Халық депутаттарға сенім артып, мәселелерін билікке жеткізіп, шешу жолдарына жәрдемдеседі деген ниетпен дауыс беріп, сайлап алады. Яғни, билік пен халық арасында байланыстырушы міндет атқарады. Сайлаушылардың талап-тілегін тыңдап, мұң-мұқтажына құлақ асуы тиіс. Жоғары мінберлерден тұрғындардың қалауын айтады. Қоғамдағы өзекті мәселелерге үн қосып, елдің ортасында жүреді. Өзі еңбек ететін саланың ішкі түйткілдерін жақсы білгендіктен, оларды оңтайлы етуге де ой қосады. Облыстық мәслихаттың депутаты Арман Мұсабеков те осындай үдеден шығуға ұмтылып, депутаттық мандатына сын келтірмеуге барын салуда. Бұл ретте, халық қалаулысын сөзге тартып, депутат ретінде атқарып жатқан жұмыстарын білген едік.
– Арман Төлегенұлы, алдымен, облыстық мәслихаттың депутаты ретінде атқарып жатқан жұмыс-
тарыңызға тоқталсаңыз. Депутат ретінде соңғы уақытта қай мәселелерге мән берудесіз?
– Сайлаушылар сенім артқаннан кейін бар білген-түйгенімізге сүйене отырып, депутаттық міндетімізді атқарып келеміз. Алдымен, депутат ретінде азаматтарымыздың өмір сүру сапасына әсер ететін мәселелерге көңіл бөлуге тырысамын. Бұл – әлеуметтік сала. Мектеп, аурухана құрылысы, жөндеу жұмыстарының сапалы жүргізілуін қадағалаймыз. Ауылдардың таза ауызсумен қамтылуы да — назарымызда. Коммуналдық қызметтің барысы да бақыланады. Облыстық мәслихат тарапынан денсаулық сақтау саласына айрықша мән беріледі. Қазіргі таңда біз медициналық мекемелердің материалдық-техникалық базаларын нығайтуға күш салып жатқан жайымыз бар. Әсіресе, аудандық ұйымдардың орны бөлек. Ауылдық елді мекен тұрғындарына сапалы көмек көрсету үшін заманауи жағдай жасалуының қаншалықты маңызды екені айтпасақ та түсінікті болар.
– Медицина саласының өкілі ретінде осы саладағы кейбір мәселелерді депутаттық мінберден көтеріп жүрген боларсыз. Нақты, денсаулық сақтау саласына қатысты қандай тақырыптар мәслихат деңгейінде айтылып, өз шешімін табуда?
– Денсаулық сақтау саласының басым бағыттарының бірі — кадрмен қамтамасыз ету. Дәрігерлер мен орта медициналық қызметкерлер тапшылығы өте қатты сезіледі. Мәслихатта дәл осы мәселеге терең мән беріп келеміз. Нақтысы, жас мамандар тарту, олардың кәсіби өсуіне және сол жерде тұрақтап қалуына жағдай жасау бойынша шаралар жиі талқыланады. Сонымен қатар, аурулардың алдын алу және халықтың медициналық сауаттылығы мәселелерін де назардан тыс қалдырмаймыз. Себебі, адамдардың саулығы – өңіріміздің әл-ауқатының негізі.
– Халық қалаулысының негізгі міндеттерінің бірі өзі сайланған округ сайлаушыларының талап-тілегіне құлақ асу екенін білеміз. Осы ретте, сайлаушыларыңызбен қаншалықты жиі кездесесіз? Олар қандай мәселелер көтеріп жүр? Шешімін тапқандары болса, мысал келтірсеңіз.
– Әлбетте, сайлаушылармен кездесу — депутаттық жұмысымның ажырамас бөлігі. Азаматтарды жүйелі түрде қабылдап, талап-тілектерін тыңдаймыз. Ауылдарға шығып, мектеп, медицина мекемелерінің тынысымен танысамыз. Еңбек ұжымдарымен де жиі жүздесіп, ойларын тыңдаймыз. Облыстық мәслихат жанындағы қоғамдық қабылдау жұмыс істейді. Оған да мұң-мұқтажын, өтініштерін арқалап азаматтар келіп тұрады. Көпшілік түрлі бұйымтаймен келеді. Мұнда жол, сумен қамту, аулаларды абаттандыру, әлеуметтік қолдау, сондай-ақ, медициналық көмектің қолжетімділігі сынды мәселелер көтеріледі.
Мәселен, ауылдық елді мекендерінің бірінің тұрғындарының өтініші бойынша ауылдық амбулаторияның жөнделуіне және жаңа жабдықтың орнатылуына қол жеткіздік. Яғни, оған қаржы бөлінуіне күш салып, тұрғындардың тілегі орындалды. Бұл — тұрғындармен және атқарушы органдармен бірлескен жұмыстың нақты нәтижесінің айқын үлгісі. Бастысы, осылайша, адамдар олардың үнінің жоғары жаққа жететінін, депутаттардың тұрғындар мүддесін қорғау жолында шынымен жұмыс істеп жатқанын сезінгені абзал.
– Әлеуметтік сала қоғам мүшелерінің бәріне қатысы бар екені сөзсіз. Сіз осы бағыттағы тұрақты комиссия құрамындасыз. Мұнда қандай тақырыптар талқылануда? Жалпы, тұрақты комиссия-
ның жұмысына да тоқталсаңыз.
– Иә, облыстық мәслихаттың әлеуметтік саясат мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының мүшесімін. Біздің назарымызда негізгі бағыттар – денсаулық сақтау, білім беру, жұмыспен қамту, мәдениет, спорт және тұрғындарды әлеуметтік қорғау салалары. Азаматтардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған мемлекеттік және өңірлік бағдарламалар комиссия отырыстарында талқыланады. Әсіресе, медициналық мекемелерді жаңғырту, мектептер мен балабақшалар құрылысына, көпбалалы және аз қамтылған отбасыларды қолдауға мән береміз. Халықты тегін дәрі-дәрмекпен қамту, сирек кездесетін сырқаттарға шалдыққан науқастардың аса қымбат медикаменттермен қамтылуы мәселелерін қараймыз. Бюджеттік қаражаттың тиімді пайдаланылуын қадағалау да біз үшін өте маңызды. Өйткені, әлеуметтік қажеттіліктерге бөлінген әрбір теңге облыс тұрғындарына айтарлықтай пайдасын әкелуі тиіс.
– Көпшілік көкейіндегі сауалдарын, шешімін күткен түйткілдерін көбінде қоғамдық қабылдауларда айтып, жәрдем сұрайды. Қоғамдық қабылдау барысында қандай сұрақтар жиі айтылады? Тұрғындарды не мазалайды? Солардың ішінде сіздің араласуыңызбен шешімін тапқан жағдай болса, айта кетсеңіз.
– Тұрғындардан өтініштер жүйелі түрде түсіп тұрады, олардың мазмұны сантүрлі. Адамдарды негізінен коммуналдық инфрақұрылым мәселелері алаңдатады. Бірі жол сапасына шағымданса, бірі су, жылумен қамту мәселесін көтереді. Денсаулық сақтау, әлеуметтік қолдау, еңбекпен қамту мәселелері бойынша қоғамдық қабылдауға жиі жүгінеді. Әрбір өтінішке көңіл бөлеміз. Тұрғындардың талап-тілектерін депутаттық сұраныс хат ретінде жолдаймыз. Әкімдіктермен, құзырлы органдармен бірлесіп, шешу мүмкіндіктері қарастырылады. Мәселен, жуырда облыс орталығында шағын аудандардың бірінде тұрғындардың өтінішімен су құбырлары желісіне жөндеу жүргізуге және сорғы жабдығын орнатуға қол жеткіздік. Нәтижесінде, сумен байланысты мәселе толық шешімін тапты.
Мен үшін тұрғындардың нақты қолдауды сезінгені маңызды. Депутатты жәрдем сұрап, жүгінетін, көмек алатын адам ретінде көпшілік қабылдағаны жөн. Облыс тұрғындарының игілігі үшін еңбек ету — өз басым үшін мәртебе. Билік пен тұрғындармен бірлескен күшпен ғана нақты оң өзгерістерге қол жеткізе алатынымызға сенімдімін.
– Сұхбатыңызға рақмет!
Сұхбаттасқан – Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.
