Облыс әкімі Асайын Байханов азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады. Өңір тұрғындары жер учаскелерін беру, тұрғын үй, коммуналдық шаруашылық, әлеуметтік сала мәселелері бойынша жүгінді.
Айталық, жас спортшылардың ата-аналары Павлодарда көркем гимнастиканың жаттығу процесін ұйымдастыру мәселесін көтерді. Атап айтқанда, спортпен шұғылдануды қалайтын жас өрендерге жайлы жағдай жасауды сұрады. Аймақ басшысы жауапты сала өкілдеріне көркем гимнастикамен айналысуға арналған ғимарат құрылысының жобалық-сметалық құжаттамасын зерделеуді тапсырды.
Ал Тереңкөл ауылының тұрғыны ауылдың су бұру жүйесін жалға беру қаншалықты заңды екенін сұрай келді. Асайын Байханов аудан басшылығына көрсетілген барлық фактілерді тексеруді, берілген уақытша өтеулі жер пайдалану құқығын қайтарып алуды, бұдан әрі ауыл тұрғындарының мүдделерін ескеруді тапсырды.
Сондай-ақ, азаматтарды қабылдау барысында басқа да әлеуметтік маңызды мәселелер қаралды. Кездесу барысында айтылған сұрақтар бақылауға алынды. Қосымша пысықтауды талап ететін өтініштер бойынша жауапты тұлғаларға тиісті тапсырмалар берілді.
Естеріңізге сала кетейік, аймақ тұрғындары қабылдауға e-gov порталы, E-otinish.kz немесе әкімдіктің +77021661661 WhatsApp желісі арқылы жазыла алады.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Суреттерді түсірген — Валерий Бугаев.