Саяси жаңғыруға — саналы қадам

Қаң 23, 2026

Қызылордада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өткен, екі күнге жалғасқан Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысы аяқталды. Елдің түкпір-түкпірінен жиналған құрылтай мүшелері мен сарапшылар сан салаға қатысты ұсыныс-ойларын ортаға салды. Ал қорытынды жиынға қатысқан Президент күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді тілге тиек етіп, алдағы уақытқа белгіленген міндет-межелерге тоқталды. Құрылтайда көтерілген маңызды жайттарға қатысты өңір азаматтары да үн қосты.

 

Бәкір ДЕМЕУОВ,

облыстық қоғамдық кеңес төрағасы:

Парламент пәрмені күшейеді

– Қызылорда қаласында Ұлттық құрылтайдың 5-ші отырысы өтіп, ел үшін келелі мәселелер қаралды. Ең алдымен, Парламенттік реформаға маңыз берілді. Бұл өзгерістер, әрине, бұған дейін жан-жақты талқылаудан өтті. Қаншама ұсыныстар ой елегінен өткізіліп, ортаға салынды. Мемлекет басшысы нақты өзгерістер күтіп тұрғанын атап өтті. Әрбір өзгеріс әлі халық талқысына, референдумға салынып, содан кейін нақты шешім шығарылады.

Басты өзгерістер Парламентке қатысты болып отыр. Бір палаталы парламент құрылмақ. Алдағы уақытта Құрылтай деп атау ұсынылды. Ұлттық маңыздағы атау өте жарасымды. Партиялық тізіммен депутаттар сайланып, заң шығару органында ел үшін еңбек етеді. Парламенттің рөлі күшейтілмек. Орталық сайлау комиссиясы, Жоғары аудит палатасы, Конституциялық сот төрағаларын Парламент бекітеді. Осылайша, Парламенттің пәрмені арта түседі. Жұмысының сапасын жоғарылатады әрі көп мәселелер жедел шешіліп, заң қабылдау да нығаяды деген сенім бар.

Елімізде Халық кеңесі құрылмақ. Бұл да бір үлкен институт болады. Сонымен қатар, Конституцияға өзгеріс енгізіліп, вице-президенттік лауазым ұсынылып отыр. Мұндай жоғары лауазым елімізге қажет деп санаймын. Өйткені, қандай да бір жағдайда вице-президенттің жедел түрде істі ары қарай іркіліссіз жалғастыру мүмкіндігі болады.

Өздеріңіз білесіздер, Ата заңға бұған дейін де біршама өзгеріс енгізілді. Енді жаңа реформаларға қажет тағы өзгеріс жасалады. Сонда Конституциямыз жаңарады десе болады. Мұның бәрі заман талабы деп ойлаймын. Негізінен, дамушы мемлекеттер үшін мұндай өзгерістер енгізу қалыпты жағдай саналады. Кезінде ескерілмей қалған тұстарды заман талабына қарай енгізудің еш әбестігі жоқ.

Бастысы, жасалған өзгерістер қоғамға өзіндік оң нәтижесін беруде. Экономика да ілгерлеп жатқаны байқалады.

Мемлекет басшысы Екібастұзда үшінші ГРЭС салуды тілге тиек етті. Сондай-ақ, қолданыстағы электр станцияларында энергоблок санын арттыру көзделіп отыр. Газдандыру мәселесі де айтылды. Мұның бәрі өңіріміздің әл-ауқатын жақсартуға септігін тигізеді.

 

Бақыт БЕКСЕЙІТОВА,

Ұлттық құрылтай мүшесі:

Ұтымды ұсыныстар айтылды

– Ұлттық құрылтайға алғаш рет қатыстым. Еліміз үшін елеулі шешімдер қабылданған алқалы жиын болды. Бұл алаң Қазақстанның болашағы үшін ұтымды ұсыныстар айтылатын еркін пікір алмасу алаңына айналғанының куәсі болдық. Мемлекет басшысы да төрт жылда Құрылтай мүшелері ел өміріне ықпал ететін көптеген маңызды бастама көтергенін атап өтті. Ұлттық құрылтайда айтылған ұсыныстардың негізінде 26 заң қабылданған. Бұл — Құрылтай кең көлемдегі реформалардың басты қозғаушы күші бола алғанының айғағы. Президент білім, ғылым және жоғары технология саласына қомақты инвестиция салынатынын айтты. Яғни, елімізде адам капиталының сапасын арттыруға көңіл бөлінетіні қуантады.

Әрине, құрылтайдың жұмысы бір күнмен шектелген жоқ. Секциялық отырыстарда көп ұсыныс айтылды. Өз басым көп жыл еңбек еткен білім саласына қатысты алты ұсынысымды білдірдім. Мәселен, мектепке дейінгі, орта білім беру жүйесін қаржыландыруды аудандық және қалалық деңгейге тапсыру мәселесін көтердім. Психологтардың, әлеуметтік педагогтардың, балалар үйлері тәрбиешілерінің, мектеп автобустары жүргізушілерінің және тағы басқаларының жалақысын арттыру қажеттігін айттым. ҚР оқу орындарында полицияның мектеп инспекторларының бірліктерін енгізу мәселесін жеткіздім. Қоғамдық пайдалы еңбекті оқу жоспарына енгізу қажеттігін, солтүстік аймақтағы ауылдық колледждерді шағынжинақты мектептер ретінде, яғни, шағынжинақты топты толықжинақты топ ретінде қаржыландыру керек екендігін ұсындым. Алтыншы ұсынысым жаңадан ашылатын балалардың құқықтарын қорғау департаментіне қаржыландырумен қоса балалар үйлерін, интернаттарды, қорғаншылық пен қамқоршылықты, балаларды қолдау орталықтарын тапсыру қажеттігін де ортаға салдым.

 

Илья ТЕРЕНЧЕНКО,

облыстық мәслихат төрағасы:

Билікті жаңғыртудың жаңа кезеңі

— Бесінші Ұлттық құрылтай тұтас ел үшін маңызы зор саяси оқиға болды. Себебі, бұл жиында қабылданған және көтерілген мәселелер Қазақстандағы өкілді биліктің бүкіл жүйесіне тікелей қатысты болды. Мемлекет басшысы ұсынған бастамалар Парламенттік реформаның жаңа мазмұнын айқындап, саяси институттардың жауапкершілігін күшейтуге бағытталды.

Атап айтқанда, жаңа талаптарға сәйкес бірпалаталы Парламент енді саяси партиялар арқылы жасақталмақ. Бұл жерде партияларға ерекше жауапкершілік жүктеліп отыр. Сайлау науқаны барысында партиялар өздерінің негізгі міндеттерін айқындап, тұрғындармен кездесулердің нақты кестесін жасайды, азаматтардың ұсыныс-пікірлерін жинақтап, зерделейді.

Сайлау кезеңінде берілетін бұл уәделер сайлауалды бағдарламаларда көрініс табады. Ал кейін олар жылдарға, айларға бөлінген нақты Жол картасына айналады. Осылайша, тұрғындар депутаттардың ғана емес, тұтас партиялардың уәделерін бақылауға мүмкіндік алады. Бұл – саяси мәдениеттің жаңа сапалы деңгейге көтерілуінің айқын көрінісі.

Президенттің мәлімдеуінше, Парламентте еліміздің 20 аймағынан барлығы 145 депутаттық орын бөлінеді. Яғни, әр өңірден 4-6 өкілден ұсынылады. Бұл тәсіл өңірлік мүдделердің тең дәрежеде ескерілуіне жол ашады. Мұндай құрам әлеуметтік сала, спорт, өнеркәсіп, кәсіпкерлік, ғылым секілді түрлі саланың өкілдерінен жасақталуы мүмкін. Нәтижесінде Парламенттің құрамы кәсіби әрі жан-жақты болады.

Осылайша, бір палаталы Парламент алаңында қабылданатын шешімдер өңірлердегі сайлаушылардың нақты сұранысы мен тілегіне барынша жақындай түседі. Бұл реформаның түпкі мақсаты да – халық пен билік арасындағы байланысты нығайту.

Парламенттік реформаның маңызы тек өңірлік деңгеймен шектелмейді. Бұл қадам Қазақстанның демократиялық даму жолындағы халықаралық беделін арттырып, әлемдік деңгейде жаңа серпін береді.

 

Болат АМАНБАЕВ,

Қазақстан Журналистер одағы облыстық филиалының төрағасы:

Елді ұйыстырған тарихи бетбұрыс

— Осымен бесінші мәрте өткен Ұлттық құрылтайдан жұртшылық үлкен өзгерістер күткен еді. Сол үміттің ақталғанына көпшілік куә болды. Құрылтайда қабылданған шешімдер ел дамуының жаңа кезеңіне жол ашты деуге толық негіз бар.

Басты өзгерістердің бірі – Парламенттің бірпалаталы жүйеге көшуі. Бұған дейін қоспалаталы Парламент жұмыс істегені белгілі. Сонымен қатар, барша Алаш жұртының көңілінен шыққан тағы бір маңызды жаңалық – «Құрылтай» атауының қайта жаңғыруы. «Құрылтай» дегенде әр қазақтың құлағы елең етіп, көңілі серпілетіні анық. Өйткені, бұл ұғым – халқымызды ұйыстыратын, елді бірлікке шақыратын қасиетті сөз. Тарихтан тамыр тартқан бұл атау бүгінгі заманда да өзінің мазмұнын жоғалтқан жоқ.

Бірлік бар жерде – береке бар. Ұйысудың, ұйымдасудың нәтижесінде ел экономикасы 6,5 пайызға өсіп, жалпы ішкі өнім көлемі 3 триллион теңгеден асты. Бұл – Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы елеулі жетістіктердің бірі. Құрылтай осылайша көпшілікке егемендік жылдары атқарылған ауқымды еңбектің бейбіт өмір жағдайында жүзеге асқанын айқын көрсетті.

Құрылтайда көтерілген тағы бір маңызды мәселе – мәдени және рухани өмірді дамыту. Мемлекет басшысы бұл бағытта нақты тапсырмалар жүктеді. Соның ішінде Маңғыстау облысындағы жерасты мешіттерін ЮНЕСКО-ның халықаралық мұралар тізіміне енгізу туралы бастама айтылды. Бұл – ұлттық мұрамызды әлемге танытатын тарихи қадам.

Осы орайда Ертіс-Баян өңірінің де тарихи және рухани орындарға бай екенін атап өткен жөн. Облыстағы көрікті мекендер мен киелі нысандар алдағы уақытта лайықты бағасын алып, халықаралық деңгейдегі мәдени мұралар қатарына қосылады деген сенім мол.

Сондай-ақ, ел Президенті еліміздің одан әрі дамуы үшін ұйымдасудың маңызын ерекше атап өтті. Қол жеткізген жетістіктермен шектеліп қалмай, алға ұмтылу – бүгінгі күннің басты талабы. Бірлік пен жауапкершілік сақталған жағдайда ғана Қазақстанның дамуы тұрақты болмақ.

 

Арман ТЕМІРБЕК,

Жүсіпбек Аймауытов атындағы облыстық қазақ музыка-драма театрының директоры:

Мәдениет — ұлт санасының өзегі

— Ұлттық құрылтай ел руханияты үшін маңызды белес болды. Жиын барысында Мемлекет басшысы мәдениет пен өнердің ел дамуы жолындағы стратегиялық маңызын атап өтті. «Мемлекеттік саясаттың стратегиялық бағдарының бірі – мәдениет пен өнер. Себебі, қоғамның санасы жаңғырмаса, реформалар ойдағыдай нәтиже бермейді. Бұл – ақиқат», – деген Президент сөзі руханият саласына жаңа серпін берді.

Шын мәнінде, мәдениет – ұлттың рухани тірегі, ал өнер – сол рухтың айнасы. Осы тұрғыдан алғанда, алдағы уақытта мәдениет саласына, оның ішінде театр өнеріне ерекше көңіл бөлінетіні қуантады.

Театр – тек өнер ордасы емес, ұлттың ойы мен санасын қалыптастыратын рухани мектеп. Ғимаратпен қатар сала мамандарына қатысты өзекті мәселелер де назардан тыс қалмауы тиіс. Атап айтқанда, кадр тапшылығы, еңбекақы деңгейі, баспана мәселесі әлі де өзекті.

Бүгінде өнерге ынтасы бар, талантымен танылып жүрген жастардың әлеуметтік жағдайға байланысты өзге салаларға бет бұруы алаңдатарлық. Бұл – мәдениет саласының дамуына кедергі келтіретін факторлардың бірі. Сондықтан алдағы уақытта театр қызметкерлерінің әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған жүйелі шаралар қабылданады деген үміт бар.

Әсіресе, облыстық театрларға айрықша көңіл бөлінуі қажет. Өңірлердегі өнер ошақтары – жергілікті тұрғындардың рухани сұранысын өтеп қана қоймай, ұлттық мәдениеттің дамуына өлшеусіз үлес қосып келеді.