15 наурызда еліміздің жаңа Конституциясын қабылдау мәселесі бойынша республикалық референдум өтеді. Аталмыш саяси науқанға әзірлік басталып кетті. Облысымызда да дайындық жұмыстары қызу жүргізілуде. Референдумның талапқа сай әрі көпшілікке қолайлы ұйымдастырылуы үшін аймағымызда қандай шаралар қолға алынуда? Қанша референдум учаскесі жұмыс істейді? Осы және өзге де сауалдарға облыстық аумақтық референдум комиссиясының төрағасы Гүлнәр Қабиденқызы Аманжолова жауап берген еді.
– Гүлнәр Қабиденқызы, алдағы референдум кезінде облыс көлемінде қанша учаске жұмыс істейді? Комиссия мүшелерін оқыту жүргізіле ме?
– Павлодар облысында республикалық референдумда 521 учаскеде азаматтар дауыс береді. Оның 140-ы Павлодар қаласында орналасқан. Елдік науқанды дайындау мен өткізуге 535 референдум комиссиясы жұмылдырылды. Атап айтсақ, 1 облыстық, 13 аумақтық және 521 учаскелік комиссия жұмыс істейді. Олардың жұмысына 3439 адам тартылады.
Облыстық аумақтық референдум комиссиясы учаскелік референдум комиссияларының мүшелеріне оқыту практикалық тренингтерін өткізеді. Мұнда әртүрлі форматтар қолданылады. Мәселен, шеберлік сыныптары, топтық жұмыс, іскерлік ойындар және жағдайларды модельдеу, кейс-стади және тағы басқа тәсілдер пайдаланылады. Оқыту барысында учаскелік комиссия мүшелерінің сайлаушылармен, бақылаушылармен, сенім білдірілген адамдармен және БАҚ өкілдерімен өзара іс-қимылы, сондай-ақ мүгедектігі бар адамдардың дауыс беруі, үй-жайдан тыс жерде дауыс беруді ұйымдастыру бойынша практикалық кейстерді пысықтауға басты назар аударылады.
Барлық өткізілетін сабақтар міндетті түрде QR-код арқылы онлайн-тестілеумен аяқталады. Бүгінгі таңда облыстың қалалары мен аудандарының аумақтық референдум комиссияларының барлық мүшелері оқудан өтті.
– Облыста қанша сайлаушы тіркелген? Қанша адамның дауыс беру құқығы бар?
– Павлодар облысында 500 мыңға жуық референдумға қатысуға құқығы бар азамат тіркелген. Референдумға қатысу құқығына шығу тегіне, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайына, жынысына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, дінге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жеріне немесе кез келген өзге мән-жайлар бойынша қарамастан он сегіз жасқа толған Қазақстан Республикасының азаматтары ие. Референдумға сот әрекетке қабілетсіз деп таныған, сондай-ақ сот үкімі бойынша бас бостандығынан айыру орындарында отырған азаматтардың қатысуға құқығы жоқ. Республиканың өзге азаматтарының референдумға қатысу құқығын қандай да бір тікелей немесе жанама шектеуге жол берілмейді және мұндай жағдайларлар заң бойынша жазаланады.
Азаматтар референдумға тікелей өзі қатысуы тиіс. Бөгде адамдар үшін дауыс беруге жол берілмейді. Учаскелік референдум комиссия-лары референдумға қатысуға құқығы бар азаматтардың тізімдерін қала-аудан әкімдері бергеннен кейін 23 ақпаннан бастап жұмысқа кірісті.
– Тізімде аты-жөнінің бар-жоғын тұрғындар қалай және қашан тексере алады?
– 27 ақпаннан бастап референдум учаскесіндегі әрбір азамат өзінің тіркелген жері бойынша тізімдегі өзі туралы деректерді тексеруге және Тізімдегі енгізілмегеніне, дұрыс енгізілмегеніне немесе тізімнен шығарылмағанына, сондай-ақ тізімдегі ол туралы деректердегі дәлсіздіктерге шағымдануға құқылы. Азамат жеке басын куәландыратын құжатты көрсеткен кезде ғана өзін тексере алады. Түзетулер енгізу немесе тізімге енгізу қажеттілігі туралы өтініштерді референдум учаскелік комиссиясына өтініш келіп түскен күні қарайды. Сондай-ақ, референдум учаскесінің нөмірін қалалар мен аудандар әкімдіктерінің сайттарында жарияланған CALL-орталықтарға қоңырау шалу арқылы білуге болады.
– Қазір қандай жұмыстар жүргізілуде?
– Аумақтық референдум комиссиялары халықты ақпараттандыру бойынша жұмыс жүргізуде. 2026 жылғы 15 наурызда республикалық референдумға қатысуға шақыратын 200-ден астам баннер жасалды. Облыстық телеарналарда, облыстық радио эфирінде, LED-экрандарда, ірі сауда үйлерінде, қоғамдық көлікте, әлеуметтік желілерде тақырыптық аудио-бейнероликтер көрсетілуде. Қалалар мен аудандарда референдум учаскелерінің инфрақұрылымына мониторинг жүргізіледі, азаматтарды тіркеуді тексеру бойынша онлайн-сервистерді ұйымдастыру жұмыстары жүргізіледі. Облыста мұндай 226 онлайн-сервис болады. Бұл жағдайда референдум учаскесінің шекарасында тұрғылықты жері бойынша тұрақты тіркелген азамат өзін референдумға қатысушылар тізімінен таппаған жағдайда белгіленген үлгі бойынша дербес деректерді жинауға және өңдеуге келісім береді. Ал тізімге енгізу туралы учаскелік комиссияға өтініш жазады. Учаскелік референдум комиссиясының мүшесі азаматтың жазбаша өтініші негізінде оның тұрғылықты жері бойынша тіркелгені туралы мәліметтерді онлайн-сервис арқылы тексереді. Тіркеу расталған жағдайда комиссия азаматты референдумға қатысушылар тізіміне енгізу туралы шешім қабылдайды. Облыс орталығында, Екібастұз және Ақсу қалаларында тұрақты тіркеуі жоқ адамдар үшін азаматтарды тіркеу бойынша 6 сервис жұмыс істейді. Мүгедектігі бар адамдарға учаскелерде дауыс беруге жағдай жасалады. Ол үшін қосымша шаралар қабылдануда.
– Ақпаратыңызға рақмет!
Сұхбаттасқан – Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.
