Жаңа Конституция жобасына қатысты республикалық референдумның өтуіне санаулы күндер қалды. Ақсу қаласы мен оған қарасты ауылдық аймақтарда тұрғындардың таңдау жасауы үшін ашылған учаскелер саяси науқанға сақадай сай.
Ақсу қалалық аумақтық референдум комиссиясының төрағасы Серік Жақыповтың айтуынша, өңірде барлығы 39 учаске құрылды. Оның 21-і Ақсу қаласында, қалған 18-і ауылдық аймақтарда жұмыс істейді. Учаскелердің дені, яғни 31-і оқу мекемелерінде, алтауы мәдениет үйінде, тағы екеуі бейімделген ғимаратта орналасқан.
— Жалпы, біздің өңірде 48 мың 551 адам дауыс беру құқығына ие. Олардың қатарында 18-29 жас аралығындағы жастардың үлесі 19 пайызды құрайды. Сонымен қатар, мүмкіндігі шектеулі 349 жан үй жағдайында таңдау жасай алады. Бүгінде шақыру билеттері түгелдей дерлік таратылып болды. Көпшілік жиі жиналатын орындар – подъездер, аялдамалар, пошта бөлімшелері, сауда орындарында да референдумға келіп, дауыс беруге қатысуға қатысты плакаттар ілінді. Оған қоса, қоғамдық көлік ішінде аудиороликтер бар, — деді С.Жақыпов.
Атап өтерлігі, Ақсудағы 21 учаскеде сервистік орталық болады. Яғни, тұрақты тіркеуі жоқ азаматтар сол учаске мекенжайы бойынша уақытша тіркеліп, бюллетень алып, дауыс бере алады. Ал бір тәуліктен соң тіркеуден автоматты түрде шығарылады.
Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА.
