Болашағын мемлекеттік қызметпен байланыстырғысы келетін жас мамандар кейде неден бастау керектігін білмей жатады. Енді бірі бұл қызметтің басты ерекшеліктерінен бейхабар болатыны бар. Сондықтан, бұл салаға бет бұруға бекем жүргендер оқуын бітірмес бұрын жас мемлекеттік қызметші мектебінің жәрдеміне жүгіне алады.
Мұндай мектеп аймағымызда ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Павлодар облысы бойынша департаменті жанынан жұмыс істейді. Аталмыш департаменттің бас маманы Әлихан Тәжиевтің айтуынша, бұл — мектеп жас түлектерді еңбек нарығына бейімдеуде таптырмас тетік.
Келешекте мемлекеттік қызметте еңбек етіп, өсіп, биіктегісі келетін университет пен колледж 3-4 курс студенттері өтініш білдіре алады. Әр оқу жылының басталуынан қазан айының соңына дейін студенттер департаментке өтініш білдіре алады.
— Жыл сайын Павлодар, Екібастұз және Ақсу қалаларындағы жоғары оқуы орындары мен колледждерді аралап, студенттерге ақыл-кеңес береміз. Жас түлек мектебінің қандай бағытта жұмыс істейтінін, кімдер қатыса алатынын түсіндіреміз. Әлбетте, нақты мақсаты бар жастар ниет білдіріп, мектебімізде үзбей оқып, жұмысқа орналасып кетеді, — дейді Әлихан Ерланұлы.
Бұл мектепте мамандар жастарды еңбек нарығына дайындап, кәсіби әрі тұлғалық тұрғыдан дамуға бағыт береді. Болашақта мансаптың өсуіне көмектеседі. Жоба 2006 жылдан бері қолға алынған. Жас мемлекеттік қызметші мектебі бағдарламасына жоғары оқу орындарының түлектері, соңғы курс студенттері, кәсіптік колледждердің түлектері және біліктілігін арттыруға ниетті жас мамандар қатыса алады.
— Мектепте сабақтар оффлайн және онлайн түрде өткізіледі. Мұнда жас түлектердің, студенттердің көшбасшылық қасиеттерін, дұрыс қарым-қатынас, тілдесудің, уақытты тиімді басқарудың қыр-сыры үйретіледі. Яғни, жеке дамуына көңіл бөлінеді. Ал кәсіптік дағдылары тұрғысынан өзі таңдаған салаға сай техникалық білім беріледі. Жұмысқа орналасу үшін түйіндемені тап-тұйнақтай етіп жазу, жұмыс берушімен сұхбаттасуға тиянақты дайындаймыз, — дейді департамент өкілі.
Білімін жетілдіруге, нарықта бәсекеге барынша қабілетті болуға талпынатындар аталмыш мектепте оқуға ұмтылады. Мемлекеттік қызмет істері департаменті қарамағындағы жас түлек мектебіне экономика және қаржы, ақпараттық технологиялар, құқық және басқару, инженерия, білім беру мен медицина бағыттарында оқып жүрген және бітірген жас азаматтар қабылданады. Жалпы, мемлекеттік қызмет бағытына сәйкес келетін мамандық иелері оқи алады. Осы бағытта, мектеп мамандары Павлодардағы Торайғыров университетімен, Инновациялық Еуразия университетімен, сондай-ақ, Павлодар мемлекеттік техникалық колледжі, кәсіби білім беру мекемелерімен тығыз жұмыс істейді. Одан бөлек, Екібастұз бен Ақсу қалаларындағы колледждердің де студенттері бұл мектептен білім алып, білікті мамандардың ақыл-кеңесін тыңдай алады. Оқу бітіріп, қолдарына диплом алған соң қай мекемеде қандай вакансиялар барын да айтып, оған орналасу үшін қандай кезеңдерден өту керектігі де егжей-тегжейлі түсіндіріледі. Ең бастысы, өзін дамытуға әрі еңбек нарығында сұранысқа ие маман атануға ниеті болуы тиіс.
Мемлекеттік және жергілікті басқару мамандығын таңдап, оқу барысында болашағын нақты мемлекеттік қызметпен байланыстыратынын білген Сабина Қанапьянова да оқуының соңғы курсында біз сөз етіп отырған мектепке барады.
— Мемлекеттік және жергілікті басқару мамандығын таңдадым. Шыны керек, оның негізгі бағыт-тарын аса білмеген едім. Университетте оқу барысында ұнаттым, таңдаудан жаңылмағанымды ұқтым. Келешекте осы салаға бет бұратынымды нақты білдім. Содан ұстаздарымнан жас мемлекеттік қызметші мектебі барын естідім. Соңғы курстың ортасында департаментке барып, өтініш жаздым. Құжаттарымды тапсырып, оқуға кірістім. Бірнеше апта бойы таңнан кешке дейін мемлекеттік қызмет саласының қыр-сырын, бізден талап етілетін білім мен білік жайлы жан-жақты ақпарат алдық. Түрлі психологиялық тренингтер өткізілді. Мемлектетік қызметте көп жыл еңбек етіп жүрген спикерлер келіп, тәжірибелерімен бөлісті. Мемлекеттік қызмет академиясында өткізілген сабақтарды түйіндеп, топ-топқа бөлініп, жобаларымызды қорғадық. Кейінгі уақытта да ақыл-кеңес алып отырдым, — дейді С.Қанапьянова.
Ол Торайғыров университетін тәмамдаған соң бірден мемлекеттік қызметтегі бос орындарды қарастыра бастайды. Бұл сәтте де өзі білім алған Жас мемлекеттік қызметшілер мектебінің мамандары жөн көрсетіпті. Себебі, Сабина E-Qyzmet порталына қалай кіріп, тіркелетінін білмеген еді. Осының бәрін мектептің көмегімен түсініп, қазіргі қызметіне де орналаса алған. Бос орын туралы біліп, тиісті тестілеуден сәтті өтеді. Ол тестілеуден өту үшін қандай заңдарды оқып, дайындалу керектігін де жас қызметшілер мектебінің мамандары түсіндіріп, үйреткен. Бүгінде ол Мемлекеттік қызмет істері департаментінің мемлекеттік қызмет саласын бақылау басқармасында бас маман болып еңбек етуде. Өзімен қатарлас білім алғандардың да бүгінде мемлекеттік қызметте жүргенін айтады.
Ал Іңкәр Әшім ақпараттық жүйелер мамандығы бойынша білім алған. Бірақ, бұл оқуға түсерде болашағын мемлекеттік қызметке арнаймын деген ойы да болмапты.
— Университетте оқып жүргенде жас мемлекеттік қызметші мектебі жайлы білдім. Содан бағымды сынап, құжаттар тапсырып көруді жөн көрдім. Эссе жазып, іріктеуден өттім. Мамандардың дәрісін тыңдап, бір апта тәжірибеден өткен соң мемлекеттік қызмет саласына қызығушылығым ашылды. Сөйтіп, барлық кезеңдерден сүрінбей, бүгінде Павлодар облыстық мемлекеттік қызмет істері департа-ментінің мемлекеттік қызмет көрсету басқармасында бас маман болып қызмет етемін, — дейді Іңкәр.
Бұл — бірнеше ғана мысал. Демек, бағыт беріп, жөн сілтеу алдағы жолын айқындай алмай жүргендерге қаншалықты маңызды екенін осыдан түсінуге болады. Сондықтан, мұндай жас мамандар мектебінің нақты ниеті мен талпынысы бар азаматтарға берері мол екені анық.
Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.