10 қазан күні сағат 18.00-де Ақтоғай, Железин және Шарбақты аудандары әкімдерінің сайлауына ұсынылған кандидаттарды тіркеу аяқталды. Сол уақыттан бастап үміткерлер үгіт-насихат жұмыстарын жүргізе алады.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, үш аудандағы әкім-дердің сайлауына барлығы 19 кандидат ұсынылған еді. Олардың қатарында саяси додаға партиялардың атынан түсуді қалаған үміткерлер мен өз-өзін ұсынған кандидаттар бар. 5-10 қазан аралығында сол кандидаттардың құжаттары тексерілді. Нәтижесінде аудан әкімі атануды қалайтын барлығы 10 азамат тіркелді. Атап айтқанда, Ақтоғай ауданында 6 кандидат ұсынылса, олардың тең жартысы тіркеуден өтті. Үміткерлердің қатарында ауданның қазіргі басшысы Қаршыға Арынов, аудандық мәслихат аппаратының басшысы Асхат Ақсақов және жергілікті статистика басқармасының басшысы Сәкен Шаймарденов бар. Железин ауданы бойынша әкім қызметін атқаруға ниет танытқан 8 азамат болған еді. Тіркеудің нәтижесінде 4 кандидатқа саяси додаға түсуге жолдама берілді. Олар – ауданның бүгінгі әкімі Айтуған Шайхимов, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Агроөнеркәсіптік кешендегі Железин ауданы аумақтық инспекциясының басшысы Серік Қаңтарбаев, аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы Наталья Тупицина, облыстық құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Азат Сатабаев. Шарбақты ауданында әкім қызметіне ұсынылған 5 кандидаттың үшеуі – аудан әкімінің орынбасары Сержан Иманқұлов, Есілбай орта мектебінің мұғалімі Жаслан Әбелдинов пен облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Руслан Тілеулесов тіркелді. Жоғарыда аталған кандидаттардың үгіт-насихат жұмыс-тарын жүргізуіне рұқсат берілді.  Бұл бағыттағы шаралар 4 қараша күнгі сағат 00.00-ге дейін жалғасады.

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА.