6 қазан күні елімізде Атом электр станциясы құрылысына қатысты республикалық референдум өтеді. Бұл саяси науқанда халқымыз дауыс беріп, өз таңдауын жасайды. Аталған референдумға қазіргі таңда дайындық жұмыстары басталып кетті. Саяси науқанның ерекшеліктері, ұйымдастырушылар мен байқаушыларға, БАҚ өкілдеріне, жалпы, дауыс берушілерге қандай талап қойылады, нені ескеру керек? Міне, осы сұрақтар төңірегінде Орталық референдум комиссиясының, ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Электоралдық оқыту орталығының ұйымдастыруымен онлайн семинар өтті.
Өзгерістер енгізілді
ҚР Орталық референдум комиссиясының мүшесі Сәбила Мұстафина сайлау және референдум сияқты қоғамдық, саяси, құқықтық процестерге қатысушы барлық мүдделі санаттарды электоралды оқытуға ерекше көңіл бөлінетінін атап өтті. Аталмыш семинарда саяси партиялардың, 300-ге жуық өкелдері олардың филиалдарының, республикалық және өңірлік үкіметтік емес ұйымдардың мүшелері, БАҚ қызметкерлері қатысты. Яғни, референдум туралы заңдағы жаңашылдықтар, саяси науқанды өткізу мерзімдері мен кезеңдері, қоғамдық байқау, қоғамдық пікірді білуге сауалнама жүргізу тәртібі сынды өзекті мәселелер төңірегінде дәріс оқылды.
Орталық референдум комиссиясының мүшесі Асылбек Смағұлов республикалық референдум заңна-масындағы жаңашылдықтарға тоқталды. Айтуынша, 2022 өткен референдум қорытындыларын талдау барысында құқықтық тұрғыдан реттеуді талап ететін бірқатар мәселелер анықталған. Сәйкесінше, биыл 1995 жылы қабылданған республикалық референдум туралы конституциялық заңнамаға өзгерістер енгізілген. Нақтысы, «Сайлау туралы» заңға сілтеме жасай отырып, толықтырулар енгізіліпті. Мәселен, ұлттық және халықаралық байқаушылар, сондай-ақ, шетелдік бақ өкілдерінің құқықтары мен міндеттері бекітілді. Оларды аккредиттеу тәртібі, аккредиттейтін министрлік айқындалған. Сонымен қатар, БАҚ өкілдерінің референдум учаскелерінде болу мәселелері де заңмен реттелді. Телеарналардан үш адам, ал өзге БАҚ-тардан бір-бір өкілден қатысуға рұқсат етіледі. Шетелдік БАҚ өкілдері үшін аудармашының еріп жүріуне рұқсат. Редакциялық тапсырмасымен жеке куәлігі болуы шарт.
Тағы бір толықтыру, референдум тақырыбына қатысты қоғамдық пікірді білуге сауалнама жүргізуге байланысты жасалған. Мұндай сауалнаманы жүргізу үшін алдын ала Орталық референдум комиссиясына жазбаша ескерту жіберілуі тиіс. Онда жүргізетін заңды тұлғаның атауы, қамтылатын өңір, өткізетін уақыты мен ақпаратты жинау, талдау әдістері, сұрақтың дұрыс құрылуы, нәтиже дәлсіздігінің пайыздық мөлшері көрсетілуі тиіс. Сондай-ақ, заңды тұлғаның сауалнама жүргізудегі 5 жылдық тәжірибесі, мамандарының да тәжірибесі талап етіледі. Нәтижені дауыс беруге бес күн қалғанда жариялауға тыйым салынады.
Заңнамада комиссия мүшелеріне еңбекақы төлеу тетігі қайта қаралған. Бюллетеньдерді дауыс берілетін учаскелерге бұрынғы заңнамадағыдай 7 күн бұрын емес, 3 күннен ерте және 1 күннен кеш емес уақытта жеткізу айқындалды. Учаскенің дауыс берушілерінің саны және оның 1 пайызы көлемінде артық резервтік бюллетень табысталады. Сонымен қатар, заңнамада референдум комиссиясы мүше-лерінің әрекеті немесе әрекетсіздігіне шағым түсіру тәртібі де реттеліп отыр. Мұндай жағдайларда шағымды одан жоғары тұрған комиссияға немесе сотқа түсіруге болады.
Ерекшелігі қандай?
Орталық рефендум комиссиясы төрағасының орынбасары Константин Петров саяси науқанның ерекшеліктері, әрбір кезеңі жайлы және қай деңгейдегі комиссия неге жауапты екенін мәлім етті. Ол референдум үшін арнайы комиссиялар құрылмайтынын, барлығын сайлау комиссиялары жүзеге асыратынын атап өтті. Яғни, Орталық сайлау комиссиясы Орталық референдум комиссиясының, аумақтық сайлау комиссиясы аумақтық референдум комиссиясының, учаскелік сайлау комиссиялары учаскелік референдум комиссияларының функцияларын атқарады. Сондықтан қолыңызға тиген бланк, өзге де ақпараттарда Орталық сайлау комиссиясының мөрі немесе өзге атрибуттары тұрса, таң қалмауға шақырды. Себебі, референдум үшін жеке бланк шығарылмайды, деді.
Орталық референдум комиссиясы барлық комиссиялардың жұмысын үйлестіріп, қажетті құқықтық-нормативтік актілер қабылдауға, бюджет қаражатын бөлуге жауапты. Кейін референдум қорытындысын да аталмыш орган жариялайды. Аумақтық комиссиялардың да функциялары ұқсас. Бірақ, олар акт қабылдамайды. Учаскелік комиссиялардың қызметін реттеп отырады. Учаскелік комиссиялар жергілікті әкімдіктерден референдумға қатысушылардың тізімін алғаннан кейін іске кіріседі. Ағымдағы аптаның аяғында, яғни, дауыс беруге 20 күн қалғанда тізім тапсырылады деп күтілуде. азаматтар референдумға 15 күн қалғанда өздерін тізімнен тексеріп, бар-жоғын анықтай алады. Учаскелік комиссия мүшелері үй-үйді аралап, саяси науқан жайлы хабарландыру міндетін атқарады. Дауыс берушілерге референдум күні жайлы жағдай жасауға жауапты. Мүмкіндігі шектеулі жандарға да арнайы орындарын жабдықтауы тиіс. К.Петров жалпы шығындарды оңтайландыру үшін заңда жергілікті мемлекеттік органдардың ғимарат, жабдықтар, қажет жағдайда көлік қарастыруы міндеттелгенін атап өтті. Еліміз бойынша 10 327 референдум учаскесі жасақта-лады. Комиссиялар құрамында 70 049 адам бар. Шығын демекші, референдум өткізуге бюджеттен 15,4 млрд теңге қарастырылған. С.Мұстафинаның мәлімдеуінше, шығынның 71 пайызы комиссия мүшелерінің еңбекақысына, 29 пайызы ұйымдастырушылық қажеттіліктерге жұмсалады.
Бір айта кетерлігі, егер тұрақты тіркеуіңізді өзгертпеген болсаңыз, дауыс берушілер тізіміне автоматты түрде кіресіз. Ал тұрақты және уақытша тіркеуі бар азаматтар нақты қай мекенжай бойынша дауыс беретінін алдын ала айқындап, өтініш беруі тиіс. Тізімге ол азаматтың бір рет қана енгізілуін Орталық референдум комиссиясы қадағалайды. Тізімде бар-жоғын тұрғындар ұялы телефонына, телеграм канал арқылы келген sms-хабарламаның сілтемесімен ЖСН енгізу арқылы тексере алады. Дауыс беру күні азаматтар учаскелерге жеке куәлігін көрсетуі қажет. Куәліктің электронды және құжат жүзіндегі нұсқасының екеуі де жарайды.
Әдеттегідей, референдум өтетін күні таңғы 6-да дауыс беру жәшіктерінің пломбасы алынып, 7-де Әнұран ойнап, учаскелер есігін айқара ашады. Ал 20.00-де дауыс беру аяқталады. 00.00-ге дейін учаскелер бюллетеньдерді санап, аумақтық референдум комиссияларына нәтижелерін жолдауы тиіс.
Үгіттің де өзіндік талабы бар
Ал Орталық референдум комиссиясының мүшесі Анастасия Щегорцова референдумға қатысты үгіт, бақылау, сауалнамалар жүргізу тәртіптеріне тоқталды. Референдумға қатысты үгіт жұмыстары бірден басталады. Себебі, сайлау сияқты кандидаттарды тіркеу сынды кезеңдер жоқ. Яғни, референдум өтетіні туралы жарияланғаннан кейін тараптар тақырыпқа қатысты пікірін білдіре беруіне болады.
Үгіт жұмыстарын азаматтар мен қоғамдық бірлестіктерге жүргізуге рұқсат. Яғни, пікірлерін жиналыстар, митингтерде, БАҚ-та, үгіт парақшаларында, баннерлер мен өзге де үгіт материалдарында білдіруіне болады. Бір ескеретіні, үгіт материалын жариялағанда онда барлық шығыс мәліметтері, таралымы, басып шығарылған орны, таратуға кім жауапты — бәрі көрсетілуі тиіс. Бір шектеу бар, яғни, дауыс беретін күні және сол күнге бір күн қалғанда жаңа үгіт өнімдерін жариялауға болмайды. Ал бұған дейін ілініп, жарияланып қойған материалдар сол қалпы тұра береді. Мамандар, тіпті әлеуметтік желілерде комментарийлерді өшіріп тастауға кеңес береді. Себебі, жаңадан комментарийі көбейген пабликтердің ақпараттары жаңалық жолағының басына шығып кетеді. Бұл да келеңсіздік тудыруы мүмкін екенін ескертті. Сонымен қатар, үгіт материалдарында зорлық-зомбылық, мемлекеттің тұтастығына нұқсан келтіретін және басқа да заңға қайшы әрекеттер насихатталмауы тиіс. Үгіт ақпараттарын арнайы белгіленген орындарға, иесінің рұқсатымен ғимараттарға ілуге рұқсат етіледі. Ескерткіш, тарихи ғимараттарға, дауыс берілетін ғимаратқа жапсыруға болмайды. Ал бейбіт митингтер мен жиналыстар өткізу үшін 5 күн бұрын жергілікті мемлекеттік органды хабарландыру керек. Арнайы орындарда ғана өткізуге рұқсат.
Саяси науқанның жариялылығына келсек, үкіметтік емес ұйымдар мен коммерциялық емес ұйымдар аккредиттеліп, бақылау жүргізуіне жол ашық. Бастысы, олардың жарғылық құжатында бақылау қызметі бар болса, болғаны. Бір учаскеде бір ҮЕҰ-дан бір өкілден қатыса алады. Олардың қолында ұйымның мөрі қойылған, жолдамасы болуы шарт. Үйде дауыс беретіндерге көшпелі жәшіктерді апаруға да байқаушылар еріп бара алады. Бірақ, байқаушылар саны көп, ал көлік жетіспесе, оны байқаушылардың өздері қамтамасыз етуі тиіс. Яғни, учаскелік комиссия оған міндетті емес. Байқаушылар дауыс беру, бюллетеньдерді санау барысын бақылауына болады. А.Щегорцова байқаушылар комиссия мүшелерінің әрекеті немесе әрекетсіздігін заңға қайшы деп таныса, фото-бейнежазба түсіріп, әлеуметтік желіге жариялауға асықпай, дәлелімен жоғары комиссияға немесе сотқа жүгінуге шақырады.
Қоғамдық пікірге қатысты сауалнаманы кез келген журналист, блогердің, әлеуметтанушының жүргізуі заңға қайша екенін ескертті. Мұндай сауалнама жүргізуге заңды тұлға ғана құқылы екенін атап өтті. Ал сауалнама жүрігізудің, нәтижесін жариялаудың талабы бұзылса, жеке тұлғаларға 15 АЕК, заңды тұлғаларға 30 АЕК көлемінде айыппұл салынады. БАҚ-тар сауалнаманы көшіріп басқан күннің өзінде оны жүргізген заңды тұлғаны, кім тапсырыс бергенін, кім ақысын төлегенін, дәлсіздік мөлшері сияқты мәліметтерді көрсетуі тиіс. Яғни, барлық әлеуметтік сауалнамалардың әдебі сақталуы керек.
Семинар барысында ҚР Энергетика министрлігінің Атом энергетикасы және өнеркәсібі департаменті директорының орынбасары Гүлмира Мұрсалова елімізде атом саласын дамыту, энергия қауіпсіздігі мәселесінде АЭС-тің рөлі турасында баяндады. Қоғамдық бірлестіктер, партия, БАҚ өкілдері сауалдарын қойып, сала мамандарынан тұшымды жауап алды.
Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.