Отанды жүрекпен сүю керек

Ақп 13, 2025
Photo Valeriy BUGAYEV

Өңірімізге «Тәуелсіз Қазақстанның халық батырлары» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы, Халық қаһарманы, генерал-лейтенант Бақытжан Ертаев келді.

Облыс әкімдігінде жергілікті билік өкілдерімен арнайы кездесу өтіп, өскелең ұрпақты отансүйгіш-тікке тәрбиелеу мәселелері талқыланды. Сонымен қатар, облыс әкімінің орынбасары Әйгерім Қабылтаеваның қатысуымен өткен кездесуде «Tәуелсіз Қазақстанның халық батырлары» республикалық қоғамдық бірлестігінің IV конференциясын өткізу мәселесі пысықталды. Бұл жиынды осы жылдың қыркүйек айында облыстың оқу орындарында өткізу жоспарланып отыр. Қазақстанның Халық қаһарманы басшылық ететін қоғамдық бірлестік бүгінде жастарды патриотизмге тәрбиелеу, діни және ұлтаралық толеранттылық, әлеуметтік теңдік бағытында ауқымды тәрбие жұмыстарын жүргізуде.

Бақытжан Ертаев Қазақстанның жастар Отанға, отандастарға, қоршаған әлемге құрметпен қарау да патриотизм екенін түсініп өсуі тиіс екенін атап өтті.

— Отанды әкелеріміз сүйгендей жүрекпен сүю керек. Мен аты аңызға айналған жерлесім — соғыс батыры Бауыржан Момышұлының арқасында әскери адам болдым. Біз Қабанбай батыр, Наурызбай батыр, Мәншүк Мәметова, Әлия Молдағұлова және басқа да қолбасшылар мен батырларды мақтан тұттық. Осы батырларды үлгі етіп, жастарды тәрбиелеу қажет, — деген жалынды сөздермен кездесуді түйіндеді Бақытжан Ертаев.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Суретті түсірген — Валерий Бугаев.