Өткен сенбі күні елімізде жаңа Ата заңның жобасы көпшілік талқысына шығарылды. Басты құқықтық құжаттағы толықтырулар мен өзгерістер, қоғам үшін құнды тұстары Достық үйінде облыс әкімі Асайын Байхановтың төрағалығымен өткен облыс активінің конституциялық реформа тақырыбына арналған кеңейтілген жиынында айтылды.
Облыс әкімі еліміздің жаңа Негізгі заң жобасы ұсыныстар мен өзгерістерді жан-жақты талдау нәтижесінде әзірленгенін атап өтті. Көпшіліктің конституциялық реформалар жөніндегі комиссияның отырысын, талқылауды көпшілік БАҚ, әлеуметтік желілер, тікелей эфирлер арқылы қатыса алды.
– Әрқайсыңыз тағдырлы құжаттың мазмұнына қайта үңіліп, оның мәнін терең қабылдады деп сенемін. Конституция жобасы – мемлекет дамуының жаңа тарихи қадамы. Бұл маңызды құжат жекелеген өзгерістермен ғана шектелмейді. Негізгі заң түбегейлі жаңғыртуға жол ашады. Жаңартулардың басым бөлігі халық құқығын кеңейтуге және саяси жүйені институционалдық тұрғыдан қайта құруға бағытталған. Сонымен қатар, Конституцияда алғаш рет Әділетті Қазақстан және Заң мен тәртіп қағидаттары ұсынылды. Бұл – әділдікті, заңдылықты нығайтуға деген ұмтылыстың мықты тамыры. Ұлттың адами әлеуеті мемлекет дамуының стратегиялық бағыты ретінде айқындалды, – деді облыс әкімі Асайын Байханов.
Сондай-ақ, аймақ басшысы этникааралық, конвессияаралық келісімге мән беріліп отырғанына тоқталды. Яғни, оның қоғам мен әлемнің тұрақты дамудың негізі ретінде белгіленіп отыр. Мәдениет пен білім беру, ғылым мен инновацияның еліміздің бәсекеге қабілетті ел болуының басым бағыттары, негізгі факторлары болып айқындалғанын да айрықша атап өтті. Азаматтардың экология мен табиғатқа деген жауапкершілігі де Ата заңда айшықталған.
Естеріңізге сала кетейік, республикалық конституциялық комиссия құрамында өңірімізден облыстық мәслихат төрағасы Илья Теренченко, ҚР Мәжіліс депутаты Вера Ким және Павлодар қалалық мәслихатының депутаты Гүлзира Атабаева болды.
Комиссия жұмысына қатысқан облыстық мәслихат төрағасы Илья Теренченко бұл Ата заңның жобасын талқылауға жарты жылға жуық уақыт жұмсалғанын айтты. Сондай-ақ, ол мемлекет пен қоғамның негізі ескерілетін құжатқа енгізілетін өзгерістерді талқылау барысы барынша ашық түрде өткенін мәлім етті.
– Конституцияның жаңа нұсқасын талқылау және әзірлеу үдерісі айтарлықтай ұзақ – жарты жыл уақыт жүргізілді. Қоғамдық талқылау жұмыс тобы қызметімен ғана шектелген жоқ. Сонымен бірге, e-Otinish және eGov платформаларында «Парламенттік реформа» арнайы бөлімі арқылы ұсыныстар қабылданды. Өткен жылдың қазанынан бастап азаматтардан, сарапшылар қауымдастығы өкілдері мен қоғамдық бірлестіктерден жүздеген ұсыныстар түсті. Жалпы, бұл талқылау Мемлекет басшысы былтыр қыркүйек айында халыққа Жолдауында Парламентті реформалау туралы бастамасын білдірген сәттен басталып кеткен еді, – деді И.Теренченко.
Айтуынша, қолданыстағы Конституция ережелерін қайта қарау бойынша саяси партиялар мен өзге қоғамдық бірлестіктерден 1600-ден астам ұсыныс түсіпті. Сондықтан Конституциялық реформа өткізу және Конституциялық комиссия құру жөнінде шешім қабылданған. Сөйтіп, бүгінде көпшілік талқысына шығарылған жобада Конституция преамбуладан, 11 бөлімнен және 95 баптан тұрмақ. Ал қолданыстағы Ата заң преамбуладан, 9 бөлім мен 101 баптан құралған. Конституциялық комиссияның мүшесі екі жаңа – «Халық кеңесі» және «Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу» бөлімдері қосылғанын атап өтті. Тағы төрт бөлімнің атауы өзгертілмек. Жалпы, 77 бапқа өзгеріс еніп, Конституция 84 пайыз жаңарады.
Ал Қазақстан Журналистер одағы облыстық филиалының төрағасы, облыстық қоғамдық кеңес мүшесі Болат Аманбаев негізгі заңның жобасымен танысып, таразылап, түйіндегенін мәлімдеді.
– Конституцияның преамбуласы, Ұлттық құрылтайда президент тапсырғанындай, «қанша жылдар өтсе де, өзекті болып қала беретіндей» етіп қайта жазылды деуге болады. Алғысөзде Ұлы Даланың мыңжылдық тарихының сабақтастығы көрініс тапты. Президенттің өзі бастамашы болған «Әділетті Қазақстан» құру идеясы мен «Заң мен тәртіп» қағидаттары да преамбулада жазылды. Бұл – қоғамның беталысын жақсылыққа қарай бағыттауды көздейтіні байқалады, – деді Б.Аманбаев.
Сондай-ақ, ол Ата заңымызда алғаш рет адвокатура туралы бап пайда болғанына тоқталды. Адвокаттардың мәртебесін мемлекеттік айыптаушы, яғни прокурорлармен теңестірілмек. Мұны ол мемлекет тек билік жүргізуші емес, азаматтардың құқығын қорғайтын, әділдікке кепіл болатын құрылым деп бағамдайтынын жеткізді. Қолданыстағы Конституция мен қазіргі жоба мәтіндерін салыстыра келе, соңғысының ұғынықты, қатесіз жазылғанын аңғарған көрінеді. Б.Аманбаев заң жобасын талқылау кезінде өңіріміздің әр азаматын пікірін айтып, ел болашағына бейжай қарамайтынын дәлелдеуге шақырды.
Торайғыров университеті ректорының міндетін атқарушы Салтанат Әубәкірова білім, ғылым, мәдениет және инновация жаңа заң жобасында басымдық беріле отырып, ашық-талғанына риза.
– Елдің дамуы мен бәсекеге қабілеттілігі ең алдымен адам әлеуетіне байланысты. Ата Заңымыз-
дың жаңа мәтінінің басты идеясы ретінде білім мен ғылым, мәдениет пен инновация анықталды. Мемлекет адами капиталды, білім мен ғылымды дамытуға басымдық береді. Жоғары оқу орнының өкілі ретінде айтар болсақ, бұл еліміздің білімге және инновацияға негізделген экономика құруға бағыт алғанын көрсетеді. Тағы бір маңызды мағыналық бағыт – цифрландыру. Осыған байланысты Конституцияның жаңа мәтінінде алғаш рет азаматтардың құқықтарын цифрлық ортада қорғау туралы норма бекітілді, – деді С.Әубәкірова.
Жиында облыстық қоғамдық кеңес мүшесі, саясаттанушы Борис Поломарчук заңның жаңа жобасында елде бейбітшілікті нығайтуға бағытталған баптардың маңыздылығын ортаға салды. Яғни, ол бүгінде жылдам түрленетін әлемде өмір сүріп жатқанымызды еске салды. Бір кездері бейжай саналатын бағыттар қазіргі таңда түрлі қақтығыстарға себеп болатын жағдайға жететінін жасырмады. Міне, сондықтан, ол негізгі заңда ұлтаралық келісім мен адамның ар-ожданын қорғау тақырыбының Конституцияда маңызды орын алуы өте дұрыс қадам деп санайды. Яғни, бөлінбей, бірігу арқылы, өзара сыйластықпен елдің іргесін беріктеу қажеттігін атап өтті.
Облыстық қоғамдық кеңес мүшесі, Аққулы балалар және жасөспірімдер спорт мектебі директоры Дулат Әбетжанов Конституциялық реформаның жаңа сипаты, мазмұнды тұжырымдары бүгіннің ғана емес, ертеңіміздің де нақты бағдары деп біледі. Бұл істе әрбір азамат үнсіз қалмай, үлес қосу қажет деп санайды.
Жиынды қорытындылаған облыс әкімі Асайын Байханов көпшіліктің азаматтық белсенділіктері үшін алғысын білдірді.
– Жаңа Конституция жарқын болашақтың темірқазығы болуы тиіс. Соңғы шешімді ел азаматтары республикалық референдумда қабылдайды. Сондықтан барлығымыз бірлесіп, өңіріміздің әрбір тұрғынына жаңа заңды тиянақты түсіндіруге белсенді қатысуымыз қажет. Бұл – біздің азаматтық борышымыз, – деді Асайын Қуандықұлы.
Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.
Суреттерді түсірген — Есенжол Исабек.
