Елімізде енді коммуналдық мүлікті жекешелендіру рәсімі міндетті түрде жария қоғамдық тыңдау өткізу арқылы іске асады. Жаңа талапқа сай облыстық мәслихаттың экономика және бюджет жөніндегі тұрақты комиссиясы алғаш рет мемлекет меншігіндегі көліктерді жекешелендіруге қатысты қоғамдық тыңдау өткізді.
Қоғамдық тыңдаусыз…
Аталмыш тұрақты комиссияның төрағасы Сандуғаш Қалижанованың мәлімдеуінше, «ҚР жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» заңына енгізілген өзгерістерге сәйкес тұрақты комиссиялардың бастамаларымен облыстық мәслихаттың шешімімен қоғамдық тыңдау өткізеді. Ал жекешелендіру жөнінде шешім тек осы қоғамдық тыңдау ұйымдастырылғаннан кейін ғана қабылданады. Осы рәсімдерді ескерген облыстық мәслихат алғашқылардың бірі болып іске кірісіп кетті. Мұндай тыңдауларда қоғам үшін маңызды мәселелер көпшілік талқысына шығарылып, тыңдалады. Айта кету керек, заңнамаға сәйкес қоғамдық тыңдау өтетін күнге бір ай қалған уақытта БАҚ-та бұл жөнінде хабарландыру жарияланған.
Жиынға облыстық мәслихат депутаттары, облыстық қоғамдық кеңес мүшелері, атқарушы орган өкілдері, тұрғындар қатысты.
Облыстық қаржы басқарма-сының басшысы Жеңіс Шақатовтың мәлімдеуінше, мұндай өзгеріс өткен жылы қыркүйекте заңға енгізілген. Бұған дейін жария тыңдау өткізу заңда көзделмеген. Қазіргі таңда аталмыш басқарманың қарауында жекешелендірілуі тиіс 112 көлік бар көрінеді.
– Мемлекеттік заңды тұлға-лардан, яғни, баланс иелерінен бұл көліктерді сату жөнінде ұсыныс түсті. Себебі, олар 100 пайыз тозған әрі бұдан ары пайдала-нуға жарамсыз. Олардың мұндай жағдайда екені туралы құжаты, сарапшылар кеңесінің қорытындысы бар. Көліктердің басым бөлігі облыстық полиция департаментіне тиесілі, – деді Ж.Шақатов.
Көліктердің 98-і полиция департаментіне қарасты болса, 10 көлік – денсаулық сақтау басқармасына, 2 көлік білім беру ұйымдарына, 2 көлік әлеуметтік қорғау мекемелеріне тиесілі.
Құзырлы органның мәлімдеуінше, көліктер www.e-qazyna.kz мемлекеттік мүлік тізілімінің веб-порталындағы Jekege бөлімі арқылы сатылады. Аукцион екі әдіспен жүргізіледі. Бірінде бағаны арттыру арқылы саудаланса, екіншісінде керісінше, төмендетіледі. Жекешелендіру нысаны алғашқы саудаға бағаны арттырумен шығарылады. Мұнда бастапқы бағасы көліктің бағалау құнына тең болмақ. Ары қарай 10 пайызға өзгертіліп отырады. Екінші саудаға қойғанда баға төмендетіліп отырады. Бұл тұста минималды баға бастапқы құнның 70 пайызы мөлшерінде белгіленеді. Үшінші саудаға 50 пайыз, төртіншіге 30 пайыз, бесінші және одан кейінгілеріне кепілді тозу мөлшерінен төмен болмайтын, яғни, бастапқы құнның 15 пайызы көлемінде қойылады.
Аймақтың бас қаржыгері қаңтарылып тұрған көліктерді жекеге өткізу мемлекеттік меншікті оңтайландырып қана қоймайды, сонымен қатар, қазынаға табыс әкелетінін алға тартты. Мәселен, 2025 жылы 134 көлік сатылыпты. Бір көліктің орташа бағасы 400 мың
теңге болған. Нәтижесінде облыс бюджетіне 55,7 млн теңге түскен. Ал қоғамдық тыңдау арқылы өткізу азаматтардың және мүдделі тараптардың пікірін ескеруге әрі қоғамның жекешелендіру үдерісіне сенімін арттыруға жол ашады деп күтілуде.
Ашықтыққа әкеледі
Осы ойды облыстық мәслихаттың төрағасы Илья Теренченко да қостады.
– Президент әрдайым шешім қабылдау істеріне депутаттар корпусын тартуды жиі айтады. Сондай тетіктердің бірі – қоғамдық ашықтық. Мәселен, бүгін жекешелендіруге қатысты облысымызда алғашқы ашық отырыс өтіп жатыр. Бұл тек бастамасы ғана. Бюджет жөніндегі тұрақты комиссиясы қолға алып жатқаны бекер емес. Себебі, жекешелендіруден түсетін қаражат қазынаға құйылады. Ары қарай тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсарту мақсатындағы жобаларға бағытталады. Бұл бастама мемлекет меншігіндегі мүлікті сатуда ашықтық үшін қолға алынып отыр, – деді И.Теренченко.
Көп жыл қаржылық салада қызмет еткен облыстық қоғамдық кеңес төрағасы Бәкір Демеуов мемлекет меншігіндегі мүліктер бұған дейін де жекешелендіріліп келгенін, алайда мұндай форматта алғаш рет орын алып жатқанын атап өтті.
– Бұл — өте орынды қадам. Өйткені, халық мемлекет меншігіндегі мүліктердің ахуалын біліп, олар қолданыстан шыққаннан кейінгі жайын білуі тиіс. Мысалы, көліктерге келсек, олар әбден тозған, кәдеге жарамайды. Жинап, сақтап отырса, мемлекеттен оны ұстап тұруға қаржы жұмсайды. Демек, тиімсіз, –
дейді Бәкір Саматұлы.
Жеделдеткен жөн
Ал облыстық мәслихат депутаты, «Қазақтелеком» АҚ сервистік фабрикасы-шығыс өңірлік филиалының директоры Сәбиден Мантықов бұлай бюрократиялық кедергілермен әбден тозған көліктерді жоюды созбалыққа салмаудың жолын іздеуді ұсынды. Өзі басқарып отырған мекемедегі тәжірибесімен де бөлісті.
– Полиция департаментіне қарасты көліктерге келсек, 20 жыл-
да тәулік бойы жүйткіген көліктің түгі қалмайды. Қазір сатылымға қойылмақшы көліктердің қаңқасы мен құжаты ғана қалған. Сондықтан оны департаменттен тағы бір мемлекеттік органға өткізіп, ары қарай аукционға салып, уақыт созбай, бірден сату, темірге тапсыру немесе жою жолдары қарастырылуы тиіс. Көліктер мүлдем жүруге жарамайды. Демек, аукцион арқылы сатып алатын адамдардың арғы ойы мүлдем бөлек. Олар құжатын алып, көрші елден әкелген, есепке қоюға келмейтін құжаттарға заңсыз танып, құжаттарды екінші айналымға жібереді. Міне, осындай құйтырқы әрекеттердің жолын кесу үшін полиция департаменті бірден көліктерді есептен шығарып, темірге тапсырып немесе жойып жібергені дұрыс, – дейді С.Мантықов.
Ол мұндай заңсыз жағдайлардың қоғамда барына өздеріндегі есептен шығарылған көліктерді сату кезінде тап болғанын атап өтті. Айтуынша, ескі көліктерді сатуға қойғанда цех басшыларына хабарласып, тек құжаттарын сатуды өтінгендер табылған. Оны Ресейден жеткізілетін, елімізде есепке қоюға келмейтін ескі маркалы көліктерге қолданатындарын ашық айтыпты. Яғни, шетелдік көлікке аукционнан алғанның VIN-кодын енгізе салатын көрінеді. Осыдан кейін аталмыш мекеме көліктерді соңғы бес жылда тізгіндеген жүргізушіге қалған құнын төлеп сатып алуға ұсынуға көшкен. Яғни, бірінші аукцион жүргізушілер арасында, екіншісі «Қазақтелеком» қызметкерлері арасында, үшіншісі өзге де тұлғалардың қатысуымен өткізіледі. Бұл үш кезеңде де өтпегендерін есептен шығарып, металға тапсыруда.
Мәслихат депутаттары құзырлы органдарға заңсыз әрекеттердің алдын алу мәселесіне назар аударуға кеңес берді. Осы ретте, жиынға қатысушылар кәдеге жарамайтын көліктерді бөлшек түрінде сату мүмкіндігін заңнама негізінде қарастыруды ұсынды. Сәбиден Сағитханұлы жылдап департамент қоймасында жатқан көліктер үшін бюджеттің қаржысы жұмсалып жатқанын еске салды. Себебі, көлік жүрмесе де, есепте бар. Демек, ол үшін құзырлы орган сақтандыру, техникалық байқау шығындарын төлеп отырады. Міне, сол себепті көліктерді жою рәсімдерін барынша қысқартып, жеңілдету қажеттігін алға тартты.
– Халық өкілі ретінде мәсли-хаттар қоғамдық тыңдау арқылы ақпаратты тұрғындарға жеткізуде. Байқап отырғанымыздай, жекеше-лендіру мәселесін жеңілдету үшін заңнамалық тұрғыдан өзгерістер қажет екен. Мұндай құқықтық мәселелеріне қатысты заң шығару органы депутаттарымен бірлесіп, ұсыныстар жолдаймыз. Яғни, сату рәсімдерінің ережесіне, регламентіне өзгерістер ұсынылады. Атап айтқанда, тозығы жеткен көліктерді бөлшек, агрегат түрінде сату мүмкіндіктері қарастырылады. Қоймада үш жыл тозығы жеткен көліктердің қоқыс болып үйіліп жатуы дұрыс емес. Қазынаға қаншама шығын. Жалпы, қоғамдық тыңдау арқылы іске асыру халық үшін ашықтық. Жиі өткізілсе, халық та мемлекет мүлкінің қалай сатылып, қалай кәдеге жаратылатынын біледі, – деді Илья Сергеевич.
Қоғамдық тыңдауға келген павлодарлық тұрғын Александр Пачкин 20 жылға жуық аукционға қатысып жүргенін айтты. Бұл шара жайлы газеттен біліпті. Өз ойын білдіруге келген көрінеді. Айтуынша, жекешелендіруге қатысты аукцион өткізілетін жүйе өте ыңғайлы әрі ашық. Қалтаңа қарай таңдауға болатынын алға тартты. Ол кейбір азаматтар қаңқасы шіріп кеткен көлігіне жарайтынын сатып алып, қаңқасын ауыстырып, заңды түрде құжатын реттеп, темір тұлпарына «екінші өмір» сыйлап жататынын мәлімдеді.
Қоғамдық тыңдауға қатысушылар алда мемлекет меншігіндегі ескі көліктерді жекешелендіру рәсімін барынша жеңілдету жолдарын заңнамалық тұрғыда қарастыру қажет деген тоқтамға келді.
Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.
