Әлемде су тапшылығы мәселесі туындады. Тіршілік көзінен таршылық көрмес үшін бүгіннен қамдану қажеттігін көп ел ұғынып, тиісті әрекетке көшкен. Қазақстан да «судың да сұрауы барын» суды пайдаланатын кәсіп иелеріне де, тұрғындарға да түсіндіру үшін түрлі шара қолданбақ. Мәселеге мән берген ел Президенті бір жыл бұрын Су ресурстары және ирригация министрлігін құру жөнінде жарлыққа қол қойды. Содан бері қандай қадам жасалып, нендей іс тындырылғаны туралы өңірімізге келген ҚР Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов қоғамдық ұйымдардың өкілдерімен, тұрғындармен кездесуде баяндап, көпшіліктің сұрақтарына жауап берді.  Жиынға облыс әкімінің орынбасары Әйгерім Қабылтаева қатысты.

 

Үлкен үш бағыт

Министр алдымен бір жыл бұрын құрылған министрліктің атқарған жұмыстары мен алдағы жоспарларын ортаға салды. Айтуынша, бүгінде жұмыс үш бағытта жүріп жатыр.

— Бүгінде министрліктің ұйымдастырушылық жұмыстары толық аяқталды. Бүкіл әлемде су тапшылығы мәселесі өзекті болып отыр. Біздің алдымызда үлкен мақсат тұр. Қазіргі экологияның, климаттың өзгеруіне, су тапшылығының туындауына байланысты суды үнемдей отыра, экономикамыздың тұрақты дамуын қамтамасыз етуіміз керек. Осы ретте, Су кодексінің жобасын әзірледік. Құжат ҚР Парламенті Мәжілісінде қаралуда. Биыл қабылданады деп межелеп отырмыз. 2003 жылы қабылданған құжатта судан пайда табуға басымдық берілсе, жаңа кодекс суды ұтымды, тиімді пайдалана отырып, экономиканың тұрақты дамуын қамтамасыз етуге бағытталады, — деді министр.

Екінші бағыт ирригация жүйелеріне мән беру екенін атап өтті. Көп жылдан бері назардан тыс қалған бұл сала жаңғыртылмақ. Яғни, ирригация жүйесі қалпына келтіріледі. Нұржан Нұржігітов Павлодар облысында іске асырылып жатқан 9 жобны айрықша атады. Оның 8-і биыл, біреуі келесі жылы наурызда аяқталмақ. Нәтижесінде 18 мың гектар жер суармалы алқапқа айналады. Олардың басты ерекшелігі, су үнемдейтін технология қолданылады. Министрлік ирригациялық жобалардың инфрақұрылымын қамтамасыз етеді. Ал шаруалар жаңбырлатып суару жүйесін енгізуі тиіс. Министр, жалпы, Павлодар облысының әлеуеті мол екенін атады. Ертіс өзенінің арқасында Қазақстанда Павлодар, Абай, Шығыс Қазақстан облыстары сумен толық қамтылған. Одан бөлек, Қ.Сәтбаев арнасы арқылы Қарағанды мен Ақмола облыстарына тіршілік көзі жеткізілуде.

— Үшінші маңызды бағытқа келсек, трансшекаралық өзендер бойынша су саясатын нығайту мақсатында келіссөздер жүргізілуде. Себебі, Қазақстанда қалыптастырылатын судың 45 пайызы шетелден келеді. Мысалы, Ертіс өзеніне судың 30 пайызы Қытайдан келеді. Оңтүстік Қазақстанда, мысалы Түркістан, Қызылорда облыстарында 90 пайызға дейін су сырттан алынады. Батыс Қазақстанда Жайық өзеніне де  80 пайыз шеттен келеді. Сондықтан, осы бағытта да ауқымды жұмыстар қолға алынды, — деді Нұржан Молдиярұлы.

Бұл бағыттар аясында 2024-2030 жылдарға арналған су ресурстарының тұжырымдамасы, су саласын дамытудың кешенді жоспары түзілген. Су қоймаларын жөндеу, жаңғырту, жаңасын салу шаралары да қолға алынуда.

 

Қадағалау құзыреті беріледі

Негізгі бағыттарды баяндаған соң министр кездесуге келушілердің сұрақтарына жауап беріп, ұсыныстарына құлақ асты. Мәселен, «Эком» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Светлана Могилюк су пайдалану тиімділігі жеткілікті деңгейде бағаланбайтынына алаңдаушылық білдірді. Яғни, кәсіпорындарға су пайдалануға рұқсат бергенде пайдалану тиімділігі басты назарда болу керек деген пікір айтты. Сондай-ақ, кәсіп иелерін айналымды су жүйесін қолдануға бағыттауды сұрады.

— Бұл бағытта біз, ең алдымен, бассейн инспекцияларының штатын көбейттік. Еліміз бойынша штат қызметкерлерінің қатарын 1,5 есеге арттырып, бүгінде 232 адамға жетті. Осылайша, әрбір облыс орталығында олардың бөлімдері жұмыс істейді. Су ресурстарын реттеу, пайдалану және қорғау жөнінде жеке комитет құрдық. Барлық бассейндік инспекциялар осы комитетке қарайды. Вице-министрге су ресурстарын реттеу және қорғауға қатысты мемлекеттік инспектор мәртебесі беріледі. Одан бөлек, Су кодексінде бассейндік инспекцияларға қадағалау функциясын беруді сарапшылармен, депутаттармен талқылаудамыз. Бұл ой жүзеге асса, кәсіпорын, кәсіпкер суды пайдалануға рұқсат алған соң құжатта көрсетілген нормаларды сақтауға міндеттеледі. Оның орындалуын инспекциялар тексереді, — дейді министр.

Кәсіпорындардың суды айналымдық жүйемен тұтынуы да заң жүзінде талап етілмек. Кодекс қабылданғаннан кейін арнайы ережеде жазылады деп күтілуде. Яғни, құжат қабылданғаннан кейін екі жыл ішінде су пайдаланатын кәсіпорын немесе кәсіпкер суды қайталап немесе айналымдық жүйемен пайдалануға көшудің жаңа жоспарын құруға міндеттеледі. Одан кейін 5 жыл ішінде сол жоспарды іс жүзіне асыруы қажет. Осылайша, 7 жыл жағдайды реттеуіне уақыт беріледі. Автокөлік жуу орындарының ауызсуды пайдалануы да өзекті бүгінде. Президент те осы мәселені тілге тиек еткен еді. Алайда, мұндай бизнес иелерін техникалық сумен қамту мүмкін емес. Сондықтан олар ауызсуды пайдалануға рұқсат алады. Енді жеті жыл ішінде олар да суды қайталап пайдалану жүйесіне көшуі қажет болады. Министр ірі өнеркәсіптік кәсіпорындар бұл жүйені әлдеқашан енгізіп, пайдасын көріп жатқанын мәлім етті.

 

Үнемдеген ұтады

Экологтың тағы бір ұсынысы жаңа су қоймаларын салғанның орнына жабық резервуарлар құрылысын қолға алуға қатысты болды. Айтуынша, аса терең емес су қоймаларына жиналған су буланып, желге ұшады.

— Биыл соңғы 80 жылда болмаған көктемгі су тасқыны су қоймаларының қажеттігін көрсетті. Бұл суды сақтаудың, экономиканың басқа секторларында пайдаланудың жолдарын қарастыруымыз керек. Оған қоса, су тасқынының салдарын төмендету үшін де су қоймаларын салу аса қажет. Әлем бойынша су тапшылығы қалыптасқанын ескерсек, келген суды кәдеге жаратуға күш салғанымыз жөн. Жабық резервуар құрылысы экономикалық тұрғыдан өте қымбатқа түседі. Бәлкім, шағын көлемдегі жабық резервуарларды қарастырып көруіміз керек шығар, — деді Н.Нұржігітов.

Осы орайда, министр суға ұқыппен қараудың маңызына тоқталды.

— Суды қай салада болсын, үнемді, тиімді пайдалануға көшуіміз керек. Тіршілік көзіне балама еш дүние жоқ бұл әлемде. Сондықтан судан таршылық, тапшылық көрмеу үшін су пайдалану мәдениетін қалыптастыруымыз қажет. Үйде балаларды жастайынан соған үйреткен абзал. Қазіргі кезде кәсіпкерлер әуежайлар мен мейрамханаларда сенсорлық экрандар пайдалануда. Яғни, су сарылдап бекер ақпайды. Адамның қолы жақындағанда ғана қажетіңізге жарайды. Су есептеуіш құралдарын орнату көрсеткіші елімізде 80 пайызға жетті, — деді министр.

Суды үнемдеуге қатысты мемлекет тарапынан қолға алынған шараларды атап өтті. Мәселен, ауыл шаруашылығында жаңбырлата суаратын машиналарды қолданатын шаруалар шығынының 80 пайызы субсидияланады. Ал егінін ескі әдіспен суаратындар шығынының 50 пайызы мемлекет есебінен өтеледі. Үш жылдан соң ескі әдіспен жүргендерге берілетін субсидия 30 пайызға түсіп қалады. Керісінше, үнемдеу технологиясын қолдануға көшсе, онда шығынының 85 пайызы субсидияланады. Ауыз суға байланысты да келесі жылдан бастап дифференциалды төлем жүйесі қолданылмақ. Яғни, суды көп пайдаланғандар, сәйкесінше, жоғары тарифпен төлейді. Бұл ретте, әр өңірдің ерекшелігі ескерілмек. Министр су үнемдеу технологияларын енгізу жағынан Павлодар облысы республикада бірінші орында екенін атап өтті.

Субсидия сұрады

Ал Ауыл шаруашылығы қызметкерлері кәсіподағының мүшесі Павел Сурма саяжай ұстайтын тұрғындардың жанай-қайын жеткізді. Айтуынша, су  мәселелеріне байланысты саяжайшылар қатары сиреп келеді. Бұл ретте, Павлодар қаласындағы «Металлург» саяжай шаруашылығындағы жағдайды мысал етті. Мұнда 3500 учаскеден бүгінде 1700 саяжай қалған. 40 жыл бұрын жекенің қолына өткеннен бері су құбырлары жөнделмеген. Оған қоса, биыл судың бағасы үш есеге өскен.  Бұлай жалғаса берсе, табиғи өнім өсіріп, өз күнін көріп отырған аза-маттар саяжайдан алшақтауына тура келетініне алаңдаушылық танытты. Мұның алдын алу үшін саяжайшылардың суға кететін шығынын субсидиялау мүмкіндігін қарастыруды ұсынды.

Министр саяжай учаске-лерінде су пайдалану, тариф түзу саясатын заң жүзінде айқындау қажеттігін атап өтті. Бұл мәселемен монополияға қарсы комитет айналысып жатқанын, өзі басқарып отырған министрлік те қарастыратынын мәлім етті. Субсидиялау мүмкіндігі де талқыланатынын уәде етті.

«Ұлы Ертіс» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Қазымбек Баймағамбетов Шідерті, Ертіс өзендеріне су жіберу мәселелерін қозғады. Министр Н.Нұржігітов Шідерті өзеніне қатысты мәселені облыс әкімі де бірнеше рет көтеріп, оң шешімін тапқанын мәлім етті. 2025 жылға қаржыландыру тиісті деңгейде болмақ.

— Былтыр Ертіс өзеніне жіберілген судың көлемінің аздығынан лиманның тек 30 пайызына жетті. Павлодар облысында 75 мың гектар лимандық аумақ бар. Бұқтырма су қоймасы 95 пайызға толып тұр. Биыл Павлодар облысына 6 млрд текше метрден астам су берілді. Жайылымның орта есеппен 82 пайызына жайылды. Бірақ, Май ауданында 60 пайыз, ал төмендеу жерде орналасқан аудандарда 90 пайызға дейін жетеді. Қыркүйек айының соңына дейін шаруалар шөп шабуды аяқтаған соң тағы су жіберіледі. Себебі, келесі көктемге дайындалуымыз керек, — деді Нұржан Молдиярұлы.

Сонымен қатар, 5-6 жылда облыстағы лимандық суармалы алқаптардың инфрақұрылымын қалпына келтіру көзделіп отыр. Шаруалардың бірі Ертіс-Успен каналының құрылысы ұзаққа созылып, сатып алып, құрастырып қойған жаңбырлата суару машиналарының босқа тұрғанына қынжылыс танытты. Министр бұл жоба екі жыл қаржыландырылмай, тоқтап қалғанын еске салды. Биыл жанданып, жұмыстар келесі жылы толық аяқталмақ. Облыс әкімінің орынбасары Ә.Қабылтаева 2025 жылдың 1 мамырына дейін канал қолданысқа толық беріледі, деді. Іске қосылса, жобаның игілігін 40 шаруа көреді. Нәтижесінде 10 гектар егістік суармалы алқапқа айналады.

Гидролог Антон Чашен Ертіс өзенінің жағаларының опырылып құлап жатқанына алаңдаушылық білдірді. Бұл алдағы уақытта үлкен мәселелерге әкелуі мүмкін екендігін алға тартты. Осы мәселенің мемлекет тарапынан қалай бақыланатынын білгісі келді.

— Ескі кодексте де, жаңа кодексте де «су қорғау аймағы» деген термин бар. Бұл аймақта шаруашылық қызмет жүргізуге шектеу қойылған. Жергілікті билік, жер ресурстары басқармасы өзеннің табиғи құрылымына адами фактордың әсер етпеуіне күш салуы тиіс. Мұнда су ресурс-тарын пайдаланушылардың да жауапкершілігі бар. Кешенді жоспарда жағалардың жағдайы да қамтылып отыр. Арнайы құрал алынып, тексеріледі. Ары қарайғы әрекет айқындалады. Біраз уақыт қажет, — деді Н.Нұржігітов.

Ә.Қабылтаева жағаны бекіту, өзен-көлді тазалау бағытында кезең-кезеңімен жұмыстар жүргізіліп жатқанын мәлімдеді. Алдағы уақытта да жалғасатынын айтты.

Осылайша, кездесуде елімізде су ресурстарын реттеу бойынша алда ауқымды өзгерістер күтіп тұрғанын түсіндік. Ең бастысы, тіршілік көзін үнемдеуде көпші-ліктің үлесі үстем болуы тиіс.

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.