Ақсу қаласы мен оған қарасты ауылдық аймақтарда құрылысы ұзаққа созылып кеткен әлеуметтік маңызы бар нысандар бар. Олардың құрылысы белгіленген мерзімнен айтарлықтай кешігуде. Бұған не себеп? Тиісті іс қашан аяқталады?
Таяуда Ақсу қаласына жұмыс сапарымен барған аймақ басшысы Асайын Байханов аталған мәселелерді «май шаммен» қарады. Себебі құрылысы сиырқұйымшақтанып кеткен тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандардың қолданысқа берілер күнін күткен адамның қарасы қалың. Айталық, шағын шаһардағы Дөнентаев көшесі, 44 мекенжайы бойынша осыдан бірнеше жыл бұрын көпқабатты баспананың іргетасы қаланған еді. Жоспар бойынша, мұндағы пәтерлер 2022 жылы ел игілігіне тапсырылуы тиіс еді. Алайда әлі күнге дейін пайдалануға берілген жоқ. Асайын Байханов құрылыс алаңына барып, ахуалға талдау жасап, жақында ғана тағайындалған қала әкімі Болатбек Шәріпов бастаған жергілікті билікке 10 желтоқсанға дейін нысанның құрылысын аяқтау және пайдалануға беру жөніндегі нақты жоспарды ұсынуды тапсырды. Облыс әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, бұл көпқабатты баспана тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға «Отбасы банк» АҚ бағдарламалары арқылы беріледі.
Ақсу қаласында құрылысы кешеуілдеп жатқан тағы бір нысан – мұз аренасы. Бір кездері тұралап қалған құрылыс жұмыстары соңғы уақытта қайта қолға алына бастады. Қазір мұнда құрылыс-монтаждау жұмыстарының 95 пайызы орындалып, инженерлік желілер жүргізіліп, аумағы абаттандырылды. Жалпы аумағы 3,7 мың шаршы метр болатын спорт нысаны жыл бойы мұзда жаттығуға мүмкіндік береді. Ал қалада қысқы спорт түрлерімен айналысатын балалардың саны 350-ге дейін жетеді деген жоспар бар.
Үштерек, Алғабас, Еңбек және Пограничник ауылдарындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешендерінің құры-лысы да тұралап тұр. Бұл спорт мекемелерін салуға жауапты мердігерлер өздеріне жүктелген міндетті уақытылы орындамай отыр. Сол себепті оларды жосықсыз мердігер ретінде тану бойынша талап-арыз жұмыстары басталды. Осы жобаларға жан-жақты аудит жүргізу және жоғарыда аталған төрт нысанды 2025 жылы аяқтау бойынша барлық қажетті шараларды қабылдау туралы шешім қабыл-данды, деп хабарлады облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Сонымен қатар, Асайын Байханов ERG компаниясымен жасалған меморандум аясында демеушілік қаражат есебінен іске асырылып жатқан Астана, Ленин, Әуезов көшелеріндегі жарықтандыру жүйесін қайта жаңарту бойынша жұмыстардың барысын тексерді. Бүгінгі таңда қуаты 148 Вт болатын 359 металл тірек пен 343 шамды орнату жұмыстары аяқталып, шамамен 10 км кабель ауыстырылды. Қалалық саябақта, орталық жағалауда, Доспанов көшесінде 40 тірек пен шамды орнату жұмыстары жүргізілуде. Барлық жұмысты 15 желтоқсанға дейін орындау жоспарланып отыр.
Ақсу қаласының су тазарту құрылыстары цехының электрмен жабдықтау желісін реконструкциялау жұмыстары да аяқталуда. Бұл қаланың сумен жабдықтау желі-сіндегі қысымның төмендеуін болдырмау үшін электрмен жабдықтаудың резервтік желісін енгізуге мүмкіндік береді және су қабылдау станциясы сорғыларының үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз етеді. Жобаны іске асыру арқылы соңғы 5 жылда туындаған жүйелі мәселелердің бірін шешуге мүмкіндік береді. Аймақ басшысы барлық жұмысты ағымдағы жылдың 25 желтоқсанына дейін аяқтауды тапсырды.
Асайын Байханов қаланы аралау соңында қазандыққа барып, Ақсу қаласының барлық коммуналдық қызметтерінің қатысуымен кеңейтілген жиналыс өткізді.
— Барлық 265 көпқабатты тұрғын үй мен 44 әлеуметтік нысанға жылу 16 қыркүйекте берілді. Алайда осы уақыт аралығында Ақсу қаласының тұрғындары тарапынан ыстық сумен қамту, жылудың жетіспеушілігі бойынша көптеген шағым келіп түсті. Бұған жол берілмеуі тиіс, — деді аймақ басшысы.
Қазіргі уақытта жылу энергетикасы мамандарын тарта отырып, қаланы жылумен жабдықтаудың гидравликалық параметрлерін теңестіру бойынша жұмыстар жүргізілді. Сондай-ақ, облыс әкімі ағымдағы жылу беру маусымы аяқталғанға дейін Ақсу қаласының жылумен жабдықтау жүйесіне жаңа тұтынушыларды қосуды уақытша шектеу туралы шешім қабылдады.
Өз тілшіміз.
Суреттерді түсірген — Валерий Бугаев.