Қазақтың қабырғалы ақыны Қадыр Мырза Әлідей айтсақ, өзге елдің тілін білу адамдық, ал өз тілін білу және құрметтеу адамның азаматтық борышы. Ендеше облыста осы бағытта қандай ірі шаралар, игі жобалар атқарылуда? Облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Медет Тауасқанмен сұхбаттастық.

— Медет Алпысбайұлы, тіл саясатын дамытуда қандай бағыт-тағы жұмыстарға басымдық берілуде? 

— Тіл – мемлекеттің тұғырлы тірегі, халықтың рухани байлығы, өткені мен болашағының айқын көрінісі. Ана тілінің қадір-қасиетін айшықтай білген дана халқымыз оны ұлттың рухына, қазына байлығына балайды. Біздің басқарманың алдындағы негізгі үлкен міндеттердің бірі – мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту, тіліміздің дамуына қолайлы жағдай жасау, өзге этностар арасында кеңінен насихаттау. Қазіргі таңда тіл саясаты бойынша түрлі игі шаралар мен жобалар жүзеге асырылуда. Осыған орай тілдерді дамытуға және тілдік мәдениетті қалыптастыруға негіз болатын маңызды салалардың бірі оқыту болып табылады. Жыл сайын Тұжырымдаманы жүзеге асыру шеңберінде облысымызда, оның ішінде қала, аудандарда ересек азаматтар үшін қазақ тілін тегін оқыту курстары өткізіледі. 2024 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша 1418 адам қазақ тілін оқу курсына тегін қатысты. Мысалы, 2023 жылы 2558 тыңдаушы қамтылған болатын. Қазіргі таңда Павлодар облысы бойынша мемлекеттік тілді меңгерген халықтың үлесі 65,5 пайызды құрайды.

— Оқытудан бөлек қандай ірі жобалар атқарылуда?

— Өңірде мемлекеттік тілді үйретуге бағытталған ауқымды жобалар бар. Атап айтсақ, «Тіл керуені», қызмет көрсету өкілдеріне арналған тілдік «Start up», «Қазақ тілі онлайн курсы» атты жобалар мен түрлі деңгейде облыстық конкурс-                                                               тар іске асырылуда. Басқарманың ұйымдастыруымен қызмет көрсету саласындағы мамандар үшін тілдік «Start up» жобасы жүзеге асырылды. Жоба халықпен үнемі қарым-қатынаста болатын қызмет көрсету саласы мамандарының тілдік мәдениетін арттыру, тұтынушыларға мемлекеттік тілде сапалы қызмет көрсету дағдысын қалыптастыруды мақсат етті. Жастар арасында мемлекеттік тілді насихаттау жөнінде «Көрнекі ақпарат сауаттылығы – баршаға ортақ іс» тақырыбындағы семинар, Түркі тілдес жазбалары күніне орай «Түркі өркениеті: тарих шындығы және бүгінгі көзқарас» тақырыбында облыстық ғылыми-практикалық конференция, «Тіл шебері», «Мемлекеттік тіл – тәуелсіздік символы», «Мен қазақша сөйлеймін», «Жарнама – тіл тазалығының көрінісі» атты облыстық байқаулар мен акциялар ұйымдастырылды. Алдағы уақытта «Тіл жанашыры», жас ақындар арасындағы «Толғауы тоқсан қызыл тіл», өзге этнос жастары арасында «Жүзден жүйрік» атты байқаулар өтетін болады.

— Бүгін, яғни, 5 қыркүйек Қазақстан халқының тілдері күні. Осы атаулы күнге орай қандай шаралар жоспарланған?

— 5 қыркүйек – Қазақстан халқының тілдері күніне орай облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының бастамасымен 1-30 қыркүйек аралығы облыс бойынша «Тілдер айлығы» деп жарияланды. Жалпы, аталған тілдер айлығы шеңберінде өңірде тұратын этнос өкілдерінің мәдениетін, тілін, тарихын және тұрмысын насихаттайтын 200-ден астам іс-шара өтуі тиіс. Сондай-ақ, тілдерді насихаттауға арналған байқаулар, дөңгелек үстелдер, концерттік бағдарламалар мен конференциялар ұйымдастырылатын болады.

Аталған тілдер айлығы ресми түрде ағымдағы жылдың 28 тамызында ашылды. Сол күні «Колос» мәдени ойын-сауық орталығында халыққа қызмет көрсету салалар-ының қызметшілерін ынталандыру мақсатында «Мемлекеттік тілде үздік қызмет көрсету» атты облыстық конкурсы өткен болатын. «Мемлекеттік тілде үздік қызмет көрсету» конкурсының барлық жеңімпаздары мен жүлдегерлері дипломдармен, ақшалай сертификаттармен марапатталды.

— Тіл саясаты жергілікті БАҚ арқылы да кеңінен насихатталып жатқан болар…

— Бұқаралық ақпарат құралдары мен ресми әлеуметтік желілерде тіл саясаты бойынша ақпараттандыру жұмыстары жүргізілуде. Жақында облыстық «Халық радиосында» «Сөз жорға» танымдық радиобағдар-ламасы тыңдармандарға жол
тартқан. Бағдарлама басталғаннан бері 12 шығарылымы эфирден өтті.

Сонымен қатар, You Tube, Facebook, Instagram әлеуметтік желілерінде «Тіл альянсы» арнасы ашылып, тіл саясатына байланысты әлеуметтік-түсіндіру бағытындағы бейнероликтер жариялануда. Қазіргі таңда «Тіл альянсы» You Tube арнаcында 190-ға жуық бейнеролик жарияланған.

Жалпы, алдағы уақытта ана тілімізді дамытуға, қазақ тілінің қолдану аясын кеңейтуге айрықша көңіл бөлінеді. Осы бағытта арнайы қабылданған бағдарламалар мен іс-шараларды тұрақты түрде жүргізу, күнделікті жұмыс барысында мемлекеттік тіліміздің мәртебесін көтеру — бәрімізге ортақ міндет деп санаймын.

— Жақында «Қазақ тілі» қоғамының облыстық филиалына жаңа басшы тағайындалды. Дәл сол уақытта қоғамдық ұйымның президенті Рауан Кенжехан арнайы келіп, бірнеше кездесу өткізді. Алдағы уақытта қандай бірлескен жұмыстар атқарылмақ?

— Иә, «Қазақ тілі» қоғамының облыстық филиалының төрағасы болып кәсіпкер Асылбек Туғанбай тағайындалды. Одан бері көп уақыт болмаса да тіл саясатын дамыту бағытындағы жұмыстарға өз үлесін қоса бастады. Атап айтқанда «Қазақ тілі» қоғамы облыстық филиалының жаңа төрағасын облыстық ономас- тика комиссиясының құрамына енгіздік. Алдағы уақытта осы салада атқарылатын жұмыстардың басы-қасында жүреді. Сонымен қатар, қала, аудан және ауылдарда жүргізілетін көшпелі семинарларды осы «Қазақ тілі» қоғамымен бірлесіп ұйымдастыратын боламыз. Болашақта бұлардан басқа да ауқымды жобаларды бірлесіп атқаруға дайынбыз.

— Сұхбатыңыз үшін рахмет, істеріңіз ілгері болсын!

 

Әңгімелескен – Тілеуберді Сахаба.