Былтыр 5 маусымда елімізде республикалық референдум өткен болатын. Нәтижесінде, 1995 жылдың 30 тамызында жалпы дауыс беру арқылы қабылданған қолданыстағы негізгі заңдардың үштен бір бөлігі жаңартылды. Ең бастысы, әр салада тың өзгерістер серпін алып, жаңа саяси мәдениет пен азаматтық қоғам қалыптаса бастады.
Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биыл VIII сайланған Парламенттің І сессиясындағы сөйлеген сөзінде де атап өтті.
— Референдумнан кейін Конституцияның жаңа талаптарына сай билік тармақтарын түгел жаңғыртуға кірістік. Халықтың да көптен күткені осы еді. Конституциялық өзгерістерге сәйкес Президент сайлауы, Сенат, Мәжіліс және мәслихаттар сайлауы өтті. Референдумды қосқанда бір жылға жуық уақыттың ішінде өте маңызды 5 саяси науқан өткізілді. Оның бәрі аса күрделі кезеңге тұспа-тұс келді. Қаншалықты күрделі болса да, біз еліміз үшін өте қажет жолды қысқа мерзім ішінде жүріп өттік. Қазақстанның жаңарып, жаңғыра бастағаны-
на жұрттың көзі жетті, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Осылайша, Президент халық бірлігі, әлеуметтік әділдік және ішкі саяси тұрақтылық секілді құндылықтарға баса мән беру керектігін айтты. Бүгінде референдумның қабыл-данғанына бір жылдан астам уақыт өтсе де, елде бірқатар игі бастамалар көрініс тапты. Алдымен ел экономикасын дамыту мақсатында шағын және орта бизнесті толыққанды қолдауға бағытталған іс-шаралар қабылдана бастады. Президент Үкіметке экономиканың негізгі салаларына қомақты инвестиция құюды және шетелдік инвесторларды тарту міндетін жүктеді. Сонымен қатар, шетелдегі қалталы қандастарымыздың да тарихи Отанын өсіп-өркендетуге үлес қосуына мүмкіндік беретін «Ата жолы» картасы іске қосылды. Сондай-ақ, әлеуметтік тұрғыда аз қамтылған отбасылары мен жастардың шағын кәсіппен айналысуы үшін мемлекет тарапынан берілетін қайтарымсыз гранттардың көлемі артты. Денсаулық сақтау саласында да тың жобалар қолға алынуда. Мәселен, биылдан бастап «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» пилоттық жобасы іске асуда. Елдегі емдеу мекемелері заманауи жабдықтармен толығып, қаржыландыру көлемі артты. Білім беру саласында да алға басу байқалады. Балалардың сапалы білім алуы үшін жаңа мектептер салынуда. Тек осы жылы еліміз бойынша 154 мектеп бой көтермек. Ағымдағы жылдан бастап педагогтардың біліктілігін арттыру талаптары жеңілдетіл-
мек. Әлеуметтік салада да үлкен өзгерістер орын алуда. Биыл 1 шілдеде қабылданған «Әлеуметтік кодекс» аз уақыттың ішінде өз тиімділігін көрсетті. Ел тұрғындары үшін мемлекеттік қызмет алу талабы жеңілдеп, мүгедектігі бар жандардың мәселелері оңынан шешілуде. Сонымен қатар, заңдағы өзгерістерге сәйкес, биыл 1 қаңтарда Конституциялық сот өз қызметін бастады. Сөйтіп, әр азамат өзінің конституциялық құқығы мен бостандықтарын тікелей осы органда қорғауға мүмкіндік алды. Еліміздің басты байлығы – халқымыз және оның жайлы тұрмысы. Осы орайда Ата заңымызға енгізілген жаңа ережелер, яғни Қазақстанның аралас сайлау жүйесі, аудан және қала әкімдерінің сайлауы сынды маңызды қадамдар халықтың әл-ауқатын арттыруға оң ықпалын тигізері сөзсіз. Сайып келгенде, мұның бәрі — ел дамуының көрсеткіші әрі халық игілігі үшін жасалып жатқан саясаттың жемісі. Жалпы, бүгінде елімізде жүзеге асып жатқан жаңа реформалардың барлығы жаңа саяси жүйенің келбетін қалыптастыруда.
Н.АҚЫТЕГІ.