Photo Valeriy BUGAYEV

Өткен жылы елімізде «Адам құқықтары жөніндегі уәкіл туралы» Конституциялық заң қабылданған болатын. Бұл құжат азаматтардың құқығын қорғау мүмкіндігін одан әрі арттыра түсті. Бұл ретте облыс әкімдігі мен ҚР Адам құқықтары жөніндегі уәкіл арасында ынтымақтастыққа қол қойылды.

Облыс әкімдігінде аймақ басшысы Асайын Байхановтың төрағалығымен өткен активке ҚР Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Артур Ластаев, прокуратуралар, соттар, полиция департаменттерінің, қылмыстықатқару жүйесінің, уәкілетті мемлекеттік органдардың басшылары, сондай-ақ қалалар мен аудандардың әкімдері қатысты.

Аймақ басшысы өткен жылы «Адам құқықтары жөніндегі уәкіл туралы» Конституциялық заңының қабылданғаны азаматтардың өз құқықтарын қорғау мүмкіндіктерін кеңейткенін атап өтті.

– Бұл әділетті мемлекет құруға жасалған маңызды қадам деп санаймын. Біз үшін басым бағыт – адам құқықтарын қорғау, мұқтаж жандарға көмек көрсету. Өңірдегі мемлекеттік мекемелердің жұмыстары осы басымдыққа бағытталған, – деді А.Байханов.

Кездесу барысында Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Қазақстандағы адам құқықтарының ағымдағы жағдайы, омбудсмен институтының жұмысы мен міндеттері туралы баяндады. Артур Ластаев отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың, балаларға көрсетілетін қатыгездіктің және зорлық-зомбылықтың алдын алу шараларын күшейту қажеттігіне баса назар аударды. Құқық қорғау органдарын тергеудің объективтілігі мен бейтараптығын қамтамасыз етуге, қылмыстық процеске қатысушыларға қатысты озбырлық фактілерін болдырмауға шақырды.

Павлодар облысында азамат-тардың құқықтарын қорғаудағы және билік органдарына деген сенімді арттырудағы маңызды фактордың бірі – бұл өтініштердің мерзімдері мен қаралу сапасына жүйелі бақылауды қамтамасыз ету. Өңірде азаматтардың өтініштерімен жұмыс істеу бойынша экожүйе қалыптастырылып, «Е-Өтініш» ақпараттық жүйесі белсенді түрде қолданылады. Қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін «Қолжетімді полиция» және «Цифрлық полиция» жобалары енгізілді. Қазақстан Республикасының Конституциясымен және халықаралық актілермен кепілдендірілген адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз етудегі бірлескен күш-жігердің маңыздылығы мен тиімділігін назарға ала отырып, кездесу соңында Омбудсмен және Павлодар облысының әкімі өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Меморандумда адам құқықтарын сақтау және халықтың әлеуметтік осал топтарын қорғау саласындағы өзара іс-қимылды күшейту бойынша бірқатар мәселелер көзделген.

 

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Суреттерді түсірген – Валерий Бугаев.