Павлодарлық дәрігерлер Шанхай ытымақтастық ұйымының саммитінде кезекшілік жасағаны үшін алғыс арқалады. Жедел жәрдем қызметінің мамандары өздеріне жүктелген міндетті толық орындаған.
Павлодарлық 13 медицина қызметкері Біріккен Араб Әмірлігі мен Моңғолия республикасынан келген екі халықаралық делегацияға қызмет көрсетті.
Астанада өткен ШЫҰ саммитіне қатысушыларға медициналық қызмет көрсету үшін барлық аймақтан мамандар тартылды. Мұндай маңызды шарада дәрігерлер мен жедел жәрдем көлігінің халықаралық алаңның деңгейіне сай болуы маңызды болды. Павлодар облысынан екі реанимобиль және екі медициналық бригада жіберілді. Жүргізушілер, фельдшерлер мен дәрігерлер үш тәулік бойы шетелдік делегациялардың жанынан табылды. Осы уақыт ішінде Павлодар дәрігерлеріне екі өтініш келіп түсті.
ШЫҰ саммиті кезіндегі сапалы жұмысы үшін жедел жәрдем қызметі Алғыс хатпен марапатталды. Оны жедел жәрдем станциясына облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әнуар Бұйрашев тапсырды.
Қызметкерлердің жұмысын жоғары бағалағаны үшін станция басшысы Қанадан Ахметжанов та ризашылығын жеткізді.
А.АСҚАРҚЫЗЫ.