Кеше Павлодар қаласындағы Мемлекеттік рәміздер алаңында «Қыран елім — Қазақстан» жалпыұлттық акциясы аясында аймағымыздың бас Мемлекеттік туы салтанатты түрде көкке көтерілді. Салтанатты рәсімге облыс әкімі Асайын Байханов қатысты.
Бұл шара азаматтық біре-гейлікті, ұлттық сананы және партиотизмді нығайтуға бағытталған. Сондай-ақ, Ұлттық мерекенің мән-маңызын көпшілікке көрсетуді, «Әділетті Қазақстан – Адал азамат» идеясын насихаттауды көздейді. Салтанатты шараға облыс және қала басшылығы, әскерилер мен құқық қорғау органдары, қоғам және азаматтық сектор өкілдері қатысты. Көк байрағымыздың көкке салтанатты түрде көтерілген сәтіне куә болуға арнайы келген азаматтардың бірі — зейнеткер Төлеген Тоқтасов. Тереңкөл ауданынан облыс орталығына қонаққа келген екен. Орайлы сәтті ұтымды пайдаланып қалуды жөн көрген. Ақсақал Мемлекеттік ту көтерілгенде кеудесін ерекше бір сезім кернегенін атап өтті.
— Көп жыл мемлекеттік қызметте еңбек еттім. Бүгін міне, әсерлі сәтке куә болдым. Отанымыздың көркейгенін тілеймін. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болғанын қалаймыз. Көк туымыз мәңгілік желбірей берсін, — деді ақ тілегін ақтарған атамыз.
Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.