Мәслихаттың мәртебесі өседі

Қар 27, 2025

Елімізде «Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару» заңына өзгертулер мен толықтырулар енгізу көзделуде. Бүгінгі күні осы мақсатта ҚР Парламенті Мәжілісінде жұмыс тобы іске кіріскен. Аталмыш жұмыс тобына Павлодар облыстық мәсли-хатынан өкілдер кіріпті. Осы орайды, облыстық мәслихаттың ұйымдастыруымен заң жобасы талқыланып, ұтымды ұсыныстар айтылды.

 

Жиынға қатысқан өңіріміздің облыстық қоғамдық кеңес төрағасы, барлық деңгейлі мәслихат төрағалары, депутаттар, облыстық мемлекеттік қызмет істері жөніндегі департамент басшысы қатысып, ойларын ортаға салды. Естеріңізге сала кетейік, елімізде «Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» заң 2001 жылы қабылданған. Оған дейін уақытша нормативті актілерге сүйеніп қызмет еткен.

Облыстық мәслихат төрағасы Илья Теренченко Мемлекет басшысы былтыр барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының республикалық форумында мәслихаттардың жергілікті өзін-өзі басқару жүйесінде алатын орнын әрі олардың өңірлердің экономикалық саясатына әсерін кеңейту қажеттігін айтқанын атап өтті.

– Президентіміз мәслихаттардың рөлін арттыруға, депутаттардың кәсібилігін арттыру, қаржылық өз-өзіне жеткіліктігіне мән берді. Жаңа заң жобасында осы жағына назар аударылмақ. Депутаттық корпус, мәслихат аппараттарының қызметіне көңіл бөлінбек. Атқарушы органдар жұмысына бақылау жүр-гізу тұрғысында біздің құзыретіміз кеңеймек. Жергілікті жерлерде басқару сапасына әсер етудің қосымша тетіктерін қалыптастыру көзделген. Бюджеттік процесте мәслихаттардың рөлін нығайтады. Яғни, депутаттарға жергілікті бюджетті қалыптастыруға және оның орындалуына мониторинг жүргізуге барынша белсенді қатысу мүмкіндігі берілмек. Ал бұл өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына тікелей әсер етеді, – деді И.Теренченко.

Сондай-ақ, ол қазіргі таңда мәслихат аппаратында мемлекеттік қызметшілер санының аздығы, жүктеменің көптігі кейбір істе өзіндік кедергісін келтіретінін атап өтті.

– Бүгінде мәслихат алдына өңірдің күнделікті өміріне етене араласу талабы қойылып отыр. Тұрғындармен жиі кездесу керек. Одан бөлек, депутаттық сауалдар дайындау бар. Есептік кезеңде өкілетті орган ретінде тұрғындарға есеп береді. Тұрақты комиссия отырыстары, мәслихат сессиясы өткізіледі. Азаматтарды қабылдау қажет. Бұл ретте, аппаратта бес депутатқа бір мемлекеттік қызметші бекітілген. Көппартиялылықты, жүктеменің артқанын, бүгінгі белсенділікті ескерсек, мемлекеттік қызметші қатары аздық етіп отыр. Осы жағдайды да заң жобасына енгізу ұсынылуда. Жалпы, жаңа заң жобасында мәслихат депутаттарына берілетін құзыреттер алдағы уақытта тұрғындардың көтерген мәселелерін шешуге көмегін тигізеді, сәйкесінше, депутаттарға деген сенім артады деп күтілуде, – деді Илья Сергеевич.

Облыстық мәслихат депутаты Динара Айтжанова заң жобасына қазіргі таңда жергілікті атқарушы органдардың құзыретін нығайтуға, басқару ашықтығын, билік пен тұрғындар өзара қатынасын арттыруға бағытталған 56 толықтыру енгізуге ұсыныс жасалғанын айтты. Ол әрбір өзгеріс мәслихаттардың басқарушылық бағытын жоғарылататынына сенім білдірді.

– Заң жобасында мәслихат қызметіне қатысты айтарлықтай толықтырулар қарастырылуда. Мәселен, аппарат басшысын тағайындау тәртібін нақтылау тұрғысында жаңа бап енгізілмек. Мұнда оның құзыреті егжей-тегжейлі жазылмақ. Яғни, басқару, сессияларды ұйымдастыру, қызметтік тәртіпті бақылау тетіктері қарастырылады. Сонымен қатар, депутаттардың бюджеттік комиссияларға қатысу, бюджетті нақтылау құқықтары кеңейтілмек. Тәртіптік бұзушылықтар үшін жауапкершілігі арттырылады. Тіпті, дауыс беру және сессияға қатысу құқығынан айыруға дейін шара қолданылмақ, – дейді Д.Айтжанова.

Одан бөлек, іссапар нормалары реттеліп, тұрақты негізде жұмыс істейтін депутаттарды қорғау тетіктерін енгізу көзделіпті. Сондай-ақ, депутаттық сауалдарды сессияда айту мүмкіндігі беріледі. Бұрын әр мәслихаттың ішкі саясаты мен регламентіне байланысты болса, енді нақты сауалын ортаға салу мүмкіндігі заңмен бекітілмек. Яғни, депутат атқарушы орган өкілдері отырған жиында депутаттық сауалын жария ету құқығын алады. Д.Айтжанова көпшілік алдында көтерілген сауал құзырлы органдар тарапынан оның уақытылы орындалуына жауапкершілікті арттыратынына сенімді. Сонымен қатар, ол заң жобасында депутаттық сауалға жазбаша түрде жауапты бір ай ішінде емес, 15 күн мерзімінде қайтаруды қарастыру қажет деген ұсынысын білдірді.

Облыстық мәслихат аппаратының басшысы Альмира Құсайынова аппарат басшыларының құзыретіне заң жобасында мән берілуі өзіндік оң өзгеріс әкелетініне сенім білдірді. Сондай-ақ, ұсыныстарын ортаға салды.

Жиында облыстық қоғамдық кеңес төрағасы Бәкір Демеуов, мемлекеттік қызмет істері департаментінің басшысы Мәдияр Әбілдин, аудандық, қалалық мәслихат төрағалары, саясаттанушы Борис Поломарчук ойларын айтып, ескеретін тұстарын көрсетті.

Отырыста айтылған және барлық деңгейлі мәслихаттардан түскен ұсыныстар апта соңына дейін қабылданып, заң жобасы қаралатын жұмыс тобы жолданбақ.

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.