ҚР Орталық референдум комиссиясының кеңейтілген отырысы өтіп, онда  күн тәртібінде тұрған бірнеше мәселе қаралды. Олардың қатарында дауыс беру шарасында мүгедектігі бар адамдарды қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету, референдумға қатысуға құқығы бар азаматтардың тізімдерін ұсыну, дауыс беру тәртібі, шет мемлекеттердің байқаушыларын аккредиттеу туралы сөз болды.

Қолайлы жағдай жасалуы шарт

6 қазан күні референдум өткізу кезінде мүгедектігі бар адамдар үшін қолайлы жағдайлар жасалады. Барлық қажетті құралдармен қамтамасыз ету мәселесі назарда. Бұл туралы Орталық референдум комиссиясының мүшесі Анастасия Щегорцова мәлімдеді.

Оның айтуынша, мүгедектігі бар адамдардың сайлау құқықтарын қамтамасыз ету Орталық референдум комиссиясы қызметінің сөзсіз басымдығы болып табылады.

2024 жылғы 3 қыркүйекте референдум дайындау жөніндегі науқан шеңберінде өткен бірінші отырыста мүгедектігі бар адамдар үшін жағдайларды қамтамасыз ету туралы қаулы қабылданды. Осы қаулыға сәйкес жергілікті атқарушы органдарға референдум учаскелерінде мүгедектігі бар адамдарға жағдай жасау жөнінде қажетті шаралар қабылдау тапсырылды. Яғни ол міндет дауыс беруге арналған үй-жайларды жарақтандыру бойынша бірқатар міндетті шараларды көздейді: үй-жайлардың физикалық қолжетімділігін қамтамасыз ету, тактильді көрсеткіштерді, дауыс беруге арналған арнайы кабиналарды, құлаққаптары бар компьютерлерді, лупаларды және т.б. орнату.

Жұмыс тобының отырысында мүгедектігі бар адамдардың барлық үш санатына қатысты мәселелер қаралды: көру, есту және тірек-қимыл аппараты бұзылған мүгедектігі бар адамдар. Сондай-ақ объектілердің «Қолжетімділік картасын» толтыру жөніндегі жұмыстың аспектілері, дауыс беру кезінде мүгедектігі бар адамдарды қамтамасыз ету жөніндегі шараларды жақсарту үшін жұмыс тобы мүшелерінің ұсынымдары қаралды.

Оқыту, тексеру — назарда

ҚР Орталық референдум комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров ағымдағы науқан шеңберінде 9 қыркүйектен 3 қазанға дейін Орталық референдум комиссиясының Төрағасы мен мүшелері барлық 20 өңірге инспекциялық сапарлармен, сондай-ақ аумақтық референдум органдарына әдістемелік және практикалық көмек көрсету мақсатында баруды бастағанын жеткізді.

Мәселен, 18 қыркүйекке дейін аумақтық референдум комиссиялары мен Ақмола, Атырау, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Павлодар, Түркістан облыстары мен Шымкент қаласының барлық уәкілетті органдары 7 өңірге барып, референдум өткізуге дайындық бойынша инспекциялық бақылау жүргізді. Сапар барысында аумақтық референдум комиссиясы мүшелерін оқыту және ұйымдастыру сапасына баға берілді, сондай-ақ дауыс беру кезінде практикалық жағдайларға баса назар аударылды.

Аумақтық референдум комиссияларына, жергілікті атқарушы органдарға әдістемелік көмек көрсетіліп, нақты практикалық ұсынымдар берілді. Комиссия мүшелерін оқытуға келетін болсақ, оқу жоспарлары мен кестелеріне сәйкес аумақтық референдум комиссияларының барлық 1722 мүшелерін оқыту аяқталды. 2-15 қыркүйек аралығында учаскелік референдум комиссияларының төрағалары, төрағаның орынбасарлары, хатшылары оқудан өтті. Бүгінгі таңда учаскелік референдум комиссияларының басшылық құрамының барлық 30 981 адамы оқытылды. 16 қыркүйектен 5 қазанға дейін учаскелік референдум комиссияларының мүшелерін, бұл 37 346 адамды оқыту жоспарлануда. Инспекциялық сапарлар мен жергілікті бақылау іс-шаралары жалғасады. ОРК мүшелері сапарларын жалғастырады және қалған өңірлерге барады, онда оқытудың ұйымдастырылуын және учаскелердің дауыс беру күніне дайындығын тексереді.

Қажетті құрал-жабдықтармен қамтылады

Референдумға қатысуға құқығы бар азаматтардың тізімін қалыптастыру, референдум учаскелерін материалдық-техникалық жарақтандыру, оның ішінде мүгедектігі бар адамдар үшін жағдайларды қамтамасыз ету бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы барлық облыстар мен республикалық маңызы бар қалалар әкімдіктері аппараттарының басшылары баяндады.

Жергілікті атқарушы органдардың өкілдеріне сөйлеген сөзінде Орталық референдум комиссиясының басшысы учаскелердің дауыс беру күніне дайындығы мәселелерін бақылауда ұстау, сондай-ақ мүгедектігі бар адамдар үшін барлық жағдайларды қамтамасыз ету қажеттігін атап өтті.

Бюллетень жобасы әзір

ОРК мүшесі Сәбила Мұстафина «Республикалық референдум туралы» Конституциялық заңның 21-бабы 1-тармағының 7) тармақшасына және 27-бабының 4-тармағына сәйкес Орталық референдум комиссиясы өз өкілеттіктеріне сәйкес дауыс беруге арналған бюллетеньнің нысаны мен мәтінін және оны дайындау тәртібін белгілейтінін хабарлады.

Мемлекеттік және орыс тілдерінде дауыс беруге арналған бюллетень нысаны мен мәтінінің жобасы дайындалды.

Шығарылған сұрақтың тұжырымы: «Согласны ли Вы со строительством атомной электростанции в Казахстане?» / «Сіз Қазақстанда атом электр станциясын салуға келісесіз бе?»

Және дауыс берушінің жауап нұсқалары:

ИӘ, келісемін / ДА, согласен (-на)

ЖОҚ, келіспеймін / НЕТ, не согласен (-на)

Дауыс беруші дауыс беретін жауап нұсқасының оң жағындағы бос шаршыға кез келген белгі қояды.

Облыстар, Астана, Алматы, Шымкент қалалары әкімдіктерінің ұсынылған мәліметтері мен есептеріне сәйкес республика бойынша тізімге 12 244 683 азамат енгізілген.

«Республикалық референдум туралы» Конституциялық заңның нормасында дауыс беруге арналған бюллетеньдер учаскелік референдум комиссияларына дауыс беруге дейін кемінде үш күн бұрын және бір күннен кешіктірілмей жеткізілетіні де белгіленген.

ОРК Төрағасы Нұрлан Әбдіров көру қабілеті бұзылған адамдарды дауыс беру мүмкіндігі қамтамасыз ету қажеттігін ерекше атап өтті. Ол үшін трафарет (Брайль шрифтісіз) және бюллетеньнің аудионұсқасы дайындалады және әр учаскеге жеткізіледі. Сонымен қатар, Брайль шрифтімен жасалған трафареттер осындай қаріпті білетін азаматтар дауыс беретін жерлерде қол жетімді болады. Тиісті мәліметтерді әрбір өңір бойынша жергілікті атқарушы органдардың деректері негізінде аумақтық референдум комиссия-лары қалыптастырды.

Әр азамат мәліметін тексере алады

ОРК Төрағасының орынбасары Константин Петров 20 қыркүйектен бастап әрбір азамат референдум учаскесіне жүгінуге және дауыс берушілер тізіміне өзінің енгізілуін және көрсетілген деректердің дұрыстығын тексеруге құқылы екенін хабарлады. Сол күннен бастап 5 қазан сағат 18.00-ге дейін тұрғылықты өңірден тыс жерге шығуды жоспарлаған азаматтардың тізімге енгізілген жері бойынша учаскелік референдум комиссиясында есептен шығару куәлігін алуға мүмкіндігі бар, ол басқа елді мекендердегі кез келген учаскеде дауыс беру құқығын береді.

Дауыс беру құқығына есептен шығару куәлігі жазбаша өтініш бойынша және өтініш берушінің жеке басын куәландыратын құжатты ұсынғаннан кейін беріледі. Ол сенімхат бойынша алынуы мүмкін, бұл ретте нотариаттық растау талап етілмейді. Есептен шығару куәлігі бір елді мекен шегінде басқа учаскеде дауыс беруге қатысқысы келетін азаматтарға берілмейді. Жоғалған есептен шығару куәліктері қалпына келтірілмейді, дубликаттары берілмейді.

Науқас туысы ауырған немесе оны күткен жағдайда, үйде дауыс беру туралы өтінішпен учаскелік комиссияға жүгінуге болады.

Қандай да бір себептермен тізімдерде өздерін таба алмаған, бірақ референдум учаскесінің шекарасында тұратын азаматтар үшін дауыс беру күні тіркеу мекенжайын өзі тексеретін учаскелік комиссияға жүгінуге мүмкіндік болады. Тұрғылықты жері расталған жағдайда азамат тізімге енгізіледі.

Тіркеуі жоқ және осы себепті ешбір учаскеде тізімге енбеген азаматтардың дауыс беру күні референдум учаскесінде тіркелуге және онда дауыс беруге мүмкіндігі болады. ОРК осы алгоритмдерін іске асыру үшін Цифрлық даму және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен және ҚР Ішкі істер министрлігіменн бірлесіп азаматтарды тіркеу орны бойынша мәліметтерді тексеру (4 622 учаскеде жұмыс істейтін болады) және референдум учаскелерінің мекенжайлары бойынша азаматтарды тіркеу (196 учаскеде жұмыс істейтін болады) екі тиісті онлайн-сервистер әзірленді.

Дауыс беру учаскелері қалай жұмыс істейді?

Дауыс беру референдумның 10 327 учаскесінде өтеді. Оның ішінде 2024 жылғы 16 қыркүйектегі жағдай бойынша азаматтарды тіркеу орны бойынша 9 709 учаскеде, сондай-ақ 63 шет мемлекеттегі Қазақстан Республикасының өкілдіктері жанындағы 78 учаскені қоса алғанда, азаматтардың уақытша болатын 618 учаскеде өтеді.

Сондай-ақ, Константин Петров дауыс беруге арналған бюллетеньдер жеке басын куәландыратын құжатты ұсынғаннан кейін референдумға қатысуға құқығы бар азаматтардың тізімдері негізінде азаматтарға берілуге тиіс екенін түсіндірді. Бұл ретте Е-gov порталынан немесе банктік қосымшалардың бірінен электрондық құжат ұсынылуы мүмкін. Азаматтар бюллетень алу тізіміне қол қояды. Бюллетеньді жасырын дауыс беруге арналған кабинада дауыс берушілер толтырады. Оларды толтыру кезінде дауыс берушіден басқа біреудің қатысуына тыйым салынады. Ерекшелік ретінде бюллетеньді өз бетінше толтыра алмайтын азаматтар ғана өздері сенетін адамның көмегін пайдалануға құқылы.

Спикер отырысқа қатысушыларға референдум өткізу кезінде аккредиттелген қоғамдық бірлестіктер, коммерциялық емес ұйымдар, сондай-ақ шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың аккредиттелген байқаушылары, шетелдік БАҚ өкілдері қатыса алатынын еске салды.

Дауыс беру күні дауыс беру үшін учаске ашылған сәттен бастап және дауыс беру нәтижелері анықталғанға дейін референдум учаскесінде дауыстарды санау кезінде бір мезгілде қатысуға құқылы:

— әрбір аккредиттелген ҚР қоғамдық бірлестіктен, коммерциялық емес ұйымынан бір байқаушы;

— аудармашымен бірге жүруге құқылы шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың байқау-шылары;

— қызметтік куәлігі және редакцияның тапсырмасы болған кезде әр БАҚ-тан бір өкіл, әр телеарнадан үш өкілден артық емес.

Референдум комиссияларының жұмысына араласуға жол берілмейді.

Шетелдік байқаушылар келеді

ОРК хатшысы Мұхтар Ерман ағымдағы жылдың 3 қыркүйегінде халықаралық байқау институты ашылғаннан бері 18 қыркүйекке дейін Сыртқы істер министрлігінен аккредиттеуге 1 халықаралық ұйым мен 5 шет мемлекеттен байқаушылардың кандидатуралары ұсынылғанын хабарлады.

Аккредиттеуге Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы байқаушыларының Миссиясынан 5 байқаушы, АҚШ-нан 1 кандидатура, Түркия, Әзербайжан және Молдова 2 кандидатурадан, Армениядан 1 кандидатура ұсынылды.

Аккредиттеу үшін ұсыныстар түскен сайын байқаушылар бойынша деректер жаңартылатын болады.

 

Н.ҚАНАТБЕКҰЛЫ.