Баршамызға белгілі, биыл 19 наурызда ҚР Мәжілісі және мәслихат депутаттарының сайлауы өтті. Үш айлық қызметтен соң депутаттар демалысқа шығып, бүгінде өз өңірлеріндегі тұрғындармен кездесуде. Осы орайда жерлесіміз, Мәжіліс депутаты болып сайланған жаңа есімдердің бірі — Ислам Сұңқаровпен облысымызда көтеріліп жүрген әлеуметтік мәселелер жөнінде сұхбаттасудың орайы түсті.

— Ислам Еркінұлы, сіз Павлодар облысының тумасы екенсіз. Алдымен өзіңіз жайлы айтып өтсеңіз…

— Иә, Павлодар облысының тумасымын. 1995 жылы Тереңкөл ауданының Фрументьевка ауылында дүниеге келдім. Кейін Павлодар ауданының Набережный ауылында 4-сыныпқа дейін оқып, Ы.Алтынсарин атындағы дарынды балаларға арналған қазақ гимназия-интернатында оқуымды жалғастырдым. Астана қаласындағы Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін «Филология» мамандығы бойынша бітірдім. Ал магистратураны Санкт-Петербург мемлекеттік университетінде академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша және Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университе-
тінде тәмамдадым. Саяси қызметке 4-курстан бастап араласа бастадым. Жалпы, осы бағытта қызмет етіп жүргеніме 7 жылдай уақыт болыпты. Қазақстан Халық партиясының жүйесінде жұмыс істеп, Астана қалалық филиалынан бастап орталық аппаратқа дейін еңбек еттім. Бүгінде осы партия атынан ҚР Мәжіліс депутатымын.

— Сіздің ойыңызша, қазіргі таңда депутат қандай болуы керек? Депутат мандаты сіз үшін нені білдіреді?

— Жалпы, депутат халық пен мемлекет билігінің арасындағы көпір деп айтсақ та болады. Себебі, халықта қандай ушығып тұрған мәселелер бар. Оны зерттеп, заң бойынша әділ шешілуіне мемлекет тарапынан көмектеседі. Депутат болу маған үлкен жауапкершілік жүктейді. Ол жай ғана нәрсе емес. Депутаттық мінберге шын ықыласыңмен келу керек. Мен үшін депутат мандаты – үлкен жауапкершілік, ел сенімі. Осы орайда, Мағжан Жұмабаев атамыздың «Мен жастарға сенемін» деген сөзі маған үлкен күш-қуат береді. Өзім 27 жасымда Мәжіліс депутаты болып сайландым. Бұл еліміздің болашағы жастардың қолында екенін дәлелдейді. Еліміздің болашағы, халқымыздың өмір сүру деңгейін арттыруға және қызмет ету үшін бұл депутаттық мандатымды арнаймын. Жалпы жоспарда, көкейде жүрген істер көп. Бірақ оның бәрін тұрғындардың қолдауының арқасында жүзеге асыратын боламыз.

— Жас депутатқа сыни көзбен қарағандар да болған шығар. Ондай адамдарға қалай жауап берер едіңіз?

— Әркімнің өз пікірі өзінде. Бірақ менің өз пікірім бар. Өзімнің біліктілігім мен жетістігімнің нәтижесінде жұмысымды адал атқарып келе жатырмын. Ешқандай жаман ойым, заңсыз әрекетім жоқ. Әйтеуір, он адамға, жүз адамға немесе бір кішігірім ауылға көмегім тисе, бар уақытымды, күш-жігерімді конструктивті түрде соған жұмсағым келеді.

— Мәжіліс депутаттығына үміткер болғанда қандай сайлауалды жұмыстарды жүргіздіңіз?

— Мен осыған дейін 4 сайлауалды жұмыстарына қатыстым. Мысалы, 2019 жылы Президенттік сайлауда Астана қалалық штабында штаб басшысының орынбасары, 2021 жылы Мәжіліс сайлау өткенде Мәжіліс депутаттығына үміткер болдым. Өткен жылы Президент сайлауында орталық аппараттың ұйымдастыру бөлімі меңгерушісінің орынбасары болдым. Биыл Мәжіліс сайлауына үміткер ретінде қатыстым. Халықпен жұмыс істеп, түрлі нақты бағдарламаларды дайындап, үгіт-насихат жұмыстарын жүргіздік. Мәселесі бар елді мекендерді аралап, тұрғындардың шағымданған, көтерген мәселелерін басты назарға алдық. Осы арқылы халыққа жақын бола алдық деп санаймын.

— Тұрғындар арасында қандай мәселелер көтерілді және шешімін тапты ма?

— Иә, көптеген кездесу өткіздік. Кездесулер барысында көбінесе жастар арасындағы мәселелер көтерілді. Атап айтсақ, шәкіртақы, грант алу, жатақхана, баспана секілді мәселелер өзекті. Одан бөлек, зейнет жасын шегеру, жалақы, елді мекендерді көркейту туралы мәселе көтерілді. Олардың шешімін табу үшін түрлі жұмыстар атқарудамыз.

— Өзіңіз білім саласының өкілі болсаңыз да, қазірде аграрлық сұрақтар бойынша комитеттің мүшесісіз. Өзіңізге қиын емес пе?

— Біздің «Қазақстан Халық партиясы» фракциямыз 5 депутаттан тұрады. Ал Мәжілісте 7 комитет бар. Партиямыз-
дың мүмкіндігінше әрбір комитетте өз өкілі болуы үшін депутаттарды әр бағытқа бөлген едік. Өзім ауылда туып, мәселесімен жіті таныс болғандықтан осы саланы таңдадым. Қиындықтар жоқ. Саланың қыр-сырын меңгеріп,  бүгінде ауыл шаруашылығы өнімдерін шығарушы фермерлермен кездесіп, түрлі мәселелерді көтерудеміз. Сондай-ақ, ауылдық жерлердегі осы саланы дамыту бойынша жұмыстар атқарудамыз.

— Тұрғындар арасында қандай мәселелер көтерілуде?

— Бүгінге дейін Павлодар қаласы, Ақтоғай, Павлодар, Баянауыл аудандарында болып, ел азаматтарымен кездестім.  Түйткілді мәселелер жоқ емес. Әсіресе, әлеуметтік бағыттағы мәселелерге шағымдар көп. Мәселен, елді мекен тұрғындары жалақының аздығына, су тарифі, электр энергиясының қымбаттауына, жер жайылымының тарлығына наразылықтарын білдіреді.

— Мәжіліске келгелі қандай мәселелерді көтердіңіз? Олар шешімін тапты ма?

— Үш ай көлемінде 6 депутаттық сауал жасадым. Көбінесе, жоғарыда айтып өткен жастар мәселесін көтердім. Одан бөлек, фракциямыз 200-ден астам заңнамалық түзетулер берді. 3 жаңа заң жобасын ұсындық. Сондай-ақ, екі мәрте Үкімет сағатында баяндама жасадым. Атап айтсам, ғылымның дамуы және ауыл шаруашылығындағы импортты ауыстыру мәселесі бойынша болды. Бүгінде көтерілген кей мәселелердің шешімі табылды. Мәселен, пәтер жалдап жүрген әлеуметтік осал топтағы студенттерге мемлекет қаражатынан тиісті өтемақы төленеді. Екіншіден, келесі жылдан бастап медицина бағытында оқитын студенттердің шәкіртақысы өседі. Үшіншіден, қолжетімді баспана мәселесі бойынша сарапшылар мен қоғам белсенділерінің басын қосып, дөңгелек үстел өткіздім. Қазіргі таңда тұтынушылар кооперациясы арқылы Астана қаласында пилоттық жоба іске асады. Яғни, жоба аясында пәтерді өзіндік құны арқылы сатып алуға мүмкіндік береді. Егер жақсы нәтиже берсе, басқа өңірлерде де өткізу жоспарда бар.

— Әңгімеңізге рақмет!

 

Сұхбаттасқан – Айдана БОРАНБАЕВА.