Нақты іске жұмсалмақ

Мау 26, 2025

Облыстық мәслихаттың кезектен тыс сессиясында бюджетке өзгерістер мен толық-тырулар енгізіліп, нақтыланды. Соған сәйкес, жергілікті қазынадағы қомақты қаржы маңызды әлеуметтік, инфрақұрылымдық жобаларға, аймақтағы ауқымды істерге жұмсалатын болды.

Сессия жұмысына облыс әкімінің міндетін атқарушы Серік Батырғожинов, аудан-қала әкімдері, облыстық мәслихаттың 23 депутаты, аудандық және қалалық мәслихаттардың төрағалары қатысты.

Жиын барысында бірқатар мәселе қаралды. Облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Ирина Назарчук бюджет қаржысын пайдалануға қатысты өзгерістерге тоқталды. Айтуынша, облыстық бюджет 494 млрд теңгені құрап отыр. Бұл ретте кейбір шығындарды азайтып, қаржыны әлеуметтік маңызы бар істерге бағыттау ұйғарылды.

— Соның нәтижесінде әлеуметтік саладағы нақты мәселелер шешімін таппақ. Мәселен, Павлодар ауданы Бірлік ауылындағы жаңа мектепті сатып алуға қосымша 485 млн теңге, оқушыларды мектепке тегін тамақтандыру үшін 145 млн теңге, Ақтоғай ауылындағы балабақшаны қажетті жабдықтармен қамта-масыз ету мақсатында 89 млн теңге қарастырылып отыр, — деді И.Назарчук.

Сонымен қатар, облыс орталығындағы әуежайды жаңғырту жұмыстарына жергілікті қазынадан қосымша 673 млн теңге бөлінеді. Ал төтенше жағдайлар департаментіне өртке қарсы мониторинг жүргізу үшін тағы 30 млн теңге қарастырылмақ.

— Су жинап, өрт кезінде оны шашатын тікұшақ алу жоспарда бар. Ол патрульдік бақылау жүргізіп, өртті де сөндіре алады. Әсіресе, «Ертіс орманы» табиғи резерваты, «Баянауыл» ұлттық табиғи паркі аумағында төтенше жағдай туындай қалса тиімді болмақ, — деді С.Батырғожинов.

Сессия барысында Павлодар және Ақсу қалаларын-дағы бірнеше көшенің атауын ауыстыру, уақытша пайдалануға берілетін ауыл шаруашылығы жерлерінің шекті аумағын белгілеу мәселелері қаралды.

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА.