Photo Valeriy BUGAYEV

Биыл аймағымызда атқарылған істер ауқымды. Халықтың әл-ауқатын жақсарту, әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерді арттыру, инфрақұрылымды жақсарту бағытында келелі жұмыстар жүзеге асты. Бұрнағы күні аймақ басшысы Асайын Байханов облыстық қоғамдық кеңес алдында осы жылды қорытындылап, келесі жылға белгіленген жоспарлармен таныстырды.

Қоғамдық кеңес алдында баяндама жасаған аймақ басшысы Асайын Қуандықұлы Нұрлан Нәбиевтің төрағалығымен қоғамдық кеңестің үшінші шақырылымының жұмысы аяқталғанын атап өтіп, бірлесіп атқарған жұмыс үшін алғысын білдірді.

— Азаматтардың толғандырған мәселелерін шешу бойынша ауқымды жұмыстар атқарылды. Қоғамдық кеңес мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғам арасындағы байланыстырушы буын болды, — деді облыс әкімі.  Отырыста Асайын Байханов жұмыстарды қорытындылап, келесі жылға арналған жоспарларды баяндады.

— Биылғы жыл қаншалықты қиын болғанына қарамастан, біздің өңір үшін сәтті түйінделді. Павлодар облысы әлеуметтік-эконо-микалық көрсеткіштер бойынша республикадағы үздік өңірлердің қатарына кірді. Облыс экономикасына 950 млрд теңге инвестиция тартылды. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен 36 пайызға жоғары. Оның ішінде 88 пайыз — жеке компаниялардың қаржысы. Бұл өңірде қолайлы инвестициялық ахуал қалыптасқанын білдіреді, — деп атап өтті Асайын Байханов.

Өңірдегі барлық әлеуметтік міндеттемелер толық көлемде орындалды. Аймағымыз жұмыссыздықтың салыстырмалы төмен деңгейін, яғни, 4,7 пайыздан аспайтын көрсеткішін сақтай алады. Оған 26 мыңнан астам жаңа жұмыс орнының құрылуы ықпал етті.

Инженерлік инфрақұрылымға да ерекше назар аударылды. Өңірде 30 шақырымнан астам жылумен жабдықтау желісі, 28 шақырымға жуық сумен жабдықтау және су бұру желілері қайта жаңартылып, 4 жылу магистралі салынды. Бұл апаттар қаупін азайтуға мүмкіндік берді. Дей тұрғанмен, желілерді жаңарту бойынша әлі де бірқатар жұмыс жүргізу қажет.

Облыс әкімі өңір тұрғындарымен кездесулерден кейін азаматтардың көптеген өтініші ескерілгенін атап өтті. Биыл 35 млрд теңгеге 641 шақырым жол мен көше жөнделді, оның ішінде 44 ауылдың 122 шақырым кіреберіс жолы бар. Барлық кіреберіс жолға асфальт төсеу жұмыстарын 2026 жылы аяқтау жоспарлануда.

Облыс ауылдарын таза ауызсумен қамтамасыз ету көрсеткіші 99 пайызды құрады. 2024 жылы 11,5 млрд теңгеге 73 әлеуметтік нысан қайта жаңартылды. «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында облыс аудандарында жыл соңына дейін 30 жаңа медициналық нысан ашылады. Мемлекет басшысының бастамасымен «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы бойынша Павлодарда 1800 орындық екі жаңа мектеп салынуда. Соңғы екі жылда 218 автобус жаңартылды. Жыл соңына дейін жаңа автобустардың саны 250-ге дейін жеткізіледі. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша облыс орталығының трамвай жүйесін жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Барлығы 70 трамвайды жаңарту жоспарлануда.

Асайын Байханов 2025 жылы да азаматтардың әл-ауқаты мен өмір сүру сапасы басты назарда болатынын атап өтті. Келесі жылдың бюджетінде бірқатар жаңа бастамалар қарастырылған. Олар — Успен, Ертіс, Көктөбе ауылдарында бассейндер құрылысының басталуы, Аққулы ауданының Тілектес ауылы мен Павлодар ауданының Бірлік ауылында 2 жаңа мектептің құрылысы. Баянауыл туристік аймағын дамыту үшін Сабындыкөл көлінің жағалауы мен жағажайын жайластыру, Баянауыл ауылында визит-орталық пен бақылау алаңын салу ескерілді.

Отырыста аймақ басшысы қоғамдық кеңес мүшелерін Құрмет грамоталарымен және Алғыс хаттармен марапаттады. Өз кезегінде сараптамалық жұмыс топтарының мүшелері сөз сөйледі. Кездесу қорытындысы бойынша Павлодар облысының қоғамдық кеңесі облыс әкімінің есебін бірауыздан мақұлдады.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Суреттерді түсірген — Валерий Бугаев.