Бүгінде елімізде креативті ойлайтын, тың жобаларды жүзеге асыра алатын, сол арқылы азаматтық қоғамды дамытуға сүбелі үлес қосып жүрген жастар жетерлік. Олардың өзара ой-пікір алмасып, тәжірибемен бөлісуі үшін біздің облыста «Жастар серпілісі» республикалық жастар форумы ұйымдастырылды. Үш күндік жиын барысында түрлі шеберлік сағаттары, тренингтер, экскурсиялар мен мерекелік концерт ұйымдастырылды.
12 тамыз – Халықаралық жастар күні қарсаңында араға ұзақ жыл салып Павлодар облысына еліміздің түкпір-түкпірінен жастар жиналды. Олардың қатарында жергілікті билікте жастар саясатына жауапты мамандар, жастар ресурстық орталығының өкілдері, еңбегімен және талантымен көзге түсіп жүрген белсенділер бар. Жалпы, барлығы 60 азамат айтулы жиында бас қосты.
Жастар бастамаларын дамыту орталығында өткен форумның салтанатты ашылуында сөз алған Мәдениет және спорт министрлігі Жастар және отбасы істері комитеті төрағасының орынбасары Біржан Әлімжанов кең ауқымды форумды ұйымдастырған облыс басшылығына ризашылығын білдірді.
— Павлодар облысы — тек өнеркәсіптік орталық емес, мемлекеттік жастар саясатындағы белсенді көшбасшылар мекені десем, қателеспеймін. Әсіресе, еріктілер қозғалысының түпқазығы осы өңірден бастау алады. Сондықтан жастарға серпін берер форумның дәл осы аймақта ұйымдастырылуы тегін емес деп ойлаймын.
Бірнеше жыл бұрын еліміздің заңнамасына өзгерістер енгізіліп, жас азаматтардың жас шегі 35-ке дейін ұлғайтылғаны белгілі. Қазір елімізде осы жасқа дейінгі 5,7 млн азамат бар. Олардың жағдайын жасап, әл-ауқатын арттыру үшін форумдардың маңызы бар. Себебі мәселелер осындай жерлерде талқыланып, өңір жастарының пікірлері ескеріледі. Таяуда сондай басқосулардың бірінде Қазақстанның жеке жастар күнін белгілеу ұсынылды. Бұл мәселе пысықталуда. Ал әзірше 12 тамыз — Халықаралық жастар күні аясында ел көлемінде 1 мың шараны қолға алдық, — деді Б. Әлімжанов.
Бұл ретте Біржан Әлімжанов жастардың басым бөлігін алаңдататын мәселелерге тоқталды. Сондай өзекті тақырыптардың қатарында Жастар ресурстық орталығы қызметкерлерінің жалақысы да бар.
— Бүгінгі таңда жастарға бағыт-бағдар беріп, олармен тығыз байланыста жұмыс істеуде 2013 жылы ашылған жастар ресурстық орталықтарының орны ерекше. Ел көлемінде мұндай 231 орталық бар. Онда 3 мыңнан астам адам еңбек етеді. Бұл қызметкерлер отандық жастар саясатының ілгерілеуіне сүбелі үлес қосып келеді деп айта аламын. Тек мұндағы бір мәселе — жас маман келіп, тәжірибе жинақтап, біліктілігін толықтырған соң қаржылай тұрғыдағы сұранысы да артады. Бұл – заңдылық. Сол себепті жоғары жалақылы жұмысқа ауысып жатады. Сондықтан оның орнын басар жас мамандарды қайта дайындауға тура келеді. Осы бағыттағы жұмысты жүйелендіру үшін кейбір облыстық әкімдер орталық қызметкерлеріне 70 пайызға дейін ынталандыру үстемақысын беруді қолға алды. Бұл тәжірибені басқа өңірлерде енгізу мәселесі де пысықталуда. Жалпы, бүгінгі таңда аудандық жерлердегі ресурстық орталық мамандарының орташа айлығы 105 мың теңгені құрап отыр, — деді төраға орынбасары.
Біржан Әлімжанов су тасқынымен күрес кезінде қосқан елеулі үлесі үшін бірқатар павлодарлық ұйымға Мәдениет және спорт министрлігінің марапатын табыстады. Олардың қатарында «Біргеміз!» өңірлік фронт кеңсесі, «Қызыл ай» қоғамдық бірлестігі, «AMANAT» партиясы «Жастар рухы» Павлодар облыстық жастар қанаты, Қазақстан халқы Ассамблеясының жастар қанаты, «Vita» қоғамдық бірлестігі, Қазақстан студенттер Альянсы жергілікті өкілдігі және тағы басқалары бар. Сол сияқты еңбегімен, талантымен көзге түскен жекелеген жастар да марапатқа ие болды.
Өз кезегінде облыстық ақпарат және қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Айнұр Раисова форумның жұмысы нәтижелі боларына сенім білдірді.
— Бұл басқосудың «Жастар серпілісі» аталуы тегін емес. Еліміздің әр өңіріндегі белсенді жастар өзара білім мен тәжірибе алмасып, серпін алсын деген мақсатта ұйымдастырылған форумның бағдарламасы салмақты. Шеберлік сағаттары мен тренингтеріне қатысып қана қоймай, біздің өңірдің көрікті жерлерін тамашалай аласыздар. Ертіс-Баян өңірінен естен кетпес әсермен ораласыздар деген үміттемін, — деді А.Раисова.
Ал Павлодар облыстық Жастар бастамаларын дамыту орталығының басшысы Ризат Рахимжанов өңірде жастар саясаты бағытында атқарылып жатқан істерге тоқталып, жаңа жобаларды таныстырды.
— Қазіргі таңда біздің облыста 192 мың жас тұрады. Оларға қызмет көрсетіп, бірлесе әрекет ететін 13 жастар ресурстық орталығы бар. Бұл орталықтар сервистік, модульдік және клубтық бағыттар бойынша жастарға қызмет көрсетеді. Жастар бастамаларын дамыту орталығының есігі үнемі ашық. Қатарластарымыздың қызығушылығына қарай түрлі тақырыптық кештер ұйымдастырылады. Таяуда «Жастар картасы» деген жобаны бастамақ ойымыз бар. Ол белсенді жастарға берілмек. Сол арқылы орталық серіктестері атанған дүкендер, басқа да қызмет көрсету орындарында жеңілдіктер ала алады, — деді Р.Рахымжанов.
Үш күндік форум аясында тұлғааралық байланыстарды орнатуға бағытталған психологиялық тренинг, жастармен жұмыс істеу дағдыларын үйрететін шеберлік сағаттары, облыс орталығының көрікті орындары мен Баянауылға экскурсия ұйымдастырылды. Қатысушылар естен кетпес әсермен өңірлеріне оралды.
Эльмира ЕСІМХАНОВА, «Астана жастары» жастар ресурстық орталығының бөлім басшысы, Астана қаласы:
— Павлодарлық жастар – еліміздің өзге өңірлеріндегі замандастарына үлгі. Көптеген игі бастама алдымен дәл осы облыста бастау алып, кейін ел көлемінде тәжірибе таралған еді. Солардың жарқын үлгісі ретінде «Жасыл ел» еңбек жасағы, еріктілер қозғалысын атап өтуге болады. Қазіргі таңда Астана қаласындағы волонтерлік ұйымдардың жұмысы осы павлодарлық қозғалыстың ісі негізінде құрылған. Сондықтан форум аясында павлодарлық әріптестерімізден үйренеріміз көп.
Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА.