 WhatsApp нөмірі арқылы жазыла алады.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.