Кеше өңірімізге аймағымыздан сайланған ҚР Парламенті Сенаты мен Мәжілісі депутаттары келді. Сенаторлар Алтынбек Нухұлы мен Ернұр Әйткенов облыстық және қалалық мәслихат депутаттарымен кездесіп, өңіріміздің республикалық деңгейде қозғауды қажет ететін мәселелерін талқыға салды
Сенат депутаты Алтынбек Нухұлы облыстық және қалалық мәслихат депутаттарымен мұндай кездесудің алғаш рет ұйымдастырылып отырғанын атап өтті. Бұл өте ұтымды ұсыныс болғанын, осы ретте облыстық мәслихаттың төрағасы Илья Теренченкоға алғысын білдірді. Себебі, мұндай байланыс тұрғындардың талап-тілегін, өңір қажеттілігін бірлесе шешуде өте тиімді екенін айтты. — Біз жоғары мінберлерде өзіміз сайланған өңірдің өзекті мәселелерін қозғауға күш саламыз. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында облысқа қаржы бөлінуі үшін Сенат деңгейінде жұмыс істедік. Мәселен, Успен ауданында жол жөндеуге 114 млн теңге қарастыруға атсалыстық. Ертіс ауданының Амангелді ауылына апаратын жол мәселесін шешуге де араластық. Жыл сайын Қ.Сәтбаев каналынан су босатуға бөлінетін қаржы мардымсыз. Осы мәселені де Мәжіліс депутаттарымен бірлесіп көтеріп, оңынан шешілуіне күш салдық. Облыс басшылығы да республикалық деңгейде шешімін күткен өзекті мәселелерді бізге таныстырды. Оларды да көтеріп, құзырлы министрліктермен жұмыс істейміз. Қазіргі таңда Сенат жұмысына өзгеріс енгізілді. Заң шығару басты міндетіміз болса, енді өзіміз сайланған өзеті мәселелерін шешу де басты мақсатымызға айналды, — деді Алтынбек Нухұлы. Ал сенатор Ернұр Әйткенов өткен жылы Парламенттің күшімен елде орын алған оң өзгерістерді тізбектей келе, әріптестеріне жобалық-сметалық құжаты әзір, салалық министрліктерге өтінімі уақытылы жолданса, оларды ары қарай шешуге бар күшімізді саламыз, — деді. Жиында облыстық қоғамдық кеңес төрағасы Нұрлан Нәбиев Ертіс өзенінің таяздап кеткенін, «Жеке қосалқы шаруашылық туралы» заңның жоқтығын, «Жайылымдар туралы» заңының толыққанды іске аспай жатқанын алға тартты. Себебі, бұл мәселелерді қоғамдық кеңес мүшелері жиі көтеретін көрінеді. Сенат депутаты Е.Әйткенов қазіргі таңда «Жайылымдар туралы» заңға өзгерістер енгізіліп жатқанын мәлімдеді. Оған қоса, топырақтың тозуына байланысты «Топырақ туралы» жеке заң қабылдау қолға алынбақ. Облыстық мәслихат депутаттары да республикалық деңгейде қарастырылуы тиіс сұрақтарды қойып, оларды шешуге қолдау көрсетуді сұрады. Мәселен, облыстық мәслихат депутаты Асылбек Туғанбай кейбір бюджеттік мекемелерде жалақыға қатысты теңсіздік туындап жатқанын айтты. Мысалы, орман шаруашылығы саласы қызметкерлерінің жалақысы көтерілгенімен, сонда қызмет ететін тракторшы, күзетшілер бұл қамқорлықтан шет қалған көрінеді. Алтынбек Нухұлы мәселені өзі жұмыс істейтін комитетте қарастыруға уәде етті. Айтуынша, қазіргі таңда ғылым саласындағы мамандардың айлығын арттыруға маңыз берілуде.
Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.