Өңірдің өркендеуі халықтың әлеуметтік жағдайымен тікелей байланысты. Жолдардың сапасы, білім беру саласының, денсаулық сақтау саласының даму деңгейі, оның қолжетімділігі мен сапасы – тұрғындардың күнделікті өміріне әсер ететін басты факторлар. Бұл мәселелерді шешуде жергілікті атқарушы органдармен қатар, халық қалаулыларының да рөлі ерекше. Себебі, депутат – халық пен билік арасындағы көпір. Осы ретте облыстық мәслихат депутаты Қанат Сатабаевпен тілдесудің сәті түсті.
– Қанат Тұрсынұлы, алдымен осы жылдың басынан бері атқарған жұмыстарыңыз жайлы тарқатып айтып берсеңіз…
– Мәслихат депутаты – халық пен билік арасындағы алтын көпір. Бізге жүктелген басты міндет – елдің аманатын жеткізіп, тұрғындардың мәселесін шешуге ықпал ету. Әрбір депутаттың өзінің сайлауалды бағдарламасы бар. Мен №1 округ-
тен сайланып, сайлау науқаны кезінде тұрғындардың талап-тілектерін тыңдап, олардың орын-далуына қатысты нақты уәделер берген болатынмын. Бүгінгі таңда сол уәделерді жүзеге асыру – менің басты басымдығым.
Қазіргі уақытта облыстық мәсли-хатындағы «AMANAT» партиясы фракциясының жетекшісі ретінде депутаттардың жұмысын үйлестіру, олардың бастамаларын бір арнаға тоғыстырып, ортақ мақсатқа бағыт-тау – негізгі міндеттерімнің бірі.
Біздің негізгі құжатымыз: Сайлауалды бағдарлама – Жол картасы. Онда нақты міндеттер айқын көрсетілген және олардың әрқайсысы сөзсіз орындалуы тиіс. Орындаусыз қалған кез келген индикатор – баршамыздың ортақ жауапкершілігіміз. Әр депутат өзіне бекітілген тармақтың толық жүзеге асырылуына жеке жауап береді.
Сонымен қатар, біз облыс тұрғындарымен тұрақты кездесулер өткізіп, олардың ұсыныспікірлерін назарға аламыз. Бұл өтініштердің басым бөлігі шешім қабылдау барысында ескеріліп, нақты шаралар қабылданады. Ал мәслихаттағы бюджеттік комиссияның мүшесі ретінде қазіргі таңда әлеуметтік маңызы бар нысандар мен инфрақұрылымдық жобаларға қаржы қарастыру, қажетті ұсыныстар енгізу бағытында қызмет етудемін.
– Биылғы облыстық бюджеттен қаражат бөлуде қандай салаларға басымдық берілді?
— Облыстық мәслихаттың бюджет комиссиясының жұмысы айрықша маңызды. Себебі, дәл осы алаңда өңірдің басты қаржылық құжаты — облыстық бюджет қаралып, әрбір бөлім мұқият зерделенеді. Біз кірістер мен шығыстарды салыстыра отырып, басым бағыттарды айқындаймыз. Әсіресе әлеуметтік қолдау, білім беру, денсаулық сақтау, инфрақұрылымды дамыту және ауылдық аумақтарды қолдауға ерекше мән беріледі.
Біздің міндетіміз – бюджетті тек бекіту емес, оны барынша теңгерімді, ашық әрі тұрғындардың нақты қажеттіліктеріне сай ету. Осы мақсатта жыл бойы бюджеттің орындалуын бақылап, басқармалардан есептер тыңдаймыз. Қажет болған жағдайда түзетулерді де енгіземіз. Маңыздысы, әр бөлінген қаржы облыс тұрғындарының игілігіне жұмыс істеуі тиіс. Сол себепті мемлекеттік және өңірлік бағдарламалардың тиімділігіне тұрақты түрде талдау жасап, тұрғындардың ұсыныстарын және депутаттық сауалдарды ескереміз.
Мәселен, биыл басты назар әлеуметтік мәселелерге аударылды. Атап айтсақ, Павлодар ауданы Бірлік ауылындағы мектептің құрылысына 485 млн теңге, оқушылардың тегін тамақтануын жалғастыру үшін қосымша 145 млн теңге, Ақтоғай ауданы Ақтоғай ауылындағы бала-бақшаны жабдықтауға 89 млн теңге қарастырылды. Сонымен қатар, Павлодар әуежайын жаңарту жұмыстарына 673 млн теңге бөлінді. Бұл қаражатқа әуежайдың ұшу-қону жолағы кеңейтіліп, терминал жаңартылады. Жыл соңына дейін құрылыс аяқталады деп күтілуде. Ал төтенше жағдайлардың алдын алу үшін қосымша 30 млн теңге қарастырылып, орман өрттерін сөндіруге арнайы тікұшақ тартылды.
Қаражаттың дұрыс жұмсалуын біз тұрақты түрде бақылауда ұстаймыз. Әрбір теңгенің есебі жүргізіліп, мақсатты әрі тиімді игерілуіне баса назар аударамыз.
— Облыстық мәслихат депутаттары аудандарды, елді мекендерді жиі аралап, жергілікті тұрғындармен кездесу өткізетінінен хабардармыз. Ал өзіңіз қандай елді мекендерді араладыңыз? Сол сапарларда тұрғындар тарапынан қандай мәселелер жиі көтеріледі?
– Биыл бірнеше аудан мен ауыл-дарға бардым. Әсіресе, Ақтоғай, Железин, Павлодар және Баянауыл аудандарында болып, жергілікті тұрғындармен кездестім. Ондағы тұрғындардың негізгі көтерген мәсе-лелері – ауыл ішіндегі жолдардың сапасы, ауызсу мен жарықтың тұрақтылығы, жер мәселелесі. Сонымен қатар, жастар үшін жұмыс орында-рының тапшылығы да жиі айтылды.
Әр кездесуде тұрғындардың пікірлері мен ұсыныстарын мұқият жазып алып, тиісті мекемелерге жеткіземіз. Кейбір мәселелер жергілікті деңгейде тез арада шешімін тапса, ауқымды жобалар облыстық бюджет пен мемлекеттік бағдарламалар аясында қаралады.
Мысал ретінде Железин ауданының Мыңкөл ауылындағы медициналық пункттің құрылысын атап өтуге болады. Бұл нысан біраз уақытқа дейін проблемалық болып келді. Біз аудандық мәслихат депутаттарымен бірлесе отырып бірнеше рет мониторинг жүргізіп, депутаттық сауалдар жолдадық. Осының нәтижесінде мердігер ұйым ауыстырылды. Қазіргі уақытта жаңа мердігерлік ұйым жұмысты қолға алып, қазан айында нысанды пайдалануға беруді жоспарлап отыр. Бұл мәселе — біздің фракция депутаттарының тұрақты бақылауында.
Сонымен қатар, ауыл тұрғындары үшін маңызды жобалардың бірі – спорттық-сауықтыру кешендерінің құрылысы. Мәселен, Кемеңгер және Ақжол ауылдарындағы нысандарда жобалық-сметалық құжаттарды қайта қарау қажеттілігі туындап, мерзімдер кейінге шегерілді. Жоспарға сәйкес, Ақжолдағы кешен 2025 жылдың соңына дейін, ал Кемеңгердегі нысан 2026 жылы аяқталмақ. Бұл жобалардың да орындалуын біз жіті назарда ұстаймыз.
Жыл соңына дейін барлық ауданды аралап, азаматтарды қабылдау және уақытылы орындалмай қалу қаупі бар құрылыс нысандарына мониторинг жүргізуді жоспарлап отырмыз.
— Облыста шешімін күтетін күрделі мәселелер қай бағытта байқалады?
— Соңғы жылдары облыстағы өзекті мәселелердің бірі – ауылдық жерлердегі инфрақұрылымның жеткіліксіздігі. Әсіресе, ауызсу мен электр желілерінің тозуы, ауылішілік жолдардың сапасы жиі көтеріледі. Дегенмен бұл бағытта жағдайды жақсарту үшін жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде. Барлығы депу-таттардың жіті бақылауында. Биылдың өзінде 590 шақырым автожол жөнделіп, нәтижесінде жолдардың 96 пайызы нормативтік деңгейге жетеді. Келесі жылы барлық елді мекенге апаратын кірме жолдарды толық жөндеу жоспарлануда. Сондай-ақ, тұрғындарды сапалы ауызсумен қамтамасыз ету бойынша жұмыстар жалғасуда. Жыл соңына дейін облыстағы барлық елді мекен 100 пайыз орталық су жүйесіне қосылады деп көзделіп отыр.
Өңірдің басты басымдықтарының бірі – инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту. Соңғы үш жылда жылу жүйесіне 163 млрд теңге инвестиция салынып, 87 қондырғы жөнделді, 185 шақырым жылу желісі қайта құрылды.
Медицина саласында да шешімін күткен мәселелер бар. Әсіресе, шалғай ауылдарда дәрігер мамандардың тапшылығы және медициналық пункттердің ескі ғимараттары халықты алаңдатады.
Жастарды жұмыспен қамту – тағы бір маңызды тақырып. Сапалы жұмыс орындарының жетіспеуі жас буынды қалаға көшуге итермелейді. Бұл ауылдардың әлеуметтік-экономикалық дамуына кері әсерін тигізуде. Дегенмен партия қолдауымен жүзеге асырылып жатқан «Ауыл аманаты» жобасы ауыл кәсіпкерлігін дамытуға, жастардың туған жерінде қалып, еңбек етуіне зор мүмкіндік беріп отыр.
Өңір тұрғындарын алаңдататын тағы бір мәселе – экология. Ертіс өзені маңы мен өндіріс аймақтарына жақын елді мекендерде қоршаған ортаны қорғау, ауа сапасын жақсарту және тұрмыстық қалдықтарды басқару ерекше назарды қажет етеді.
Бұл мәселелерді шешу мақсатында мемлекеттік бағдарламалар мен партиялық жобалар жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Бастысы, тұрғындардың пікірін уақытылы тыңдап, әрбір мәселені кезең-кезеңімен шешуге тырысамыз. Бұл жұмыс – халық сенімін ақтау жолындағы басты міндеттеріміздің бірі.
— Халықтың депутаттарға сенімі қаншалықты жоғары?
— Халықтың депутаттарға деген сенімі – біздің қызметіміздің басты көрсеткіші. Бұл сенімді құрғақ сандармен өлшеу мүмкін емес. Ол алдымен азаматтардың өз мәселелерімен бізге жүгінуінен, ой-пікірінің ескерілетініне сенуінен көрінеді.
Қазір қоғамда ашықтық пен пікір алмасуға деген сұраныс айрықша жоғары. Біз азаматтарды қабылдау кезінде де, ауыл-аймақ пен қаладағы кездесулерде де тұрғындардың белсенділігін анық сезінеміз. Көтерілетін мәселелердің ауқымы кең. Мәселен, коммуналдық жағдайдан бастап, әлеуметтік қолдау, жұмыспен қамту және инфрақұ-рылымды дамытуға дейін көтеріледі. Адамдардың дәл депу-таттарға жүгінуі олардың бізден нақты нәтиже күтетінін айғақтайды. Бұл — өз кезегінде сенімнің көрсеткіші.
Әрине, сенім дайын күйінде берілмейді. Ол — үздіксіз еңбек пен нақты істердің жемісі. Біз бұл сенімді тек күнделікті жұмысымыз арқылы ақтай аламыз: мемлекеттік бағдарламалардың орындалуына бақылау жүргізу, жергілікті түйткілдерді шешу, халықтың мүддесін қорғау – біздің тікелей міндетіміз. Әрқашан ашық болып, шынайы жауап беруге ұмтыламыз. Тіпті, уақыт талап еткен жағдайда да халық адалдық пен табандылықты бағалайды.
Менің ойымша, депутаттық корпустың беделі мен халықтың сенімі біздің сөзіміз нақты іспен дәлелденгенде ғана нығаяды. Сондықтан басты мақсатымыз – халықтың жанында болып, олардың үнін тыңдап қана қоймай, шын мәнінде көмек көрсету.
— Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан – Айдана БОРАНБАЕВА.