Елімізде мемлекеттік аппаратты жаңғыртудың жаңа жолдары қарастырылуда. Саланың қарқын алуына кедергі келтіретін тұстарды реттеуде заңдық тұрғыдан қолға алынды. Соңғы уақытта осыған бағытталған төрт заң қабылданған. Енді алдағы уақытта осы өзгерістердің нәтижесі байқалмақ.

Бұл өзгерістер жайында аймағымыздың мемлекеттік қызметшілерімен өткен кездесуде ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбаев және облыс әкімі Асайын Байханов кеңінен баяндады. Президент былтыр мемлекеттік қызметті түбегейлі жаңғырту бойынша агенттіктің алдына бірқатар міндет қойған. Соған сай жұмыстар атқарылуда. Д.Жазықбаевтың айтуынша, өткен жылдан бері осы бағытта 4 заң қабылданып, қолданысқа енгізілген. Мәселен, «Цифрландыру, дамыту туралы» заң мемлекеттік қызмет көрсету кезіндегі бұзушылықтардың алдын алу, қызмет алушылардың заңды мүдделерін қорғауға бағытталыпты. Яғни, қызмет алушылар шағымын күтпей-ақ, қашықтықтан мониторинг жасалады. Құқықбұзушылық орын алса, заңдылық орнату тәжірибесі басталды. Өткен жылы аудан әкімдерінің сайлауы жөнінде заң қабылданғаны белгілі. Соған байланысты мемлекеттік қызмет туралы заңға өзгеріс енгізілді. Нәтижесінде сайланған әкімдер сынақ мерзімінен және ротациядан босатылмақ. Сондай-ақ, сайланған әкімдерге лауазымын төмендету тәртіптік жазасы қолданылмайды. Үшінші заң Президенттің тапсырмасы негізінде мемлекеттік қызметке қабылдау және одан шығу тәртібін оңтайландыруға   бағытталыпты. Бұл құжаттағы өзгерістердің біріне келсек, енді оқу орнын мемлекеттік грантпен тәмамдаған үздік студенттер аудан және ауылдық деңгейдегі төменгі лауазымдарға конкурссыз тікелей тағайындалады. Мемлекеттік қызмет мәселелері бойынша өзгертулер мен толықтырулар туралы заңға сәйкес келісімшарттық қызметші деген ұғым пайда болды. Олар мемлекеттік қызметшілер санатына жатпайды. Бұл өзгеріс салалық жобаларды жүзеге асыруда кәсіби мамандарды 1 жылдық келісімшартпен қабылдауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, ротациялық төлем енгізілді. Яғни, өзге өңірге ротацияланған қызметшіге қызметтік пәтер ұсыну мүмкін болмаса, оған пәтерді жалдау ақысы төленеді. Бұрын көп азаматтар осындай мүмкіндіктің жоқтығынан ротациядан бас тартып келген екен. Сондай-ақ, қашықтықтан жұмыс істеу және икемді жұмыс кестесінің нақты тәртібін де агенттік реттейді. Мемлекеттік органдарда басшылар мен орындаушылар санын айқындау да агенттік бұйрығымен реттелмек. Жалақы үшін еңбек өтілін есептеу тәртібін де енді агенттік бекітеді. Бұрын Үкімет құзыретінде болған. Тағы бір өзгеріс, саяси қызметші өз міндеттерін тиісінше орындамаған жағдайда саяси сенімін жоғалтуына байланысты оны жұмыстан шығару мүмкіндігі пайда болды. Жұмыс кестесінің сақталмауы бойынша әкімшілік істерді де бұдан былай агенттік қарайды. Қызметке қабылдау жұмысы толық цифрлық форматқа көшуде. Мұнда адами фактордың әсерін жою көзделген.

— Мемлекеттік қызметшілердің құқығын қорғау — агенттіктің басты міндеттерінің бірі. Мемлекеттік орган-дардың әріптесіне айналмақпыз. Біздің мақсат — жазалаушы емес, көмектесуші әрі мемлекеттік қызметшілердің құқығын қорғайтын мекеме болу. Алда мемлекеттік қызмет аппаратын сервистік аппарат деңгейіне көтеруге бағытталған жұмыстар қамтылады, —
деді Дархан Жазықбаев. Облыс әкімі Асайын Байханов өңірімізде мемлекеттік қызметшілер «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатын ұстанатынын айтты. Осы ретте, өңірімізде мемлекеттік аппараттың тиімділігін арттыруға бағытталған сервистік моделін қалыптастыру жұмыстарының жалғасатынын атады. Бүгінде облыста 2300 мемлекеттік
қызметші еңбек етеді. 88 пайызы — жоғары білімді. Төртеуі – «Болашақ» бағдарламасының түлегі, екеуі – PhD докторы, 11 мемлекеттік қызметші ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясын бітірген. Олардың орташа жасы – 39. Алдағы уақытта облыс әкімі жанынан кадрлық жастар резерві құрылмақ. Агенттік төрағасы мемлекеттік сатып алуларға қатысты түйткіл-дерді шешу, бюрократиялық кедергілерді жою, аудан әкімдерінің құзыретін арттыру бойынша ұсыныстар дайындалып жатқанын мәлімдеді. Себебі, кейде бірнеше шақырым жолды жөндеу үшін министрліктерге тәуелді болып, келесі жылдарға жоспарлап, уақыт жоғалтатын жағдайлар көп, деді. Міне, алда жүргізілетін шаралар осындай олқылықтарды жоюға бағытталмақ. Бұл ретте, облыс әкімі өңірімізде әр ауданға адам санына қарай лимит бөлу жұмысы қолға алынатынын атады. Яғни, аудан басшылығы облыстан қолдау күтпей, кейбір шаруаларды өздері-ақ шешуіне мүмкіндік беріледі.

 

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.

Суреттерді түсірген – Валерий Бугаев.