Өткен аптаның жұма күні Астанада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің бірінші форумы болып өтті. Президент әлемдік ахуалға байланысты қазіргі таңда азық-түлік нарығындағы сұраныс пен инвестиция салу мәселелері, мемлекеттік қолдау туралы кеңінен айтып өтті.
Диқандардың еңбегі еселі
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жиынға қатысушыларды Ауыл шаруашылығы, тамақ және өңдеу өнеркәсібі қызметкерлері күнімен құттықтады. Мемлекет басшысы форумның елімізде тың игеру науқаны басталғанына 70 жыл толуымен тұспа-тұс келіп отырғанын атап өтті. Президенттің пікірінше, тың игеру науқанының түрлі салдары болғанына қарамастан, ауыл шаруашылығында көптеген оң өзгеріс жасалды. Қазақстан аз уақыт ішінде әлемдегі астықты елдердің біріне айналды.
— Мен бүгін алғашқы тыңгерлердің және олардың ізін басқан диқандарымыздың еңбегін ерекше атап өткім келеді. Отандық өнімдеріміздің сапасы жоғары, көбі экспортқа шығарылып жатыр. Бұл – зор жетістік. Қазақстан егіс алқабы және жайылымдық жер көлемі жағынан әлемде 6-орын алады. Біз бидай экспорттайтын 10 ірі мемлекеттің қатарына кіреміз. Ұн экспорты бойынша көш басындағы елдің біріміз. Биыл түрлі қиындыққа қарамастан, қамбамыз астыққа толды. Күзгі жиын-терімде 26,7 миллион тонна дақыл жиналды. Бұл – соңғы он жылдағы рекордтық көрсеткіш. Шын мәнінде диқандарымыз тамаша нәтижеге жетіп отыр. Құттықтаймын және баршаңызға шынайы ризашылығымды білдіремін! — деді Қ.Тоқаев.
Мұны, ең алдымен, ауыл халқының ерен еңбегінің жемісі деуге болады. Мемлекет тарапынан да тиісті жұмыс жүргізілді, қажетті көмек берілді. Қазір елімізде жаңа экономикалық бағдар аясында нақты шаралар қолға алынып жатыр. Жүйелі жұмыстардың нәтижесінде инфляция деңгейі төмендеді (биылғы қазан айында жылдық инфляция 8,5 пайызды құрады), сондай-ақ ұлттық экономиканың өсімі 2024 жылдың қаңтар-қазан айларында 4 пайыздан асып, жақсы қарқын алды.
— Мұнайдан тыс салаларды дамыту арқылы оң динамика байқалады. Бұл – маңызды үдеріс. Ішкі жалпы өнім өсімінің үштен екісінен астамы сауда, өңдеу өнеркәсібі, құрылыс пен ауыл шаруашылығына тиесілі. Осы бағыттағы белсенді жұмысты жалғастыру керек. Қазақстан шет елдерден тікелей инвестиция тарту бойынша Орталық Азияда көш бастап тұр. Биыл жетекші халықаралық рейтинг агенттіктері Қазақстанның қазіргі несие рейтингі инвес-тициялық сенімділік деңгейінде тұрғанын растады. Қыркүйекте Moody’s агенттігі Қазақ-станның ұзақмерзімді рейтингін «Тұрақты» деңгейіне көтерді. Бұл – Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы ең үздік нәтиже, деді Мемлекет басшысы.
Инвестиция көптеп тартылуда
Президент инвестиция эконо-миканың кен өндіруден тыс салаларына көбірек тартылғанын атап өтті.
Өңдеу секторы көлемі жағынан қазірдің өзінде кен өндіруді басып озды әрі үздіксіз өсіп келеді (өнеркәсіп құрылымында өңдеу секторының үлесі 47 пайызды құрайды). Бұл салада бүгінде 630 мың азамат жемісті еңбек етеді. Жыл соңында жалпы құны 1,2 триллион теңгені құрайтын 180 индустриалды жоба іске асырылмақ. Атап айтқанда, катодты мыс (Қарағанды облысы), ферроқорытпа (Павлодар облысы), жүк көліктерінің бөлшектері (Қостанай облысы), цемент, бағалы металл өңдеу өндірісі (Жамбыл облысы) секілді ірі зауыттар жұмыс істей бастайды. Қазіргі уақытта вольфрам кенін қайта өңдеу (Алматы облысы), Chevrolet Onix автокөлік маркасын құрастыру (Қостанай облысы), мыс концентраты (Жамбыл облысы), жылу оқшаулағыш материалдары (Алматы облысы) және қыш тақталары (Шымкент қаласы) өндірістері пайдалануға берілді. Атырау облысында полипропилен шығаратын зауыттың ашылуы мұнай-газ химиясы саласының толықтай қалыптасуына ықпал етті. Алдағы уақытта полиэтилен мен бутадиен өндіру жоспарланған. Маңғыстау облысында еуропалық консорциумның қатысуымен «жасыл» сутегі өндірісі жобасы жүзеге асырылады. Осылайша елімізде озық халықаралық стандарттарға сай және сыртқы нарықта сұранысқа ие өнім өндіретін жаңа кәсіпорындар құрылып жатыр. Әлеуметтік жағынан аз қамтылған азаматтардың тұрғын үйге қолжетімділігін арттыру үшін ауқымды жұмыс жүргізілуде. Осы мақсатта «Отау», «Наурыз» және «Асыл мекен» жеңілдетілген ипотекалық бағдарламалары ашылды. Сондай-ақ, көктемгі су тасқынынан зардап шеккен
17 мыңнан астам отбасының баспана мәселесі шешімін тапты».
«Агроөнеркәсіп кешеніне жан-жақты қолдау көрсетілуде. Негізгі мақсатымыз – ауыл шаруашылығының дамуына серпін беру. Бүгінде жаһандық азық-түлік қауіпсіздігі индексіндегі еліміздің көрсеткіштері жақсарып келеді. 2022 жылы осы рейтингте 32-ші орынға шықтық. Қазақстан ТМД елдері ішінде көш бастап тұр. Бірақ жайбарақат отыруға болмайды. Ауыл шаруашылығы бәсекеге қабілетті озық сала болуы керек. Агроөнеркәсіп кешені экономикадағы басты қозғаушы күштің біріне айналуға тиіс. Бизнес те, мемлекет те осыған мүд-
делі. Бұл, ең алдымен, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету тұрғы-сынан маңызды. Ауылдағы ағайынның тұрмысы да осы салаға тікелей байланысты», деді Президент.
Астықты сатып алуды тапсырды
Қасым-Жомарт Кемелұлы алдағы жұмыстың негізгі бағыттарына тоқталды.
«БІРІНШІ. Агроөнеркәсіп кешенін қаржыландыруды жүйелі жүргізу қажет. Агроөнеркәсіп кешенін қаржыландыру ақсап тұрған саланың бірі еді. Биыл мемлекет бұл мәселені шешіп, бөлінетін қаржы көлемін айтарлықтай арттырды. Біз пайыздық мөлшерлемемен субсидиялау арқылы несиелеудің күрделі әрі көлеңкелі жүйесінен бас тарттық. Диқандар енді көктемгі егін егу және жиын-терім жұмыстарына 5 пайыз мөлшерлемемен тікелей жеңілдетілген несие алады. Мұндай несиелеу көлемі алғаш рет жарты триллион теңгеден асты (580 миллиард теңге, бұған дейін 180 милллиард теңге болған), алдағы уақытта бұл көрсеткіш бір жарым триллион теңгеге дейін жеткізіледі. Дәнді дақылдар түсімі биыл гектарына 16 центнерді құрады. Бұл көпжылдық орташа көрсеткіштерден әлдеқайда жоғары. Кейбір алқаптан гектарына 40 центнерден немесе одан да көп өнім жиналды. Бидай сапасы мен қамырлылығының (клейковина) деңгейі (32 пайыз) жоғары. Бұған заманауи агротехнологияларды, жоғары сапалы тұқымды, тыңайтқыш пен пестицидтерді пайдалану, сондай-ақ ауылшаруашылық техникаларын жаңарту арқылы қол жеткіздік. Енді біздің алдымызда жиналған өнімді сақтау және оның бағасын құлдыратуға жол бермеу міндеті тұр. Үкіметке Азық-түлік корпорациясы арқылы шаруалардан астық сатып алуды тапсырамын. Бұл нарықтағы бағаны ұстап тұру үшін керек. Астықты өңірлердегі қоймаларды босату мақсатында Ауыл шаруашылығы және Көлік министрліктері бидайды басқа облыстарға тасымалдауды жедел қамтамасыз етуі қажет. Бұл істе облыс әкімдерінің үйлесімді жұмыс істегені маңызды. Көктемгі егіс пен күзгі жиын-терім жұмыстарын дер кезінде қаржыландыру – мол астық жинаудың кепілі. Жыл сайын төлемдерді кешіктіру салдарынан шаруалар егін егу барысында көп қиындықты бастан өткереді. Сондықтан менің тапсырмам бойынша көктемгі егіс жұмыстарына бөлінетін жеңілдетілген несие биылғы желтоқсан айынан бастап берілетін болады. Соның нәтижесінде диқандар жанар-жағармайды, қосалқы бөлшектерді, басқа да қажетті тауарлар мен қызметтерді уақытында сатып ала алады. Қазақстан халқына арнаған Жолдауымда аталған салаға жеке инвестициялар тарту керек екенін айтқан едім. Агроөнеркәсіп кешенін мемлекет тарапынан субсидиялауды біртіндеп қысқартып, оның орнына банктердің ауыл шаруашылығына жеңілдетілген несие беруін ынталандырған жөн. Отандық қаржы институттары агрокәсіпорындарға ұзақмерзімді әрі қолжетімді қаражат ұсынуға тиіс», деді Мемлекет басшысы.
Ғылымды дамыту қажет
Екіншіден, Агроөнеркәсіп кешенін индустрияландыруды белсенді түрде жалғастыру қажет. Былтырғы Жолдауда үш жылдың ішінде агроөнеркәсіп кешеніндегі қайта өңделген өнімнің үлесін
70 пайызға дейін арттыру міндеті қойылды. Біз негізгі азық-түлік тауарлары бойынша импортқа тәуелділікті азайтуға бағытталған бірқатар жобаны жүзеге асыра бастадық. Атап айтқанда, таяу жылдары сүт өндіру көлемін 600 мың тоннаға көбейтуге мүмкіндік беретін 116 заманауи тауарлы сүт фермасы салынады. Жалпы қуаты жылына 220 мың тонна құс етін өндіретін 29 фабриканы, сондай-ақ қуаты жылына 850 миллион жұмыртқа өндіретін 11 құс фабрикасын пайдалануға беру көзделген. 100 мыңға жуық ірі қараға арналған 6 бордақылау алаңын, сондай-ақ 50 мың бас уақ малға арналған бордақылау кешенін іске қосу жоспарланып отыр. Сонымен қатар, Үкімет алғашқы мамандандырылған биржа ашуды қолға алды. Бұл кешенде мал саудасының заманауи ережелері сақталып, фермерлер мен тұтынушылар арасында басы артық делдалдар болмайды.
Мемлекет басшысы үшінші басым бағыт ретінде Ауыл шаруашылығы ғылымын өркендетуді атады. Бұл мәселе — аса маңызды. Қазір жаһандық азық-түлік нарығында бәсеке күшейіп келеді. Оған төтеп беру үшін ғылымды дамытуға баса мән беру керек. Соның ішінде тұқым шаруашылығын жандандыру – стратегиялық міндеттің бірі. Картоп пен қант қызылшасы бойынша отандық тұқымның үлесі 10 пайызға да жетпейді. Осындай мәселелерді шұғыл шешу қажет. Биыл дәнді дақылдар селекциясы мен тұқым шаруашылығын дамыту туралы кешенді жоспар қабылданды. Нақты міндеттер қойылды. Үкіметке диқандарды елімізде өндірілген тұқыммен қамтамасыз етуді тапсырамын. Бұл көрсеткішті 2028 жылы 80 пайызға жеткізу қажет. Ал жоғары сапалы (яғни, элиталық) тұқымның үлесі кемінде 15 пайыз болуы керек. Ол үшін шетелдің озық тәжірибесін зерттеген жөн.
«Мен жақында француз кәсіпкерлерін осы саладағы инвестициялық жобаларды бірге жүзеге асыруға шақырдым. Сондай-ақ жуырда Моңғолияға мемлекеттік сапармен барғанымды білесіздер. Ол жақта да өте маңызды келіссөздер болды. Моңғолия басшысымен бірге көптеген мәселені талқыладық. Екі көшпенді халықтың ұрпағы ретінде жылқы туралы да айттық. Моңғол жылқылары аласа болғанымен, өте төзімді әрі ұзаққа шабады екен. Біз «Тегіміз – түркі, түлігіміз – жылқы» деп, арғымақты айрықша қадірлеген елміз. Тұтас тарихымыз тұлпардың тұяғымен жазылған. Жалпы, қазақтың мінер көлігі де, ішер асы да жылқымен тығыз байланысты. Қазір елімізде жылқы саны үздіксіз өсіп келеді. Бұл – жақсы үрдіс. Дегенмен асыл тұқымды жылқының үлесі бір пайызға да жетпейді, яғни 4,2 миллион жылқының 40 мыңы ғана асыл тұқымды. Сондықтан мал тұқымын асылдандыру жұмысына баса мән берген жөн. Қазақстанда жылқының бірнеше түрі бар. Оның ішінде қазақпен бірге жасап келе жатқан жабының орны ерекше. Кейін оған Қостанай, Көшім және Мұғалжар тұқымдары қосылды. Әрқайсысының өз ерекшелігі бар. Мен бұған дейін Адай жылқысы Маңғыстаудың баға жетпес қазынасы екенін айттым. Оны әлемге таныту үшін нақты шаралар қабылдауды тапсырдым. Қазір Адай жылқысы ресми түрде бөлек тұқым ретінде тіркелді. Бұл арғымақтар Ұлы дала жорығында, басқа да аламан бәйгелерде топ жарып жүр. Қостанай жылқысы да мықты екені белгілі, алайда, жоғалып кетудің аз-ақ алдында тұр, небәрі 280 бас қалды. Сондықтан жылқының санымен қатар, сапасын арттыру – маңызды міндет. Биыл қазақ жылқысының тұқымын сақтау және көбейту үшін арнайы заң қабылдадық. Енді бұл бағытта тағы бір маңызды қадам жасаймыз. Мен Үкіметке Жылқы шаруашылығы институтын құруды тапсырамын. Білікті мамандар мұны көптен бері айтып жүр. Құзырлы органдар қысқа мерзім ішінде осы мәселені пысықтап, қаржы көзде-
рін нақтылауы керек, деді Президент.
Тұқым да, тыңайтқыш та аз
Қасым-Жомарт Тоқаев Ауыл шаруашылығына жаңа технологияларды белсенді түрде енгізу қажет. Бізде минералды тыңайтқыштар аз қолданылады. Бұл – отандық агро-сектордағы өзекті мәселе. Биыл егіс алқаптарына бұрынғыдан екі есе көп тыңайтқыш себілді. Бұл – ғылыми тұрғыдан қажет тыңайтқыштың 41 пайызы деген сөз. Жалпы, жұмыс қарқыны жаман емес. Бірақ біз агротехнологиясы дамыған озық елдердің деңгейіне ұмтылуымыз қажет. Сондықтан импортқа тәуелді болуды азайту керек. Өзімізде шығарылатын тыңайтқыштар ауыл шаруашылығын толық қамтамасыз етпейді, сұраныстың жартысын ғана өтейді. Қазір елімізде құны 4 миллиард доллар болатын ауқымды инвестициялық жобалар жүзеге асырылып жатыр. Соның арқасында 7 миллион тонна минералды тыңайтқыш өндірілмек. Осылайша біз ішкі нарықты толық қамтамасыз етеміз, ал артығын экспортқа шығаруға мүмкіндік туады. Бұдан бөлек органикалық тыңайтқыш өндірісін дамыту маңызды. Халық-аралық тәжірибеге қарасақ, қойдың жүнін суармалы жерге тыңайтқыш ретінде тиімді пайдалануға болады»
Мемлекет басшысы Агроөнеркәсіп кешенін одан әрі цифрландыру мен автоматтандыру мәселесі ұдайы назарда болуға тиіс деді. Бұл бағытта жақсы нәтижелер бар. Кейінгі бес жылда еліміздегі цифрлы фермерлік шаруашылықтар саны алты есеге жуық өсіп, бүгінде 200-ден асты. Бұл – шын мәніндегі болашақтың кәсіпорындары. Онда озық технологиялар жаппай енгізіледі. Бірақ бұған тоқмейілсуге болмайды. Аталған саладағы қызметтер мен процестерді толығымен электронды форматқа көшіруді жеделдету қажет. Субсидия алу мен жеңілдіктерді пайдалану алгоритмдері фермерлер үшін барынша қарапайым және түсінікті болуы керек. Бұл туралы ақпараттардың формалары мен мазмұны барынша қолжетімді болғаны жөн. Жасанды интеллект пен «үлкен деректерді» пайдалану арқылы ғана өндірістің барлық кезеңінде дәл есептеу, бақылау мен болжау мүмкін болмақ. Жалпы жан-жақты цифрландыру агроөнеркәсіп кешенінің бәсекеге қабілетін арттырады, көлеңкелі сектордың үлесін азайтуға септігін тигізеді және саладағы мемлекеттік басқаруды одан әрі жетілдірудің маңызды факторына айналады» деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Тозған техникамен алысқа бармаймыз
Ауыл шаруашылығы техника-сының қолжетімділігі маңызды. Президент бұған дейін ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту деңгейін жылына 8-10 пайызға дейін жеткізу жөнінде міндет қойған болатын. Бұл мақсатқа 120 миллиард теңге бөлініп, отандық ауыл шаруашылығы техникаларын жылына 5 пайызбен жеңілдетілген лизингке беру бағдарламасы басталды. Қазақстанда 8 ірі бірлескен кәсіпорын, соның ішінде «Клаас» неміс концерні мен ресейлік «Ростсельмаш» компаниясы табысты жұмыс жатыр. «Биыл шамамен 160 миллиард теңгеге жуық қаржыға 4,5 мыңнан астам трактор мен астық жинайтын 815 комбайн (оның 107-сі «Клаас» компаниясына тиесілі) шығарылды. Үкімет еңбек өнімділігін арттыруға, импортталатын қосалқы бөлшектерді локализациялап, ұсақ бөлшектерден құрастырылатын өндірісті қолдауға және тұрақ-
ты жұмыс орындарын ашуға баса мән беруі керек» деді Қ.Тоқаев.
Алтыншы бағыт ретінде ауыл шаруашылығының экспорттық әлеуетін күшейту қажеттігі белгіленді. Мұнда көлік-логистика мүмкіндіктерінің шектеулі болуы кедергі келтіреді. Мысалы, еліміздегі логистика мен сақтау жүйелерінің жеткілікті болмауынан ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер зор шығынға ұшырап отыр. Сондықтан сақтау инфрақұрылымын, соның ішінде элеваторлар, көкөніс және жеміс-жидек сақтау қоймаларын дамыту маңызды бағыт болуға тиіс. Сыйымдылығы 700 мың тонна болатын қоймалар салу мен жаңғыртудың кешенді жоспары қабылданды. Бұл жұмысты ұдайы бақылауда ұстау керек. Біз дәстүрлі өткізу нарықтарын сақтап қана қоймай, түрлі елдердің талаптарына бейімделген икемді жеткізу жүйесін құра отырып, экспортты әртараптандырғанымыз жөн. Өзбекстан, Әзербайжан, Түркіменстан, Қырғызстан және Ауғанстанға жоспарлы түрде астық тасымалдау жұмысы басталды. Иран нарығына кіруге рұқсат алып, 250 мың тонна арпа жөнелттік. Сондай-ақ Қытайға, Еуропа Одағы елдеріне және Солтүстік Африкаға астық жеткізіледі. Теңізбен тасымалдауды арттыру үшін Құрық портында жаңа астық терминалы іске қосылды. Жаңа нарықтардың азық-түлікке сұраныс көлемі ұлғайып келе жатқанын ескерсек, Солтүстік – Оңтүстік және Транскаспий бағыты сияқты халықаралық дәліздердің рөлі арта түседі Қазақстанды Еуразияның негізгі көлік-логистикалық орталығы ретінде құру жөніндегі стратегиялық міндет – менің кейінгі жылдардағы халықаралық деңгейде жүргізіп жатқан келіссөздерімнің басты тақырыбына айналды.
«Бұл мәселеде аталған дәліздерге ыңғайлы жол табу және ішкі логис-тиканы жақсарту өте маңызды. Сондықтан алдағы алты жылда (2030 жылға дейін) біз теміржол желісін ауқымды түрде жаңғыртуды көздеп отырмыз. Он бір мың шақырым темір жолды жөндеп, бес мың шақырымнан астам жаңа темір жол салу жоспарлануда. Қазірдің өзінде «Дарбаза – Мақтаарал», «Достық – Мойынты», «Бақты – Аягөз» және «Алматы қаласының айналма жолы» сияқты ірі жобалар жүзеге асырылып жатыр. Бұл Орталық Азия мен Қытай бағытындағы жүк тасымалының артуына жол ашады. Автокөлік жолдарының желісін дамыту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Мәселен, жыл соңына дейін «Астана – Балқаш – Алматы», «Талдықорған –
Өскемен», «Ақтөбе – Қандыағаш» және «Атырау – Астрахань» автомобиль жолдарының құрылысы аяқталады»
Мемлекет басшысы биыл Қазақстанның экспортқа 12 миллион тонна астық шығаруға мүмкіндігі бар екенін айтып өтті. Бұл – өте көп өнім және зор жауапкершілік. Диқандардың өнімін сыртқы нарыққа шығаруға жан-жақты қолдау көрсету – Үкіметтің басты міндеті. Экспорттық әлеуетімізді арттыра түсу үшін әлемдік нарықта сұранысқа ие бағалы дақылдарды көбірек өсіру қажет. Сонымен бірге ішкі нарыққа өткізудің ұтымды жолдарын барынша пайдалану керек.
Қырық пайызы ауылдарда тұрады
Президенттің айтқанындай, бүгінде халқымыздың 40 пайызы ауылда тұрады. Яғни агроөнеркәсіп кешенінің дамуы бүкіл елдің, әсіресе, ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасына тікелей әсер етеді.
«Сол себепті мен ауылды өркендету ісіне айрықша мән беремін. Бұған сайлау алдындағы тұғырнамада ерекше назар аудардым. Президент сайлауынан кейін алғашқы Жарлығым ауылды дамытуға арналды. Менің тапсырмаммен Үкімет бес жылды қамтитын тұжырымдама қабылдады. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы әзірленіп, жүзеге асырылып жатыр. Қазірдің өзінде нақты нәтиже бар. Биыл 200-ге жуық ауылға су құбырын тарту үшін қаржы бөлінді. Жыл соңына дейін ауыл халқының 95 пайыздан астамы таза сумен қамтамасыз етіледі. Ауылдағы денсаулық сақтау жүйесін жаңғырту үшін арнайы жоба қолға алынды. Бүгінге дейін 140-тан астам нысан салынды. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында биыл 13 ауыл мектебі пайдалануға берілді. Соңғы бес жылда жергілікті маңызы бар 38 мың шақырым жол жөнделді. Маңызды міндеттің бірі – ауыл халқының табысын арттыру. «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы жылдық өсімі 2,5 пайыз болатын шағын несие беріле бастады. Соның нәтижесінде ауылда 16 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылды. Осындай ауқымды жұмыс жалғасын табады. Себебі ауылды көркейту – стратегиялық міндет. Бұрын жабылып қалған кейбір аудандар былтыр менің тапсырмаммен қайта құрылды. Бұл – әсіресе, шеткері орналасқан елді мекендерге серпін беретін қадам», деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев еліміз «Қуатты аймақтар – қуатты ел» қағидасына сай жұмыс істеу керектігін айтты. Себебі мықты мемлекет боламыз десек, ауылды дамыту аса маңызды. «Осы орайда мен баршаңызға үндеу тастағым келеді. Ауыл – бәріміздің алтын бесігіміз. Қалада туып, өмір бойы қалада тұрған қазақтың да тамыры – ауылда. Халқымыздың салт-дәстүрі, тілі мен ділі, бәрі де ауылда сақталған. Жаһандану дәуірінде қазақты сақтау үшін, ең алдымен, ауылды сақтауымыз керек. Мен табысқа жеткен әр адам туған жеріне қамқор болуы қажет деп үнемі айтып жүрмін. Ауылдан шыққан мықты кәсіпкерлер әлдеқайда көп. Мен іскер азаматтарды ауыл-аймақты көркейтуге шақырамын. Адал еңбекпен табысқа жеткен азамат ауылын дамытуға үлес қосқаны жөн деп ойлаймын. Бұл біз үнемі айтатын отаншылдық, елге жанашырлық қасиеттердің нақты көрінісі болары сөзсіз», деді Мемлекет басшысы.
Жастарға өсиет – табыс тек еңбекпен келеді
«Еңбекқорлық пен жауапкершілік ұлтымыздың бірегей болмысына айналуға тиіс. Бүгінде әлеуметтік желілерде әдемі өмір сүру мен оңай олжа табу туралы жарнамалар көбейіп кетті. Бұл халықтың санасына барлық жетістікке қиналмай қол жеткізуге болады деген бос қиялды сіңіреді. Жастардың белгілі бір бөлігі соған сеніп, алтын уақыттарын босқа сарп етуде. Кез келген жетістікке тынымсыз еңбек қана жеткізетіні даусыз. Бұрынғылар «Еңбек бәрін жеңбек» деп бекер айтпаған. Еліміздегі әр азаматтың адал әрі жауапты еңбек арқылы табысқа жеткенін қалаймын. Бұл – азаматтарымыздың өмірлік мақсатына айналуға тиіс. «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» қағидасының мәні де осында жатыр. Мен жастарға сенетінімді үнемі айтып келемін. Ауыл шаруашылығы жастардың өзін танытуына мол мүмкіндік береді деп ойлаймын, — деді Қ.Тоқаев.
Президент атап өткендей, ауылға маман тартудың қаншалықты қиын екенін жақсы білетін шаруашылық басшылары бұл іске ерекше мүдделі. Мемлекет тарапынан ауыл шаруашылығы саласына мамандар даярлауға үлкен көңіл бөлініп келеді. Соңғы жылдары елімізде жетекші шетелдік жоғары оқу орындарының филиалдары ашылып жатыр. Оның төртеуі агроном, мелиоратор, биотехнолог және эколог сияқты ауыл шаруашылығы саласында сұранысқа ие мамандарды халықаралық бағдарламалар бойынша даярлайды. Жалпы, мемлекет пен бизнес ауылдағы барлық мәселені бірлесіп шешуі керек. Агроөнеркәсіппен айналысу үшін ауылға келген жас кәсіпкерлерді бағалаймын. Мемлекет те сіздердің еңбектеріңізді ұмыт қалдырмайды. Жолдауда Үкімет пен барлық мемлекеттік органдар отандық бизнеске, шетелдік инвесторларға жол ашуы керек екенін тапсырған болатынмын. Ауыл тұрғындарына қол ұшын созып, олардың тұрмыс жағдайын жақсартуға атсалысатын кәсіпкерлер мен шаруа қожалықтар мемлекеттің көмегіне жүгіне алады. Олардың инвестициялық жобаларына қолдау көрсетіп, бюрократиялық кедергі келтірмеу керек. Бір сөзбен айтқанда, шаруалармен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеу қажет.
Форум жыл сайын өткізіледі
Мемлекет басшысы Үкімет пен әкімдер жерді табыс көзіне айналдырып, ауылдағы әлеуметтік мәселелерді шешуге атүсті қарайтындарға тосқауыл қоюға тиіс дегенді айтты. Жауапкершілігі мол кәсіпкерлер мен инвесторлар ғана елдегі оң өзгерістердің нағыз көшбасшысы бола алады.
«Сіздер ынтымақ-бірлік пен нағыз патриотизмнің озық үлгісін көрсетіп, ауыл тұрғындарының жағдайын жақсарта бересіздер деп сенемін. Мемлекет сіздерге жан-жақты қолдау көрсетіп, лайықты бағалайды. Мемлекет пен агробизнес арасындағы байланысты жақсарту үшін бүгінгі Форумды жыл сайын өткізуді ұсынамын», деді Қ.Тоқаев.
Қасым-Жомарт Кемелұлы бүгінгі таңда өзекті болып отырған білім беру саласындағы тамақпен қамту, өңірлерді қысқы жылыту маусымына дайындау мәселелерін де атап өтті.
«Келесі жыл – Жұмысшы мамандықтары жылы. Жыл бойы біз нағыз еңбек адамдарын жоғары деңгейде ұлықтайтын боламыз. Бұл қоғамда еңбекқорлық пен кәсібилік құндылықтарын дәріптеу жылы болмақ» дей келе, Қ.Тоқаев марапаттау рәсімін өткізді.
Президент Жарлығымен Ауыл шаруашылығы, тамақ және өңдеу өнеркәсібі қызметкерлері күні қарсаңында елдің агроөнеркәсіп кешеніндегі жемісті еңбегі, отандық ауылшаруашылық инфрақұрылымның дамуына қосқан үлесі үшін бір топ сала өкілдеріне мемлекеттік наградалар табысталды. Атап айтқанда, «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы мен «Отан» ордені «Зенченко және К» серіктестігінің бас директоры Геннадий Геннадьевич Зенченкоға берілді. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы саласының бір топ еңбеккері ІІ және ІІІ дәрежелі «Барыс», «Парасат», «Құрмет», III дәрежелі «Еңбек даңқы» ордендерімен және «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды.
Әзірлеген – Н.Қанатбекұлы.