Аймағымызға Орталық референдум комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров бастаған бір топ маман жұмыс сапарымен келіп, 15 наурыз күні өтетін референдумға дайындық жұмыстарын пысықтады. Алдымен Екібастұз қаласында бірқатар референдум учаскелерінің алдағы саяси науқанға әзірлігімен танысты. Павлодар қаласында М.Жаманбалинов атындағы кітапханада орналасқан №29, М.Катаев атындағы Оқушылар сарайындағы №56 референдум учаскелеріндегі дайындықтың жай-жапсарын көрді.
Керек-жарақпен қамтылды
Сонымен қатар, ақпараттық технологиялар колледжінің мүгедектігі бар азаматтарға арналған оқу кабинетімен танысты. Бұдан кейін «Достық үйінде» аймақтың мемлекеттік органдары басшыларының, облыстық референдум комиссиясы мүшелерінің, қалалық, аудандық комиссиялар төрағаларының қатысуымен өткен жиында облыстың алдағы референдумға дайындығының барысы баяндалды.
Нұрлан Әбдіров ақпараттық технологиялар колледжіндегі кабинеттіңпавлодарлықтардың, әсіресе, мүгедектігі бар азаматтар кедергісіз таңдау жасауына барлық жағдай қарастырылғанын айрықша атап өтті. Мұнда аумақтық референдум комиссиясы мүшелеріне мүгедектігі бар адамдардың дауыс беруіне ақпараттық технологияларды тиімді қолдану жағы оқытылады.
– Бұл — өте сәтті жоба, елімізде мұндай екеу ғана. Бірі Павлодарда болса, екіншісі – Ақтөбе облысында. Бұл – кедергісіз орта ойластыруға маңыз берілген үлгілі бастама. Бұл жобаны алдағы уақытта бүкіл республика көлемінде көбейту қажет, – деді Н.Әбідров.
Облыс әкімі аппараты басшысының міндетін атқарушы Наталья Нефедова аймағымызда саяси науқанды өткізуге барлық материалдық-техникалық құралдармен жабдықталғанын, дауыс беруге құқығы бар азаматтардың тізімі толық түзілгенін мәлім етті. Облыста 498 733 сайлаушы тіркелген. Арнайы телеграм-бот іске қосылған. Аймақта 521 референдум учаскесі жұмыс істейді. 21-і – жабық түрдегі учаскелер. Барлық учаскелер бірінші қабатта орналасқан, 469 учаскеде пандус қарастырылған. Қалғандарына пандуссыз да ішке ену мүмкіндгі бары айтылды. Сонымен қатар, облыста 16 инватакси жұмыс істейді. Нұрлан Мәжитұлы олардың санын ұлғайту қажеттігін ескертті. 42 сурдоаудармашы қызмет етеді. Дауыс беру күні әлеуметтік қызметкерлердің де жұмысына жүгіну көзделген.
Комиссия мүшелерінің кадрлық әлеуетіне де тоқталды. Облыста аумақтық, учаскелік комиссиялардың 3439 мүшесінің 94 пайызында сайлау, референдум өткізу, ұйымдастыру тәжірибелері бар. Аумақтық комиссиялардың 14-і де бұған дейін сайлау өткізуге қатысқан. Сондай-ақ, тәуелсіз бақылаушылар тобы жұмыс істейді. 500 референдум учаскесінде 1516 адамнан бақылаушылар пулы түзілген. Бірінші рет бақылаушы болатын азаматтар ертеңге дейін оқытылады.
Қауіпсіздік қадағаланады
Орталық референдум комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров қауіпсіздік, азаматтардың электоралды құқықтары мен дербес деректерін қорғау мәселесіне де мән берді. Бұл ретте, Оңтүстік Корея елін мысалға келтіріп, аталмыш мемлекетте учаскелерде бейнебақылау камералары болса, дауыс беру күні оларды өшіріп тастайтынын атап өтті. Мұндай жұмыстар алдағы саяси науқанда Қазақстанда да жасалуы тиіс екенін айтты. Азаматтардың дербес деректерін қорғау жайы жаңа конституцияда күшейтілгенін де еске салды.
Облыс прокуроры Алмат Байшолақов референдумға дайындық жоспарлы түрде жүріп жатқанын мәлімдеді. Прокуратура референдум өткізудің барлық кезеңінде заңдылықтың сақталуын қадағалайды. 28 ақпаннан бастап құзырлы органның жеке құрамы қызметтің тәуліктік режиміне көшірілген. Тәжірибелі қызмет-керлерден жедел штаб құрылған. Ведомствоаралық жұмыс тобы іске кіріскен. Оған қоса, ықтимал рұқсат етілмеген наразылық акциялары орын алған жағдайда құқықтық мәселелерге әрекет етіп, түсіндіретін спикерлер пулы да қалыптастырылған. Бүгінгі күнге дейін азаматтардан референдум өткізуге байланысты шағым түспеген. Электоралды кезеңде әлеуметтік желі, БАҚ жарияланымдарына мониторинг жүргізуде. Нәтижесінде 80 жарияланым өшіріліп, авторларына полиция органдарымен бірлесіп, түсіндіру жұмыстары жүргізілген. Екі авто әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Ал облыстық полиция департаментінің бастығы Василий Скляр референдум күні қоғамдық тәртіпті, жол қауіпсіздігін қорғау бағытында жоспарлы жұмыстар қолға алынғанын атап өтті. Мұнда да жедел штаб, референдум комиссияларымен, мүдделі мемлекеттік органдармен өзара әрекет ететін жұмыс тобы құрылған. Жеті мыңнан астам қызметкер қоғамдық қауіпсіздікті қорғайды. Әрбір учаскеге екі полция қызметкерінен бекітіліпті. Дауыс беру күні жаяу және автопатурльдер жұмысы күшейтіледі. Оған полиция қызметкерлерінен бөлек 5512 әскери бөлімнің 185 әскери қызметшісі тартылмақ.
Облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департамент те өрт қауіпсіздігін нығайтқан. Құзырлы орган басшысы Рустамбек Амрин жедел штаб құрылып, 29 техника, жек еұрамның 103 қызметкері тартылғанын мәлім етті. Барлық референдум учаскесінде өрт қауіпсізідігі бойынша нұсқаулық берілген. Мамандар әрбір учаскені аралап шықты. 100-ден астам ескерту жасалып, олқылықтар бірден жойылған. Төтенше жағдай кезінде кейбір учаскеде эвакуациялау жоспарына түзетулер енгізілген.
Нұрлан Мәжитұлы референдумда әрбір сайлаушының алаңсыз дауыс беруіне жағдай жасаудың маңыздылығын атады. Сондай-ақ, учаскелік комиссия төрағасы, мүшелері заңды жақсы білсе, кез келген мәселенің түйінін тарқатып, жағдайды ушықтыруға тырысқан адамның жолын кесу мүмкін екенін де ескертті.
Жағдай жасалуда
Мүгедектігі бар азаматтардың дауыс беруіне барлық жағдай жасалған. Облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы басшысының орынбасары Әлия Бекболатованың мәлімдеуінше, аймағымызда 29,9 мың мүгедектігі бар азамат тіркелген. Олардың 25,9 мыңы кәмелет жасына толған. Олардың ішінде 3,2 мыңы дауыс беруде арнайы жағдай жасалуына мұқтаж. 1081 азамат арбамен жүреді. 1513 тұрғын көру қабілетіне, 639 азамат есту қабілетіне байланыстыдауыс беруде көмекті қажет етеді. Олардың кедергісіз дауыс беруіне жағдай жасалуда. Учаскеге келе алмайтын азаматтарға үйден таңдау жасауына мүмкіндік қарастырылған.
Жалпы облыста алдағы саяси науқанда 535 референдум комиссиясы жұмыс істейді. Олардың бірі – облыстық аумақтық комиссия болса, 13-і аумақтық қалалық-аудандық комиссиялар. Қалған 521-і – учаскелік референдум комиссиялары. Оларда барлығы 3439 адам қызмет етпек. Облыстық аумақтық референдум комиссиясының төрағасы Гүлнәр Аманжолованың айтуынша, 619 аумақтық және учаскелік комиссиялар мүшелерінің 82 пайызының саяси науқан өткізу тәжірибесі бар. Ал 14 аумақтық комиссия төрағаларының 11-інде, учаскелік комиссия төрағаларының 434-інде тәжірибе бар. Комиссия мүшелеріне практикалық тренингтер өткізіліп, болуы ықтимал жағдайлардың үлгісі көрсетіліп, оны шешу жолдары түсіндірілуде. Тренингтен кейін олар тест тапсырып, білімдерін бекітуде. Учаскелік комиссия мүшелерінің бақылаушылармен, БАҚ өкілдерімен қалай жұмыс істеу керектігі де түсіндірілген. Облыста 4 жергілікті үкіметтік емес ұйым аккредитациядан өткен.
Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.
