«Биыл ел тағдырына тікелей әсер ететін, Қазақстанның ұзақ жылдарға арналған бағыт-бағдары айқындалатын жыл болады…».
ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың «Turkistan» газетіне берген сұхбатынан.
2026 жыл саясатта да қарбаласқа, өзгерістерге толы жыл болады деп күтілуде. Соның бірін алсақ, елімізде бір палаталы Парламент құру үшін 2027 жылы жалпыұлттық референдум өткізу көзделіп отыр. Демек, биыл осы саяси науқанға дайындық жұмыстары қыза түседі. Алғашқы қадамдар өткен жылы басталып та кетті.
Сарапшылар, тіпті, дайындық мығым болса, референ-думды 2026 жылдың екінші жартыжылдығында өткізілуі де әбден мүмкін деген болжам жасауда. Саясаттанушы, Торай-ғыров университетінің аға оқытушысы Борис Поломарчук референдум ұзақ мерзімді әрі тыңғылықты дайындықты қажет ететін институционалды проце-дура екенін айтады.
– 2025 жылдың соңы, тұтас 2026 жыл жаңа модельді саяси тұрғыдан жинақтаудың кезеңі болмақ. Әлбетте, үгіт-насихат жұмыстары жүргізіледі. Бірақ, біз үйренген классикалық стильде емес, өзгеше өтеді деген ойдамын. Алдымен, Прези-дент әкімшілігі, Парламенттің қос палатасы, ғылыми саяси орталықтар, қоғам деңгейінде сарапшылдық-тұжырымдамалық жұмыс басталады. Меніңше, жаңа парламент моделі қоғамда да қызу талқыға түседі. Оның оңы мен солын салмақтап, пікірталас үдейді. Сонымен қатар, Конституцияға ғана емес, өзге де бірқатар заңға өзгеріс енгізу қажет болады. Басты заңның 30-40 пайызын қайта қарау керек. Себебі, Сенат саяси жүйенің қазіргі нұсқасында айтарлықтай кең құзыретке ие. Енді ол функциялар қалай бөлінеді, кімге жүктеледі, мұның бәрі ескеріледі, – дейді Борис Викторович.
Саясаттанушы жалпы қоғамда талқылау қызу болады деп болжайды. Айтуынша, бүгінде дәл осы сала белсенді дами түскен. Көпшілік бірпалаталы парламент парламенттік бақылауға, шешім қабылдауға қалай әсер ететіні де жан-жақты саралап, ой білдіреді. Ал мұндай талқылау, ой қосу билік үшін де қажет болады. Себебі, референдум формалды емес, қоғамның саналы таңдауы болғаны керек.
– Қоғам сенімін күшейтуге бағытталған жұмыс артады. Мұнда кез келген өзгеріс реформа үшін жасалған реформа сияқты көрінбеу тиіс. Бастысы, тұрғындарға түсінікті боғаны қажет. Сондықтан, әртүрлі әлеуметтік өлшемдер жасалып, түсіндіру, өңірдің кәсіби қауымдастығымен диалог өткізіледі, – деп болжап отыр саясаттанушы.
Павлодарлық сарапшы 2026 жыл 2019 жылдан бері елімізде іске асып жатқан мемлекеттік басқару жүйесіндегі өзгерістердің аралық қорытындысын жасауға болады деген пікірде.
– Бұған дейінгі жылдары жаңашылдықтар енгізілсе, енді сол өзгерістердің басқарушылық нәтижесі болуы тиіс. Бұл ретте, қабылданған жаңа тетіктерге баға беруге, «қандай да бір мәселені шешуде мемлекет пен азаматтар арасындағы алшақтық қысқарды ма, жауапкершілік қағаз жүзінде емес, іс жүзінде байқалды ма деген сұрақтарға жауап іздеуге болады. 2021 жылы қолға алынған ауыл әкімдері сайлауының тиімділігін де биыл таразылауға уақыт жетті, – дейді Б.Поломарчук.
Саясаттанушы 2026 жылы қолданысқа енгізілетін жаңа салықтық заңнама аясында тұрғындардың талабы күшейеді деген ойда.
– Мемлекет халықтың әмиянына үңілді. Соған сай азаматтар тарапынан мемлекеттік басқару сапасына қатысты талап күшейеді. Салық жүйесінің жұмысы біртіндеп мемлекеттік басқарудың трансформациясына ойысады. Яғни, тұрғындар бюджетке салықты көбірек төлегендерін ескеріп, сәйкесінше, талапты да ұлғайтуға құқылымыз деген ұстанымда болады. Тұрғындар көбірек салық төленіп жатқанын басшылыққа алып, ескіше жұмыс істеуге жол бермейді. Жауапкершілік артуы тиіс, – дейді саясаттанушы.
Сондай-ақ, азаматтар бюджеттің әр теңгесінің нақты қандай іске бағытталып жатқанын білуге талпынады. Қосымша түсім-
нің қандай саланы жақсартуға жұмсалғанының да есебін сұрайды. Саясаттанушының пайымдау-ынша, биыл мемлекет үшін бейнебір сынақ, емтихан болады. Билік ресурстарды басқару, әр шешімді түсінікті тілмен түсіндіру бойынша емтиханнан өтеді
Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.
