Еліміздің Ата Заңында қоғамдық татулық пен саяси тұрақтылық, бүкіл халықтың игілігін көздейтін экономикалық даму, қазақстандық патриотизм мәселелері кеңінен қамтылған. Жалпы, ел ішіндегі барлық жағдайды реттеп, бағыт-бағдарды айқындайтын да — осы құжат. Бұл ретте, жерлестеріміздің Конституцияда көрсетілген бірнеше салаға қатысты ой-пайымын білуді жөн көрдік.

Зайырлы һәм зиялы ел

Еліміздегі діни ахуалдың жақсара түсуіне, зайырлы қоғамды қалаған ел азаматтарының әрқашан татулық пен достықты дәріптеп, ата-бабаларымыздың дәстүрін жалғастыруында Ата Заңның рөлі ерекше.

Еліміздің басты құжатында ұлттық, діни сеніміне байланысты ешкімді кемсітуге болмайтыны анық жазылған. Осы көзқарастары бойынша арандатушылыққа барып, ел ішінде іріткі салуға да қатаң тыйым салынған. Жалпы, Ата Заңдағы басты құндылық – адам. Оның бостандығы, құқығының қорғалуы бәрінен жоғары тұрады. Мемлекетіміздегі діни  ұстаным қоғамның бойына зайырлылық пен зиялылықты, имандылық пен салауаттылықты, ұлттық дәстүрмен рухани құндылықтарды дәріптеп, оларды этносаралық және  конфессияаралық қарым-қатынастарды құрметтеу мәдениетіне, дүниетанымдылық пен төзімділікке және этикалық әдеп-тілікті қалыптастырады. Оның түп-тамыры осы Конституцияда жатыр.

Жолдас қажы ҚОСПАҚҰЛЫ, Павлодар облысының бас имамы.

 

Құжатқа құрмет — баршаға міндет!

Еліміз Тәуелсіздік алған сәттен бастап алыс-жақын шетелдерден көптеген қазақтар атажұртына ағылуда. Олар ҚР-ның азаматтығын алып, Отанымыздың өсіп-өркендеуіне өз үлестерін қосуда. Бүгінде қандастар мемлекет тарапынан өзіне тиесілі әлеуметтік көмектерге өзгелермен тең құқықта қол жеткізіп отыр.

Ата Заңымызда белгіленген бостандықтар мен құқықтардың арқасында барша қазақстандық еркін өмір сүріп, өз мүлкін заңсыз әрекеттерден қорғауда. Соған сай, ел тұрғындары да өзінің іс-әрекеті үшін жауап беріп, елдің құндылықтарын сақтауға міндетті болуы тиіс. Тәуелсіз Қазақстанның Конституциясында қазақ тілі — мемлекеттік тіл екені тайға таңба басқандай етіп көрсетілген. Сол үшін оның мәртебесін көтеруге үлес қосу әр азаматтың парызы болуы тиіс. Бұл ретте, адамның адам болып қалыптасуы үшін ата-аналардың рөлі зор. Әрбір ата-ана өз отбасында қазақ тілінің қажеттілігін түсіндіріп, баласын елін сүюге баулып, еңбекқор етіп тәрбиелесе, бұл Отанға деген нағыз құрметтің белгісі болар еді.

Болат ЗАУЫТ,  «Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы» республикалық қоғамдық бірлестігі облыстық филиалының директоры.

 

Отан қорғау — ұлы іс

Мемлекеттің басты қазынасы — адам екендігі Конституцияда анық жазылған. Конституция —  оқушылардың тегін оқуына кепілдік береді.

Балалар – қоғамымыздың ең әлсіз және қорғансыз бөлігі. Сондай-ақ, болашақ маман иелеріне де жағдай жасалуда. Мәселен, биылғы оқу жылынан бастап, колледж және жоғары оқу орындары студенттерінің шәкіртақысы өспек. Осы ретте соңғы уақытта жастар арасында өзекті мәселелердің бірі – әскерге баруға айрықша тоқталып өтсем деймін. Себебі, бүгінде кей жастарымыз осы абыройлы міндетінен бас ала қашып жүр. Ал түптеп келгенде, Ата Заңның 36-бабында Қазақстан Республи- касын қорғау — оның әрбір азаматының қасиетті парызы және міндеті әрі республика азаматтары заңда белгіленген тәртіп пен түрлер бойынша әскери қызмет атқарады деп анық көрсетілген. Демек, туған жерді, елді, атамекенді қорғау –
қасиетті борыш. Өскелең ұрпақ осыны қаперінде ұстаса екен дейміз.

Санира ЖҮСІПОВА, «AMANAT» партиясы Павлодар қалалық филиалының атқарушы хатшысы.