Тыңғылықты істе іркіліс болмайды

Там 7, 2025

Павлодар қаласында инфрақұрылымды дамыту жұмыстары қарқын алып, тұрғындар үшін қолайлы әрі қауіпсіз өмір сүру ортасы кезең-кезеңімен қалыптасып келеді. Соңғы жылдары шаһарда жолдар жөнделіп, жарықтандыру жүйесі жаңартылып, аулалар мен қоғамдық кеңістіктер абаттандырылуда. Сонымен қатар, жаяу жүргіншілер жолы, балалар алаңдары, шағын саябақтар көбейіп, қала келбеті айтарлықтай өзгерді. Мұның бәрі жергілікті билік пен тұрғындар арасындағы ашық диалогтың нәтижесінде жүзеге асырылып жатыр.

Қала көркейіп келеді

Павлодар қаласының әкімі Хасар Хабылбековтің тұрғындармен өткен есептік кездесуі дәстүрлі форматтан тыс, ерекше үлгіде ұйымдастырылды. Бұл жолы шаһар басшысы ұзақ баяндама оқып жатпады. Оның орнына жиналған қауымға қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуын баяндайтын бейнеролик көрсетілді. Онда жыл бойы атқарылған жұмыстар, қаладағы оң өзгерістер мен жаңартылған нысандар, абаттандыру және инфрақұрылым саласындағы жетістіктер нақты деректермен жеткізілді.

Мәселен, биыл облыс орталығында аймақ басшысы Асайын Байхановтың жан-жақты қолдауымен маңызды инфрақұрылымдық және инвестициялық жобалар жүзеге асырылуда.

Негізгі басымдықтардың бірі – жылу желілерін жаңғырту мен қайта құру. Мәселен, ТМ-20а жаңа жылу магистралінің құрылысы жүргізілуде. Ол жылу көзінің өткізу қабілетін едәуір арттырады және қаланың оңтүстік бөлігінде апаттылықты азайтады. Сондай-ақ, PNS-5 сорғы станциясының құрылысы басталды. Сорғы станциясы қаланың орталығы мен жағалау аймағында жылу гидравликалық режимін жақсартады.

Жуырда облыс әкімі жылу беру маусымын уақытылы бастауды және оны сапалы өткізуді тапсырған болатын. Осы орайда су сынақтары жылумен және ыстық сумен жабдықтау желілерінде 223 зақымдануды анықтап, қысқа мерзімде жойылды. Бұл көптеген жыл ішінде алғаш рет үйлерді 20 күн ішінде ыстық сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік берді.

Бүгінде Нұрсұлтан Назарбаев даңғылы бойындағы магистральды су құбырын қайта құру жұмыстары жалғасуда. Биыл қалаға Ертістен тұрақты су жеткізуді қамтамасыз ететін диаметрі 1 200 мм болатын жаңа су құбырының құрылысы аяқталды. Сонымен қатар, кәріз жүйесін жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Горторг, Зеленстрой, Екінші Павлодар және Элеватор шағын ауданында коллекторлар қайта жөнделді. Қамзин көшесінде кәріз жүйесін салу бойынша жаңа жоба іске асырылуда. Бұл Қамзин, Чайковский, Толстой және Катаев көшелерінің қиылысындағы тұрғын үйлерді су басу мәселесін шешуге көмектеседі. Ал электр желілеріндегі апаттылықты азайту үшін биыл 85 қалалық қосалқы станцияда күрделі жөндеу жүргізіліп, 17 шақырым әуе желілері ауыстырылуда.

Павлодарда жолдардың жаңа учаскелері асфальтталады. Сонымен қатар, заманауи технологияларды пайдалана отырып, проблемалық учаскелер жөнделеді. Бұл жабынның беріктігін арттырады. Биыл қаланың 15 көшесінде 40 шақырым жол төселеді. Шұңқырлы жөндеу жұмыстары 70 мың шаршы метр көлемінде жүргізіледі. Қала тұрғындарының өтініштері бойынша тәртіпке келтірілген ауданы 9,3 га автодромға күрделі жөндеу жұмыстары аяқталуда. Абаттандыру шеңберінде 100 аулаішілік аумақтар мен өтпелер асфальтталады. Бірқатар әлеуметтік нысанның аумағы асфальтталған. Оның қатарына 5 мектеп, 8 балабақша, 5 денсаулық сақтау нысаны енген. Одан бөлек, шаһардағы жол-көлік оқиғаларын азайту мақсатында 11 жаңа бағдаршам орнатылды.

Көріктендіру жобалары аясында Орталық жағалаудың құтқару станциясынан бастап Қайырбаев көшесіне және Инвесторлар үйіне дейінгі аумағы дамып келеді. Жағалауда автоматтан-дырылған суару жүйесі іске қосылып, шолу алаңы қайта жаңғыртылды. Баспалдақтар да жөнделіп, тас тақтайшалар мен жарықтандыру шамдары ауыстырылды.

Лермонтов көшесін жаңарту жұмыстары жалғасуда. Жаңа әрі заманауи жоба аясында аталған көшеде демалуға арналған жасыл аймақ құрылады. Сондай-ақ, бұл жоба жаяу жүргіншілер инфрақұрылымын жақсартуды, жолды асфальттауды, құрғақ субұрқақтарды жайластыруды, шағын сәулет нысандары мен спорт алаңдарын орнатуды көздейді.

Бүгінде Павлодар қаласында 158 жаңа балалар алаңы орнатылды. Бұл аулалардың 95 пайызын қамтуға мүмкіндік берді. Келесі жылы бұл көрсеткіш 100 пайызға дейін жетпек. Оған қоса, 30 спорт алаңы мен 14 шағын футбол алаңы жабдықталған.

Қала тұрғындары үшін жайлылықты арттырудың тағы бір жарқын көрсеткіші 18 шағын алаң құру жобасы болды. Бұл жайлы кеңістіктер орталықта ғана емес, шағын аудандардағы павлодарлықтардың үйлерінің жанында да салынуда. Одан бөлек, осы жылы әлеуметтік тұрғыдан осал топтағы
60 отбасына баспана берілді. Биыл пәтер кезегінде тұрған азаматтарға арналған 200-ден астам тұрғын үйді сатып алу көзделіп отыр. Жыл басынан бері «Достық» шағын ауданында 183 отбасы жаңа пәтерлердің иесі атанды. Жыл соңына дейін тағы 144 пәтердің кілті өз иелеріне табысталмақ.

«Жайлы мектеп» жобасы аясында шаһарда «Достық» шағын ауданындағы 1200 орынды және 600 оқушыға шақталған білім ордаларының құрылысы жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар, Ахмет Байтұрсынов атындағы мектептегі 300 орынды қосымша ғимараттың құрылысы аяқталуға жақын. Биыл 9 мектепке, 5 балабақшаға және 3 кітапханаға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

Қала Қазақстан бойынша мәдени және ойын-сауық жобаларын белсенді дамытуда. «Ertis Promenade» басты сахнасында апта сайын жазғы маусымда қазақстандық және әлемдік эстрада жұлдыздарының концерттері өтеді. Облысымыздың дарынды тұрғындарын анықтауға және оларды қолдауға мүмкіндік берген «Ertis dauysy» жобасы айтулы оқиғаға айналды.  Осы бастамалардың нәтижесінде Павлодар қаласы қарқынды дамып келеді.

Өзекті мәселелер екшелді

Қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына арналған бейнероликтен соң, шаһар тұрғындары өздерін толғандырған мәселелерін қала әкіміне жеткізіп, көкейдегі сауалдарына жауап алды. Олар негізінен жол жөндеу, ауызсу сапасы, абаттандыру, қоғамдық көлік пен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері болды. Қала әкімі Хасар Хабылбеков аталған мәселелердің бірқатары оң шешімін табатынын айтып, нақты жоспарларымен бөлісті. Сонымен қатар, тұрғындардан түскен ұсыныстар жергілікті биліктің алдағы жұмыс жоспарына енгізілетінін атап өтті.

Мәселен, Павлодар қаласының тұрғыны Марат Смағұлов №2 емханада гастроэнтеролог мамандардың жоқтығын, соның себебінен ақылы емханаларға баруға мәжбүр екенін алға тартты. Шаһар басшысы бұл мәселені назарға алып, денсаулық сақтау басқармасына маман тапшылығын шешу бойынша нақты тапсырмалар берілетінін жеткізді.

Ал Павлодар қаласына қарасты Жаңаауыл елді мекенінің тұрғыны ауылда әлі де медициналық пункттің жоқтығын тілге тиек етті. Сөзінше, егде жастағы адамдар дертке душар болса, қаладағы емханаларды жағалауға мәжбүр әрі оған жетудің өзі мұң.

— Медициналық көмекті алуға әр азамат құқылы. Алайда біздің елді мекенде әлі күнге дейін медициналық пункт салынбаған, медициналық қызметкер жоқ. Соның себебінен, қарт адамдар денсаулығына қарамастан қаладағы ауруханаларға баруға мәжбүр. Ауылымызда шағын емхана ашылса, нұр үстіне нұр болар еді, — дейді ол.

Бұл сауалға Хасар Айтбекұлы жауап беріп, бұл мәселе бойынша облыстық денсаулық сақтау басқармасымен бірлесіп жұмыс істейтіндерін атап өтті.

Кездесу барысында Лермонтов көшесіне қатысты алып-қашпа әңгімелерге де нүкте қойылды. Көлік жолақтары қысқартылады деген пікірді әкім жоққа шығарып, керісінше, бұрынғы төрт жолақты жүйе сақталып, тек жол қозғалысын ретке келтіру жұмыстары жүргізіліп жатқанын атап өтті. Сондай-ақ, автобус «қалталарының» не себепті алынғанын да түсіндірді. Енді автобустар аялдамаларға тікелей тоқтап, қозғалысын кедергісіз жалғастыра алады.

— Бұл көлік жүргізушілеріне емес, алдымен жаяу жүргіншілерге ыңғайлы болу үшін жасалып жатыр. Мұндай қадам көше бойындағы бизнестің дамуына да оң әсер етеді, — деді қала басшысы.

Айдана БОРАНБАЕВА.