Заң шығару — еріккеннің ермегі емес. Еліміздің басты құжаты саналатын Конституцияның қабылдауына тәжірибелі мамандар атсалысты. Мағыналы ғұмырын еліміздің қалыптасуына арнап, заң шығару үрдісіне үздіксіз қатысқан қоғам қайраткерлерінің бірі — Зинаида Федотова. Қазақстан Республикасының Құрметті заңгері, профессор өткен күндерге оралып, өз естеліктерімен бөлісті.
– Зинаида Леонтьевна, отыз жылға артқа оралайықшы. Жас мемлекеттің Ата Заңының қабылдануы маңызды саяси оқиға болғаны анық.
– Еліміз егемендігін жариялап, Қазақстан тәуелсіз мемлекет ретінде алғашқы қадамдарын жасай бастаған 90 жылдары құқықтың жаңа жүйесін қалыптастыру өте өзекті мәселелердің бірі болды. Себебі, ескірген бұрынғы құқықтық база жаңа қоғамдық-экономикалық жағдайда, басқа мемлекеттік жүйеде жұмыс істемеді. Ең алдымен, жаңа мемлекеттің Конституциясын әзірлеу қажет болды. Бұл тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы қоғамдық қатынастарды реттейтін заңдарды қабылдауға мүмкіндік берді. Ал Конституция жобасын әзірлеу Конституциялық комиссияға жүктелді. Комиссияның құрамына депутаттар, көрнекті ғалымдар, заңгерлер, экономистер, саясаттанушылар және қоғам өкілдері енді. Әр тарауы, әр бабы жан-жақты қарастырылып, мұқият сүзгіден өткізілгеннен кейін Қазақстан Республикасы Конституциясының жобасы 1993 жылғы қаңтарда қабылданды. Дәл осы тәуелсіз еліміздің мемлекеттік құрылысының құқықтық негізін қалап берген құжат егемен Қазақстанның қалыптасуының, қоғамдағы тұрақтылықты сақтаудың, барлық қоғамдық үдерісті реттеудің күрделі кезеңінде құқықтық және саяси акт ретінде өз міндетін толық атқарды деп санаймын. Өйткені, 1993 жылғы Консти-туцияның құқықтық нормалары экономикалық, саяси, әлеуметтік, мәдени салалардағы қоғамдық қатынастарды реттейтін алғашқы нормативтік-құқықтық актілерді қалыптастыру мен дамытудың жаңа құқықтық базасының негізі болып қаланды.
– Сіз осы уақытқа дейін қағазға түскен барлық Ата Заңның тікелей куәгері болған мемлекет қайраткерісіз. 1993 жылы қабылданған Конституцияның араға екі жыл салып өзгеруіне не себеп болды?
– Алғаш рет жүзеге асқан кез келген жобаның кем-кетігі болатыны белгілі. Сәйкесінше, жаңа мемлекет қалыптасуының бастапқы кезеңінде қоғамдық өмірдің бар-лық саласында түбегейлі өзгерістер болды. Бұл ретте, мемлекеттілікті нығайтуды, демократияны дамытуды және азаматтық қоғам институттарын қалыптастыруды қамтамасыз ететін жаңа заңнамалық база құру міндеті тұрды. Құқықтық реттеудің бірқатар мәселесі 1993 жылғы Конституцияда шешілмеген еді. Сондықтан сол кездегі мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Конституцияның жаңа жобасын әзірлеу туралы шешім қабылдады. Осы шешімнің негізінде бірінші Конституцияның проблемалары мен кемшіліктері ескеріліп, 1995 жылғы 30 тамызда бүкілхалықтық референдумда Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы қабылданды. Бұл құжат мемлекет дамуының кейінгі кезеңдерінде оның тиімді құқықтық жүйесін құрудың негізі болды.
– Нақты қандай бағытта өзгерістер орын алды?
– 1995 жылғы Конституция негізінде қабылданған алғашқы заңдар қоғамдық бірлестіктер, саяси партиялар, коммерциялық емес ұйымдар, митингілер мен ереуілдер және басқалар туралы болғанын атап өткен жөн. Олардың барлығы адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қозғайтын қоғамдық қатынастарды реттеуге бағытталды. Конституцияда мемлекеттік биліктің біртұтастығын бекіту және оны заң шығарушы, атқарушы және сот тармақтарына бөлу және олардың желісі мен тепе-теңдік жүйесін пайдалану арқылы өзара іс-қимыл жасау принципіне сәйкес жүзеге асыру маңызды болды. Өткен жылдар Қазақстанның мемлекеттік билік органдарының практикалық қызметінде осы қағидаттардың өміршеңдігін дәлелдеді. Еліміздің даму жолындағы оқиғаларға байланысты Конституцияға бірнеше рет өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Бұл өзгерістер ел басқарудың тиімді, тұрақты, заманауи жүйесін құруға бағытталған болатын. Соған сәйкес мемлекеттік билік тармақтары арасында өкілеттіктер қайта бөлінді, олардың мәртебесі барынша айқындалды. Көптеген конституциялық түзету қазақстандық қоғамдағы демо-кратиялық үдерістерді одан әрі жетілдіруді мақсат тұтты. Өткен ғасырдың 90-шы жылдарының бірінші жартысы сол кезде тәуелсіздік алған басқа мемлекеттер сияқты, Қазақстан үшін де түрлі саяси, әлеуметтік, экономикалық қиындықтарға толы болды. Атап айтқанда, экономиканы жаңа нарықтық жағдайға бейімдеу, қордаланған әлеуметтік мәселелерді шешу, адам құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ету, мемлекеттілікті нығайту, қоғамдағы тұрақтылықты сақтау проблемалары күн тәртібінен түскен жоқ. Өтпелі кезеңнің барлық күрделі міндетін тиімді құқықтық реттеуді қамтамасыз ету өте маңызды еді. Өз басым ел басшылығы, Елбасы таңдап алған, әлемдік практикада сынақтан өткен табысты мемлекет құрудың ең маңызды қағидаттары осы айтылған проблемалардың барлығын оңтайлы шешудің кепілі болды деп санаймын. Жаңа тәуелсіз мемлекет қалыптасуының алғашқы кезеңінде мемлекеттік саясаттың басымдықтары мен негізгі бағыттары айқындалды, сонымен қатар халықаралық тәжірибе Қазақстаның жағдайына бейімделе отырып пайдаланылды. Әрине, жетістіктер де, сәтсіздіктер де болды.
– Құқық қорғау жүйесіндегі маңызды реформалар қабылданған кезеңде басшылық қызметтерді атқардыңыз. Заңдардың қайсысына ерекше тоқталар едіңіз?
– 1995 жылғы Конституция қабылданғаннан кейін құқық қорғау жүйесін реформалау жөнінде бірқатар маңызды саяси және құқықтық шешім қабылданды. Реформалардың негізгі бағыттары Мемлекет басшысының, ел Үкіметінің тұжырымдамалық құжаттарында айқындалды. Реформаның маңызды міндеттері ретінде қылмысқа қарсы күресті күшейту, мемлекеттік органдардың қызметіндегі сыбайлас жемқорлықты жою көрсетілді. Адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға ерекше назар аударылды. Жүргізіліп жатқан реформалардың маңызды қағидаты қылмыстық-құқықтық мемлекеттік саясатты ізгілендіру болды. Осы кезеңде мемлекеттік билік органдарында құқық қорғау жүйесінің заңнамалық базасын қалыптастыру бойынша ауқымды жұмыс жүргізілді. Қылмыстық, Қылмыстық іс жүргізу, Азаматтық кодекстер, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекс, басқа да нормативтік-құқықтық актілер қабылданды.
– БАҚ-қа берген бір сұхбатыңызда «Біз жұмысты сүйіп істедік, ештеңеден қорықпай, жаңа заңдарды қабылдап отырдық» деген екенсіз…
– Себебі, заң жобаларын дайындау, заң шығару кезінде депутаттарға ешқандай қысым болған жоқ. Кез келген халық қалаулысы заң шығару процесінде қабылдаған шешімін еркін, ешкімге жалтақтамай, ештеңеден қорықпай айта алды…
– Қоғамда заңның үстемдігін қамтамасыз ету жайлы жиі айтылады. Осы орайда алдыңғы жылдары күшіне енгізілген Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс реформасы жайлы не айтасыз?
– 2021 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енген Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексі – маңызды қоғамдық қатынастарды реттейтін ерекше нормативтік-құқықтық акт. Бұл – мемлекеттік органдардың ішкі әкімшілік рәсімдерін, сондай-ақ әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібін жүзеге асыруға байланысты қатынастар. Кодексте жеке және
заңды тұлғалардың жария құқық-тарын, бостандықтары мен мүдделерін толық іске асыруды қамтамасыз ету, жария-құқықтық қатынастарда жеке және қоғамдық мүдделердің теңгеріміне қол жеткізу, жария-құқықтық салада заңдылықты нығайту әкімшілік рәсімдерінің міндеттері бекітілген. Әкімшілік сот ісін жүргізудің міндеті – әкімшілік істерді әділ, бейтарап және уақтылы шешуді қамтамасыз ету. Демек тиісті мемлекеттік органдар, соттар осы құқықтық нормаларды бұлжытпай сақтаған жағдайда заңның үстемдік құрғаны туралы тұжырымдап айтуға болады. Кодексте әкімшілік процеске қатысушылардың: талапкердің, жауапкердің, мүдделі тұлғаның және прокурордың құқықтары мен
міндеттері егжей-тегжей ашылып көрсетілген. Әкімшілік рәсімдерге қатысушылардың құқық-тарын, бостандықтары мен заңды мүдде-лерін сәтті іске асыруда судьяларға бірінші сатыдағы сотта әкімшілік істі қарау кезінде үлкен рөл беріледі. Өйткені судья істерді мемлекет атынан жеке-дара қарайды, оған ерекше маңыз бен жауапкершілік беріледі. Осылайша, Кодексте жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін, әкімшілік істерді қарау кезінде мемлекеттік органдардың, судьялардың, лауазымды тұлғалардың қызметін реттейтін маңызды нормалар бекітілген.
– Соңғы жылдары елімізде жүзеге асырылып жатқан саяси реформаларға көзқарасыңыз қалай?
– Қоғамның саяси жүйесін жаңғырту мәселелері ел басшылығы, саяси партиялар мен үкіметтік емес ұйымдардың ұдайы басты назарында болды. Сондықтан Қазақстанның тәуелсіздігі жылдарында бұл бағытта көптеген оң жұмыс атқарылды. Қазіргі таңда әлеуметтік процестер өте белсенді. Сол себепті де біз алға қойған мақсаттарымызға жету жолында тоқтап қала алмаймыз. Кейінгі жылдардағы сыртқы факторлар да қоғамдағы процестерге үлкен әсер етті. Посткеңестік кеңістіктегі және жалпы әлемдегі оқиғалар елдегі жағдайға өз ықпалын тигізбей қоймады. Мұндай серпінді өзгерістер мемлекеттік саясаттың басымдықтарын жедел өзгертуді, заңнамалық базаны жаңартуды, мемлекет пен басқа да қоғамдық институттардың күштерін бірік-тіруді талап етеді.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан – Оралхан ҚОЖАНОВ.