ҚР Туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев Павлодар облысына жұмыс сапарымен келді. Өңірдегі спорт қауымдастығымен кездесу барысында вице-министр басқарма қызметінің негізгі бағыттарына тоқталып, жалпы саланың алдында тұрған жоспар, міндеттерімен бөлісті.

Отырыс барысында вице-министр министрліктің туризм және спорт саласындағы негізгі бастамаларына, сондай-ақ, жаңартылған «Дене шынықтыру және спорт туралы» заң жобасында көрсетілген жұмыстың басым бағыттарына тоқталды. Ол 2024 жылғы 13 қарашада Мәжілісте бірінші оқылымда қабылданған жаңа заң жобасы бұқаралық және балалар спортын дамытуға, қаржыландырудың ашықтығын арттыруға және ұлттық спорт түрлерінің рөлін күшейтуге бағытталған маңызды өзгерістерді қамтитынын атап өтті.

— Спорт саласындағы ресурстарды ашық және әділ бөлу – чемпиондардың жаңа буынын өсірудің және барлық қазақстандықтар үшін қолайлы жағдай жасаудың негізі. Бұл ретте, әрбір облыс, әрбір спорт мектебі балалар мен жасөс-пірімдерді қызықтыратын орталыққа айналуы тиіс. Біздің міндетіміз – спортты қолжетімді және тартымды ету, сондай-ақ, әрбір адамның спорттық әлеуетін барынша арттыру үшін жағдай жасау, — деді вице-министр.

Сонымен қатар, жиында 2025 жылы пилоттық режимде іске қосылуы жоспарланған балалар мен жасөспірімдер спорт мектептерін жан басына шаққандағы қаржыландыруды енгізу перспективалары да талқыланды. Оның айтуынша, министрліктің жұмысы бұқаралық және балалар мен жасөспірімдер спортын дамытуға қайта бағытталады, басқару вертикалы және спорттың осы немесе басқа түрін дамыту мәселелері өзгереді.

— Өңірлерде спорттың басым түрлерінің тізімі жасалады. Мысалы, республикада 179 спорт түрі — бюджеттен қаржыландырылады, оның 94-і ғана жоғары жетістіктер спортының тізіміне енсе, 11-і республикалық жарыстар. Ал қалған 74 спорт түрі бұл критерийлерге мүлдем сәйкес келмейді. Біз қаржыландыратын спорт түрлерін 60-65-ке дейін қысқартамыз. Олимпиадалық, паралимпиадалық, ұлттық спорт түрлеріне, сондай-ақ, Азия ойындары бағдарламасына басымдық беріледі, — деді Серік Жарасбаев.

Вице-министрдің айтуынша, мұндай ысырап-шылдық ақыры Токио мен Париж Олимпиадаларында көңіл көншітпейтін нәтижеге әкелді. Салыстыру үшін, Өзбекстан мемлекеті 10-20 спорт түрін қаржыландырса, Беларусьте – 50, Германияда 20 спорт түрі мемлекеттік қолдауға ие.

— Қазақстанда 13 мыңнан астам жаттықтырушы жұмыс істейді, олар жақын арада аккредитация- дан өтуі керек. Еліміздің бір өңірінде 30 спорт мектебінің онын спорттан мүлдем алшақ адамдар басқарған фактілер бар. Павлодар облысында мұндай жағдайлар болған жоқ. Бүгінгі таңда Павлодар облысында 24 356 оқушы оқитын 24 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі табысты жұмыс істеп жатыр. Сондай-ақ, министрлік әр өңірмен бірлесіп «E-Sport» цифрлық платформасын құру бойынша жұмысты жалғастыруда. Алдағы уақытта бапкерлердің жалақысы көтеріледі. 2028 жылға дейін тәлімгерлердің жалақысын 30 пайызға арттыру жоспарлануда, — деп толықтырды ол.

Кездесу соңында жиынға қатысушылар аймақтың спорт инфрақұрылымын дамытудың жаңа тәсілдері, ауыл спортын дамыту, спорт нысандарын жаңғырту сынды мәселелерге тоқталып, көкейлерінде жүрген сұрақтарына тұшымды жауаптарын алды.

А.МҰҚЫШЕВ.